– Кәкен аға, жалпы журналистиканың атқаратын қызметі мен міндеті туралы сіз бірқатар ғылыми еңбек, монография жаздыңыз, ал соның ішінде бүгінгі заманауи журналистикада айрықша байқалып отырған екі міндетін алабөтен атап айту керек сияқты: бірі – қоғамды ақпараттандыру болса, бірі – қоғамдық пікір қалыптастыру. Бірақ осыншама ақпараттық тасқынның арасынан шындықты тану күннен-күнге қиындап барады, оқырманға маман ретінде өз кеңесіңізді айтыңызшы: сапалы ақпаратты қалай ажыратамыз?
– Журналистиканың бұрынғы да, қазіргі де, өзіңіз айтқандай, заманалы сипаты табиғат, жаратылыс құбылысымен қабысып, үйлесім тауып жатыр. Расында да, оның қызметін қоршаған әлемді тану, сараптау, фактіні ақпаратқа айналдыру қабілетіне қарап, ақпараттық, насихаттық, ағартушылық, реттемелік, гедонистік-көңіл көтерушілік деп тізбектей беруге болады. Оны кәсіп ретінде айшықтай түсетін алуан қыры уақыт пен кеңістік ауқымында бедерленеді. Алайда осыншама функцияның арасынан екеуі ерекше дараланып көрінеді, ол – офлайн басылымдардағы ағартушылық миссия және радио мен телевизиядағы көңіл көтерушілік бағыт. Ақпараттандыру жалаң дерекке ғана арқа сүйеп, аудиторияға әрсіз күйін де жол тартса, ол жұртшылықтың көкейіне қонбайды, санасына сіңбейді. Қазіргі әлемдік медиаөндірісте ақпарат тауарға, тауар болғанда, көз тартатын, менмұндалайтын бұйымға айналды. Журналист образды ойлауға ден қоя бастады. Дәмі тіл үйіретін кондитерлік тәттінің, хош иісі бойыңды балқытып өтер әтірдің дизайнын көз алдыңызға елестетіңізші. Ол бір жағынан – ақпарат, екінші жағынан – жарнама. Әнекей, дерек пен оқиғаның үстіне ілгені, дресс коды да осылайша өз бойына жарасып тұрғаны жөн. Міне, «мен әдемімін, көріңдер, алыңдар» деген ақпарат қана оқырманды елең еткізеді, көрерменнің назарын аударады. Ел сатып алады. Басқаның қолында жоқ эксклюзив тауар дегеніңіз, міне, осы. Мен шетелдерге, әсіресе Еуропа елдеріне жиі сапар шектім. Мерзімді басылымдарының, радио-телевизиясының контенттеріне, мазмұндық-пішіндік әдістеріне алдымен назар аудару кәсіби дағдыма айналған. Байқағаным, олар ақпаратты дәл осы сипатта ұсынады. Көркем, образ, келбет пен сымбат. Жұтынып тұрады. Ал «бәлен жерде осындай шара өтті» деген құрғақ хабардан келіп-кетер дәнеңе жоқ, санаңда із қалдырмай өте шығады. Жалаң ақпаратты қалай көркемдеуге болады? Әрине ең бірінші тілдің қызметіне жүгінесің. Одан өзге дыбыс, бейне құралдары да журналист ақпаратын жасандыруға қызмет ететін құралдар. Тегінде адам табиғатының өзі сұлулықты ұнатады, көркемдікке ұмтылып тұрады, жаратылыс заңы солай. Ең бастысы, ақпарат тасқынының басы-қасында отырған журналистика ғылымы мен практикасы ағын су секілді өзін өзі тазалап отырады. Басқа пән, басқа мамандықпен салыстырғанда, журналистиканың бәсі дәл осы жағынан жоғары.
– Қалай айтсақ та, қазақ журналистикасы әдеби, көркем тілге, өткірлікке, тапқырлыққа негізделе қалыптасты. Мұны бүгінде саналы түрде теріске шығарып, журналистика тілін жұтаңдыққа қарай бастап бара жатқандардың қатары молығып келеді. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?
– Бүгінгі журналистика тілінің қасаң тартып бара жатқанын қанша жылдан бері айтып та, жазып та, мәселе етіп көтеріп те келе жатырмыз. Бірақ оны түзетуге шамамыз жетіңкіремей тұр. Неге? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ауылдағы мектептерде әдебиет пәні бұрынғыдай оқытылмайды. Баяғы бізді әлдилеген әжелер мен көкірегі жыр-дастан қарттар қазір жоқ. Дәл осы жерде жаратылыс сырын талқылаған алты еврей туралы бір тәмсіл айтайын. Мұса-Моисей: «бәрі ана жақтан», – депті сұқ саусағын зеңгір көкке шаншып. Сүлеймен-Соломон: «бәрі мынадан басталады», – деген екен алақанымен маңдайын сипап. Содан кейін Айса-Иисус: «Жоқ, бәрінің кілті мына жерде», – депті алақанымен жүрек тұсын басып. Маркс келеді де: «жоқ, сендердің бәрің де қателесесіңдер, бәрін билейтін мынау», – дейді қарнын шартылдатып. Мұндайда Фрэйд қарап қала ма: «бүкіл адамзаттың түпкі мұраты біреу ғана», – дейді кіндіктен төмендеуді барлап. Соңында Эйнштейн тұрып айтқан екен: «бәріңдікі қате, себебі бәрі де салыстырмалы». Алты еврейдің айтқанына менің қосарым, бүгінде бәрі компьютерге тәуелді. Аузыңа салсаң, бал татитын, буын-буыныңды бойлап, шымырлатып ап кетер байырғы көркем тіл әлеуметтік желінің қарадүрсін лепесімен тайталаса алмай, тасада қалып кете ме деп қорқамын. Талай жылдардан бері оқытушы болып келемін, аудиторияда отырған шәкірттермен пікір алыссаң, эстетикалық жағалауларға Солтүстік Мұзды мұхиттай тосырқай қарайды.
– Журналистика факультетінде бүгінде кімдер оқып жүр? Ілгеріректе факультет ішіндегі «фольклор» бойынша «журфактың 1-курсына 49 ақын мен бір журналист келіп түсіп, соңында 49 журналист, 1 ақын бітіріп шығады» дейтін статистикасы сақталған ба?
– Ол Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» эссесінің жаңғырығы ғой. Күні кешеге дейін журфакқа, негізінен, ішкі дайындығы мол, жазу-сызудың жайын білетін талантты, ынталы балалар түсетін. Ал қазір жағдай біршама өзгерді. Талант пен дарын – басты өлшем емес. Орталау балл жина, ақысын төле – оқи бер. «Қабілетің жоқ» деп айтуға хақың жоқ, шығарып жібере алмайсың, ол әрекетің заңға томпақ. Өл, тіріл – бітіртіп шығар. Талант пен демократия арасындағы қайшылық дегеніміз, міне, осы. Ертең өндіріске барғанда редакциядағылар «Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін бітірген түлектің түрін қара» демей ме деп қатты қиналамын. Сондықтан еркін ойлауды, жазу мен сызуды, енді қайтейік, әліпбилік деңгейден өрбітуге тура келеді. Мерзімді баспасөзде шыққан жарияланымдарын том-том етіп көтеріп келген кешегі абитуриенттерді, қазіргі журналистика мектебі шеберлерін үлгі етеміз, сөз өнеріне ықыласын оятуға тырысамыз. Менің қағидам, елу студенттің ішінен он бала жарып шығып, танымал журналист атанса, міндетіміздің орындалғаны. Қабілетті, талантты студенттер жоқ емес, бар. Бойынан ұшқынын да, жалынын да байқаймыз, ал есті балалар соларға ілесіп, біртіндеп өздері де бой түзей бастайды.
– Газет-журнал біткеннің бәрі интернет сайттардың жеміне айналды. Жылт еткен жақсы дүние шықса, жалма-жан жағалата көшіріп басуды қалыпты дағдыға айналдырды. Байқайсыз ба, материалдың бірегейлік қасиеті жоғалып барады. Жоғарыда айтқанымыздай, эксклюзив тауар жоққа тән, не істемек керек?
– Тағы да айтуға тура келеді, бұл жерде бәрін талант шешеді. Талант табиғатта сирек кездесетін металл іспеттес. Есті қоғамда менеджмент пен бизнес талантқа табынады. Арғы жағына бармай-ақ, осыдан 20-25 жыл бұрынғы газет-журналдарда істеген мықты журналистердің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын мен әлі ұмыта қойғам жоқ. Сол жылдардағы материалдың соңындағы журналистің аты-жөнін алақаныңмен басып тұрып, басынан аяғына дейін оқып шықсаң, авторының кім екенін айна-қатесіз тани кететін едік. Міне, бұл – бірегейлік. Бұл – қолтаңба. Ал бүгінгі журналистердің жазғанында даралық байқалмайды, бәрі деңгейлес, бір қолдан шыққандай ұқсас. Осы жерде тағы бір мәселенің шеті қылтияды, кезінде журналистер іссапарға, жолсапарға жиі шығып, елді мекендер мен өндіріс орындарын аралаудан қолы босамайтын. Ал қазір журналист салқын кабинетте отырып алып компьютер ішіндегі ақпараттан оқиғаны жосылтып шығады. Бұған мен «офистік журналистика» деп ат қойғанмын. Қазақ журналистикасының түбіне осы жете ме деп қауіп қыламын. Қазақта тура журналистерге арнап айтылғандай: «жүргенге жөргем ілінеді» деген мәтел бар. Журналиске ең керек қағида осы – омалып отырмау керек, көзімен көру керек, сезіну керек. Бүгінгі басылымдарда, радио-телевизияда істеп жүрген журналистердің көпшілігі өзімнің шәкіртім. Оларды сынағаным, әрине өзімді де аямағаным. Олардың міні – менің де мінім.
Содан кейінгі сордың бірі – студенттердің 1-курста аудандық басылымдардан тәжірибеден өтуі сиреген. Қағаз форматты басылым стиль қалыптастырады. Газет шығарудың күрделі жұмыс екенін, тапсырма алып, оны зерттеп, орындаудан бастап, беттеліп-қатталып, қол қойылып, өндіріске жіберілгенге дейінгі үдерісті көзімен көрмейді. Тәжірибе шикіөкпе студентті жылдам ширатады. Редакциядағы сарт-сұрт жұмысты көрсе, өзі үшін жауапты шешімді де жылдам қабылдар еді: өзін де, үйдегі ата-анасын да, ұстаздарды да қинамай әрі қарай газетте істеуді не мақсат етеді немесе күн жарықта басқа салаға ауысады. 2-курста облыстық, ал жоғары курстарда республикалық басылымдарға баруды саты-сатымен жүзеге асыру дағдысы толықтай тоқтағандықтан, болашақ журналистердің дағдарысы да ерте басталып кеткендей. Олар бүгінде көбіне сайттарды жағалайды немесе телевизияны төңіректейді. Әркімнің көңілі жоғары ғой, көкіректің жоғарыда болғаны жақсы шығар, бірақ төменнен бастап, сатылап дамығанды дұрыс деп ойлаймын. Бізге осы жетіспейді.
– Жаңалыққа ешкімнің монополиясы жүрмейді, ол – ортақ. Бірақ оны таратуда сайттардан да бұрын әлеуметтік желілер алға шығып кетті. Өзін өзі журналиспін деп жариялаған блогерлер қазір өте көп. Бұдан журналистиканың кәсіби маңыздылығы арта түсе ме, әлде төмендей ме?
– Мысалы, Арыстағы апатты тілге тиек етейік. Ақпарат ең алдымен әлеуметтік желіде бұрқ ете қалды. Кәсіби журналистің ерекшелігі де, артықшылығы да мұндай оқиғаны міндетті түрде көзі жетіп, тексеріп барып, жариялайды. Арғы жағына үңіліп, ой елегінен, сана сүзгісінен өткізіп барып таратады. Зиянды жағын тағы ойлайды. Ал блогерлер, қалтасына смартфон салған кез келген сергек адам бұлай талдап-таразылай алмайды, салмағы мен маңызын сараптап жатпастан, әлеуметтік желіге лақтыра береді. Біреулер бұған тіпті «халықтық журналистика» деп ат қойып, айдар тағып жүр. Бірақ мұның журналистикаға үш қайнасы сорпасы қосылмайды. Ақпарат таратудағы ең басты шарт – сауаттылық. Қай жағынан да. Бәрін басып озып, бірінші болып тарату жақсы шығар, бірақ бұған қоса жауапкершілік деген дүние бар емес пе? Менің ойымша, ең алдымен кәсібилікке арқа сүйеу керек. Фактчекинг – ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алу өте маңызды. Тіпті сұхбат беріп отырған лауазымды адамның айтқанын да тексеріп алған артық емес. Себебі бұл да халыққа дұрыс ақпарат таратудағы басты амалдардың бірі.
– Кәкен аға, 70 жасқа келіп отырсыз, құттықтауымызды қабыл алыңыз. Өзіңіз қатарластардың ішінде әлеуметтік желінің тілін ертерек меңгеріп алып, пост жариялап, ерінбей-жалықпай пікір жазатыныңызға қызыға қараймыз. Әлеуметтік желі уақытыңызды ұрламай ма?
– Көп рахмет. Ғылымда «қажеттілік теориясы» деген қисын бар. Авторы – Американың атақты әлеуметтанушы-психологы Абрахам Маслоу. Ол кісінің айтуынша, әлеумет, адам, табиғаттан, өмірден, қоршаған ортасынан өзіне қажетін ғана алады. Бұл әлбетте, қайтарымды үдеріс. Әлеуметік желінің тұтынушысына айналғаныма біршама жыл болды, ол маған керек, себебі мен жастармен жұмыс істеймін. Олар не ойлайды, неге қызығады, не туралы айтады, нені мұрат тұтады? Егер сен олардан бір табан ілгері, оқ бойы озық тұрмасаң, сен оларға сөзіңді өткізе аласың ба? Тағылым алсын деп әріден, руна жазбаларынан, әл-Фараби мұраларынан, тарихтан жол бастайсың. Өткенді білсін дейсің. Өткен мен бүгіннің ішкі бірлігін, тұтастығын жоққа шығара алмасақ керек. Сол ұлттық негіздерге табан тірей жаңашылдыққа ұмтылып тұрған жастың құлшынысын, қызығушылығын барынша қолдауымыз керек. Міне, осындайды ойлаған адамға қазіргі кезеңнің лебін де ескеріп, шексіз-шетсіз ақпараттық кеңістікке айналып кеткен әлеуметтік желінің тілін үйренгеннің еш зияны жоқ.
– Оқырманның негізгі бөлігі қарапайым ауыл адамдары екенін ешкім жоққа шығармайды. Ауылға барсаң «оны газет жазды ғой, өтірік болса, неге жазады, тасқа басылған сөздің өтірігі болушы ма еді» деп отырады. Газетке деген осы сенімді сақтап қала аламыз ба?
– Бұл әр басылымның атқаратын қызметіне, қандай мүддені көздеп, кімдердің сөзін сөйлейтініне байланысты болар. Бізде бүкіл Қазақстан аумағында әлеуметтік мәселелерді зерттейтін бірде-бір ғылыми-зерттеу институты жоқ. Сондықтан «қай жерде, кімнің, қандай пікірі бар» деп тап басып айта алмаймыз. Тек қана тұспалдаймыз. Мәселен, жекеменшік газеттердің саны жағынан ең көп тіркелген өңір – Түркістан облысы. «Осы газет туралы пікіріңіз қалай?», «Мына басылымға жазылуыңыздың себебі не?», «Қандай тақырыптағы материалдарға көңіл аударасыз?» деген сұрақтар төңірегінде әлеуметтік сауалдама жүргізілмейді. Әлеуметтік сауалдама жүйелі жүргізіліп, әділ нәтижесі шығарылып отырса ғана ғылыми негізделген нақты картина пайда болады. Расында да, осы уақытқа дейін баспасөздің пікіріне оқырман құрметпен қараса, ресми мекемелердің де өз жауапкершілігі болатын. Өйткені басылымның өзі де, онда қызмет істейтін тілшілер де мінсіз саналатын. Солай болатын да. Тілшінің оқырман алдындағы ішкі жауапкершілігі, ішкі мәдениеті мықты еді. Жау қуып келе жатқандай, аттың жалы, түйенің қомында отырып материал жазу дегенді мүлде естімедік, «тақыр жерде табаным тайып кетпесін» деп бір жазғанын он қайтара оқып, ақиқатын әбден тексеріп, көзі жеткен шындықты ғана көпшілікке ұсынатын. Ал қазір қаласа қателесе де салады, қаласа кешірім де сұрай салады. Жауапкершілік ұмытылған. Бәрінің құны төмендеген. Осыған қынжыласың.
– Қазақ баспасөзі кеңістігінде ең мықты газет үлгісін жасай алды деп қандай бас редакторларды атаған болар едіңіз? Мәселен, «Шерхан Мұртазаның тұсындағы «Социалистік Қазақстан», «Сейдахмет Бердіқұловтың кезіндегі «Лениншіл жас», Жарылқап Бейсенбайұлы шығарған «Ана тілі» оқылымды болатын деген лебіздерді жиі құлағымыз шалады. Бұл қатарға сіз кімді қосасыз?
– Төртінші редактор ретінде ғылыми-танымдық журналистиканы ілгерілеткен Камал Смайыловты атар едім. Академиялық стильде жазылатын қызықты материалдардан өзіміз үшін қайтсек те бір құнды нәрсе табатын сол тұстағы «Білім және еңбек», кейінгі «Зерде» журналы ғылым тілін қазақшалаудың ғажап үлгісін көрсетті. Бірақ қайда жүрсем де, Шерхан ағамның атын асқақтатудан жаңылған емеспін. «Ана тілі» тек тілдің мәселесін ғана қозғаған жоқ, Жарылғаптың редакторлық шеберлігінің арқасында бүкіл ұлттың мәселесі тұңғыш рет қоғам бетіне қалқып шықты және өте өткір айтылды. Әттең, дәл сол дәуірлеген уақыттың қайта айналып келмейтіні өкінішті. Бұлардың барлығы – иіліп-бүгілуді білмеген тұлғалар. «Алай жүр, былай жүр» деген нұсқау бұл кісілерге жүрмейді. Басылымның мінезі бас редактордың мінезімен үндес келетінін осы мысалдардан байқадық. Біздің бүгінгі қоғамымызда «атың шықпаса, жер өртенің» керін келтіріп, «айрықша» жолмен адам назарын өзіне аударғысы келетіндер алмастыра бастады. Бірақ журналист үшін басты өлшем – айқын ұстаным (принцип) болуы керек. Журналистика шенеуніктердің қолына су құятын даяшыға айналмауы керек.
– Несін жасырайық, бүгінгі журналистік кәсіпке бәрі тән: оған қысым да көрсетіледі, ол қолшоқпар да болады, тапсырыс та орындайды. Осының арасында жүріп журналист жеке басының намысы мен кәсіпке адалдығын қайтсе сақтап қала алады?
– Жалпы, міндеті айқын болғанымен, мәртебесі айқындалмаған, шығармашылық әлеуеті зор болса да, әлеуметтік жағынан қорғалмаған журналиске бүгінгі кезең оңай тиіп отырған жоқ. Жас әріптестеріміздің көпшілігі пәтерден-пәтерге көшіп, жалақысы төмен орындарда жұмыс істеп, еті тірілерінің аударма жасап, сценарий жазып, асаба болып, «жаңбыр-жаңбырдың» арасымен жан бағуға мәжбүр екенін жасыра алмаймыз. Журналист мәртебесінің анықталмағаны, әкімшілік, банк жүйелерінде олар үшін жеңілдіктер қарастырылмағаны қанша жылдардан бері үздіксіз айтылып, мәселе болып көтеріліп келеді, бірақ бір шешімінің табылмай келе жатқаны әріптестеріміздің иінін баса береді. Оның да отбасы, бала-шағасы бар. Шетелдегі әріптестері сияқты жоғары жалақы алып тұрса, сондай мөлшердегі қоры болса, құқығы сондай деңгейде қорғалса, журналист біреудің қолшоқпары болмас еді. Өйткені басқа ешбір кәсіпке халық журналиске назар аударғандай назар аудармайды. Көпшілік журналистерге сенеді. Сондықтан журналистердің жалақысын халықаралық деңгейдегі айлыққа жеткізу керек. Журналистиканың басты кейіпкері – шындық. Журналистің табынатын тәңірі шындық болса ғана ешкімге бас имейді.
– Сіздің қос қанатыңыздың бірі – журналистика болса, бірі – әдебиет. Журналистиканың тілі бөлек қой, әдеби шығарма жазуға отырғанда кедергісін келтірмей ме?
– Әкем жылқышы еді. Бесіктен белім шыға сала бармақтай күнімнен ашамайға мініп өскен қазақпын. Сәл өскеннен кейін өздігімнен ат жалын тартып мінуге жарадым. Тізгіннің екі ұшы бар. Мен үшін журналистика мен әдебиет – тізгіннің осы екі ұшы сияқты. Публицистика, кеше көсемсөз деп едік, бүгін замансөз деп қолдана бастадық, мен жазған замансөзден көркемдіктің иісі шығып тұратынын көп оқырманым айтып жүреді. Өзім де көркем әдебиеттің тілімен жазғанды ұнатамын. Басқалардың қалай қабылдайтынын білмеймін, сонда ғана өз жазғаным өзіме жақын болып тұрады. Тіпті менің журналистикаға келуімнің өзі әдебиетпен, көркем фильммен байланысты. Екіншіден, ауылдасым, көршім, жазушы Әнуар Әлімжанов шығармашылығының да ықпалы зор болды. Қолға түскен кітабының бірін де қалдырмай оқып өскен біз үшін ауылымыздан шыққан қаламгердің әр шығармасы қасиетті сөздей қабылданатын. Еліктедік, «шіркін, осы ағамыздай бол-сақ» деп армандадық. Әнуар ағамыздың «Көгілдір таулар» деген романындағы Хамза деген жылқышының прототипі – менің әкем. Осылайша ол кісінің ізін басып біз де журналистикаға келіп қалдық. Кездейсоқ емес – негіз болды. Бір қызығы, біздің ауылдың үлкен кісілері, қарттары кекесінмен қыжыртып сөйлегенді жақсы көретін. Бірақ ол қыжыртпаға тоң-торыстық танытып, өкпелейтін де ешкім болмайтын. Езу тартып қана қоясың. Түу-түуден тартып, есте жоқ ескі заманның хикаяларын алыстан орағытып сөйлегенде, тамсанып отырасың. Терең еді. Осы тереңдіктен айырылып барамыз. Өкініштісі – осы.
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»