Қоғам • 18 Шілде, 2019

Бішкекте БАҚ-тың қоғамдағы рөлі талқыланды

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

17-18 шілдеде Бішкек қаласында Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бастамасымен «Бұқаралық ақпарат құралдарының цифрлық трансформация жағдайындағы еркіндігі және пікір алуандығы» атты 21-ші Орталық Азиялық БАҚ конференциясы өтті.

Бішкекте БАҚ-тың қоғамдағы рөлі талқыланды

Конференцияда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан және Монғолиядан келген БАҚ тілшілері, азаматтық қоғамның өкілдері, медиа саласындағы халықаралық сарапшылар қазіргі уақыттағы ғаламторлық технологиялық өзгерістерге – ақпараттарды жеткізудің  цифрлық жүйеге өтуіне байланысты туындап отырған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ конференция жұмысына Қырғызстанның Сыртқы істер, Мәдениет, ақпарат және туризм министрліктерінің өкілдері қатысты.

Негізгі баяндаманы ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир жасады. «Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында болған конференцияда біз Орталық Азиядағы бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін талқылаған едік. Соңғы мезгілде бұл бағытта жағдайдың жақсарғанын біз байқап отырмыз. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарын қорғаудың қажеттілігі бар», - деді  Дезир мырза. Ол өзінің ақпараттық сайттардың құрсаулануына және журналисттердің еркіндігінің шектелуіне орай бірнеше рет Орталық Азия өлкелеріндегі мемлекеттік органдарға қайрылуға мәжбүр болғанын белгілеп өтті. «Орталық Азия мемлекеттері ЕҚЫҰ-ның мүшелері болып саналады, сондықтан олар журналисттердің еркіндігін сақтауға міндетті», - деп тұжырымдады сөзін ЕҚЫҰ-ның өкілі.

Жиында талқыланып жатқан мәселелерге өз пікірін білдірген Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманғұлов өлкеде сөз еркіндігінің едәуір жақсы деңгейде екенін белгілеп, ғаламтор желісінде жағымсыз үрдістердің жаралып жатқанын белгілеп өтті. Атап айтқанда, әрқандай фейк (жалған) мәліметтердің жариялануы кеңірі етек алды. Журналисттерді орынсыз қаралайтын троллдар пайда болды.

Қырғызстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нуран Ниязалиевдің айтуында, Қырғызстан үшін де, шектес аумақтағы өлкелер үшін де жалған жаңалықтар және ғадауаттар бүгінгі күнде ғаламтордағы көкейкесті проблемалар болып отыр.

Жиында Орталық Азияның әр тарапынан келген БАҚ өкілдері және сарапшылар өз өлкелеріндегі ақпарат таратудың жай-күйін баяндап, оны жақсартудың жолдарын бойынша пікірлерін ортаға салды.

Тәжікстандық «Азия плюс» порталының директоры Зебо Тажибаева өз өлкесінде ғаламторлық ақпарат бұлақтарына шектеу күшейіп жатқанын хабарлады. «Бұл аз болғандай, VPNдер (виртуал жеке желілер) де жабылуда. Тәжрибелі қолданушылар әртүрлі бағдармаларды көшіріп алу арқылы ақпарат алуға мәжбүр болуда»,- деді ол.

Екікүндік конференцияда «БАҚ-тағы плюрализмге цифрлық дамудың әсері», «Онлайн-БАҚ-ты реттеу және пікір білдіру еркіндігін қорғау», «Орталық Азияда пікір білдіру еркіндігі саласындағы үрдістер», «Босқындар істері - Римдік хартия жөнінде мәлімдеу», «Аумақтағы БАҚ еркіндігі саласындағы жағдайды шолу» және басқа тақырыптар бойынша пікір алысу өтті.


Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін. 

Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы

Суреттер автордікі