Шапағаты мол ынтымақтастық
Сенбі, 6 сәуір 2013 2:05
Қарағанды аймағының табиғи қазынасы аса бай екені мәлім. Соған байланысты өркендеген өндірісінің одан сайын дамуына мүмкіндік кең. Әсіресе, темір, марганец, көмір және мыс кені көздері тау-кен металлургия кешенін облыс экономикасының басты тірегіне айналдырып отыр. Өңірдегі өнеркәсіптік өндірісі жалпы көлемінің 70 пайызы осы салаға тиетіндігі соны көрсетеді.
Сенбі, 6 сәуір 2013 2:05
Қарағанды аймағының табиғи қазынасы аса бай екені мәлім. Соған байланысты өркендеген өндірісінің одан сайын дамуына мүмкіндік кең. Әсіресе, темір, марганец, көмір және мыс кені көздері тау-кен металлургия кешенін облыс экономикасының басты тірегіне айналдырып отыр. Өңірдегі өнеркәсіптік өндірісі жалпы көлемінің 70 пайызы осы салаға тиетіндігі соны көрсетеді.
Кейінгі жылдарда пайдалы қазбаларды игеруге белсенділікпен қатысып жүрген қомпаниялардың қатарында «ENRC Kazakhstan»-ның орны бөлек. Әлемдік экономикадағы қиындық салқыны шарпымай өтпей жатса да жобаланған міндеттерге қол жеткізілуі олқы еместігін былтырғы жұмыс қорытындысы айғақтаса, биыл да белгіленген межеден көріну көзделген. Мысал үшін «Шұбаркөлкөмір» кенішінде отын өндіру көлемін жыл аяғына дейін 8,6 миллион тоннаға ұлғайту орындалатын іс саналады. Сапасы жоғары көмірі елімізден тысқары жерлерге де өте өтімді аталған кеніш жанындағы кентке Арқалықтан темір жол тартылуы енді құлашты тіпті кеңге серметкелі тұр.
Корпорация сонымен бірге, Индустрияландыру картасына енгізілген облыс аумағындағы 2 ірі жобаны іске асыруды жалғастыра түсуде. Бұлардың біріншісі «Шұбаркөлкөмір» АҚ кәсіпорындарында кокс газын пайдаға жарату арқылы электр қуатын өндіруге, ал екіншісі жылына 300 мың тонна кокс шығаратын зауыт салуға арналған. Экономикалық тиімділігі жағынан маңызды жобалар деп есептеледі. Мәселен, соңғысы металлургия өндірісі үшін әзірге көрші елдерден әкелуге қымбатқа түсіп отырған арнаулы кокс тапшылығын жоюға жағдай жасайды. Мұның сыртында оған экспорттық баға көтерілу мүмкіндігі жаңа зауыт келешегіне үлкен үміт туғызады. Корпорация қанаты астындағы Жәйрем кен байыту комбинаты, «Қазмарганец» кен басқармасы өндірістік буындары тынысын кеңейту бағытында атқарылудағы істер және аз емес.
«ENRC», яғни Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы өз еңбеккерлеріне әлеуетті әлеуметтік жағдай қалыптастыру бойынша игі шараларға да зор мән береді. Бұл ретте облыстық әкімдікпен өзара ынтымақтастық жөнінде жасалатын дәстүрлі келісім-шарттардың шарапаты мол тиіп жүр. Жақында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев пен ENRC PLC бас атқарушы директоры Феликс Вулис қол қойған осындай меморандумда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт саласын қолдауға, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға көмек-қамқорлыққа 587 миллион теңге бөлінуі көрсетілді. Ол ағымдағы жылы Қарқаралы қаласындағы мүгедектерді оңалту орталығы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, Нұра ауданының Баршын, Жарасбай, Кертіңді ауылдарында жаңа спорттық алаңдар салу, бірнеше елді мекен инфрақұрылымын жетілдіру сияқты істерді атқаруды қолға алатын болды.
Белді де беделді компанияның әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән беру, тұрғындар мүддесіне ортақтастық, соған орай ынтымақтастыққа ықыластылық шапағаты жылдағыдай өңір өміріне молынан төгіледі .
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.