Кәсіпкерлік – кемелдену кепілі
Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:40
Бүгін Астанада Қазақстан Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтеді
Игілікті іске негіз көп
Дамыған елдердің экономикасының басым бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайтыны белгілі. Біздің елде де соңғы жылдары кәсіпкерліктің келешегін кемелдендіре түсудің сәтті қадамдары жасалуда. Бұл өңірлік экономикалық дамуға да соны серпін беріп келеді.
Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:40
Бүгін Астанада Қазақстан Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтеді
Игілікті іске негіз көп
Дамыған елдердің экономикасының басым бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайтыны белгілі. Біздің елде де соңғы жылдары кәсіпкерліктің келешегін кемелдендіре түсудің сәтті қадамдары жасалуда. Бұл өңірлік экономикалық дамуға да соны серпін беріп келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті жан-жақты қолдаудың Үкімет қызметінің бірден-бір маңызды бағыты болуы қажеттігін қадап айтуы да сондықтан. Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында «Мен Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Қазақстан азаматтарының өмір-тіршілігі қауіпсіздігіне тікелей ықпал етпейтін барлық рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алып, оларды хабарландырумен ауыстыруды тапсырамын» деп айрықша атап өтті. Шындығында да шағын және орта бизнесті тап осылай ғана дамытуға болады. Қазір әкімшілік кедергілерді қысқарту үшін барлық рұқсат беру құжаттарын оңтайландыру және инвентаризациялау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Лицензия мен рұқсат құжаттарын 30 пайызға дейін қысқартуға ұсыныс берілді.
Біздің облысымызда да жыл өткен сайын шағын және орта бизнес серпінді дамып келеді. Бұл өңірдің ішкі рыногын тауарлармен, жұмыстармен және қызметтермен толтыруға ықпал етіп, салалық және аумақтық монополияның өсуіне кедергі болуда, іскерлік топтар арасында лайықты бәсекелестік қалыптастыруда.
Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді нысандарының саны 33,7 мың бірлікті құрады. Шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін азаматтар саны 117,2 мыңға жетіп, 2011 жылмен салыстырғанда, 4,2 пайызға артты. Шағын және орта бизнес нысандары өндірген өнімдер, орындалған жұмыстар мен қызметтер көлемі 380,7 миллиард теңге болды. Сөйтіп 2011 жылға қарағанда 2,4 пайызға өсті. Олардан бюджетке 107,7 миллиард теңге төлемдер түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 28,2 пайызды құрады. Ал, бұл салада жұмыс істейтіндердің үлесі экономикалық белсенді тұрғындардың 27,0 пайызы болды.
2012 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша облысқа республикалық бюджеттен 1824,8 миллион теңге бөлініп, бұл қаржы 99,0 пайызға игерілді. Осы кезеңде аумақтық үйлестіру кеңесімен 154 шағын және орта бизнес нысандарының тапсырыстары мақұлданып, бағдарламаның барлық бағыттары бойынша қолдау көрсетілді. 154 кәсіпорында 5,7 мыңнан астам адам еңбек етуде. Осы нысандарда тағы да 2,4 мың жаңа жұмыс орынын ашу көзделуде. Олардан 3,2 миллион теңге салық төлемдері аударылды. Бағдарламаның төртінші бағыты бойынша шағын және орта бизнестің 5 кәсіпорнының басшылары «Назарбаев Университеті» АҚ базасындағы бизнес мектебінде оқыды, 17 кәсіпкер «Іскерлік байланыстар» әліппесін игерді, олардың сегізі Германия мен АҚШ-тың кәсіпорындарында тәжірибеден өтіп келді.
Кәсіпкерлердің пікірлері бойынша, үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы өз істерін жүргізуге үлкен көмек, ал Қазақстанның индустрияландыру картасы жобаларды жүзеге асырудағы өзіндік GPS-навигатор болып табылады. Еліміздің индустрияландыру картасына 632,8 миллиард теңге болатын 73 ақтөбелік жоба енгізілді, бұл жобалар жүзеге асқанда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 3 жылда 64 жоба пайдалануға беріліп, 188,3 миллиард теңге инвестиция игерілді, 5 мыңнан астам адам еңбекке тартылды. Бағдарлама жүзеге асырылатын алғашқы бес жылда жалпы құны 1 триллионнан астам теңге тұратын 100 нысан іске қосылып, металлургия өнімдері үш, химия саласының өнімдері екі еселенетін болады, металл және химия өнімдерін экспортқа шығару анағұрлым артады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын ашу есебінен аумақтық өнім көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13,0 пайызға дейін артады, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,5 есе, облыстағы аймақтық өнім көлемі 2015 жылға екі есе өседі. Сондай-ақ, біздің аймақта өңдеу секторында жоғары технологиялы бірқатар кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді.
Үстіміздегі жылы Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген жалпы құны 239,0 миллиард теңге болатын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындарда 1 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан басқа 18,6 миллиард теңге тұратын 14 инвестициялық жоба іске қосылып, 600 адам жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Қазір олардың бастамашылары индустрияландыру картасына енгізу үшін құжаттарын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне дайындауда. Осылай 2013 жылы 130,0 миллиард теңгенің 17 жобасы жүзеге асырылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
«Өнімділік-2020» Бизнестің жол картасы-2020», «Экспорттаушы-2020» бағдарламалары аясындағы нақты мемлекеттік қолдау шағын және орта бизнеске тек инвестиция тартуға ғана емес, олардың интеллектуалдық мүмкіндігін молайтуға, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердің бизнес қауымдастығымен бірге қадам басуына көмек береді. «Өнімділік-2020» бағдарламасына облыстың жеті кәсіпорны қатысуда. Олардың үшеуі «Қазақстан индустриялық даму институты» АҚ-тан қолдау тапты, екеуінің құжаттары қаралуда, ал, екеуі бағдарламаға қатысуға құжаттарын дайындауда. Осы акционерлік қоғам бес компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Ақтөбе» ӘӨК» ҰК» АҚ-пен бірлесе отырып, бағдарламалардың тетіктерін түсіндіру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Сондай-ақ, біз «Экспорттаушы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нақты жұмыс істеудеміз. Экспорттаушылардың аймақтық кеңесі құрылды, оларды қолдаудың 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, бекітілді, шикізаттық емес экспортты мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілуде, өткен жылы Әзербайжанның астанасы Бакуге және Татарстанның астанасы Қазанға сауда миссиясы ұйымдастырылып, кәсіпкерлер іскерлік байланыстар орнатты. Биыл мұндай сауда миссиясын Башқұртстанға және Ресейдің Калуга қаласына ұйымдастыру жоспарлануда. Міне, осының барлығы экономикалық ілгерілеуге игілікті негіз қалайды деген сенімдеміз.
Марат БАЛМҰХАНОВ,
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және
өнеркәсіп басқармасының бастығы.