Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Қоғамдық көлікпен тегін жүру – жаңалық емес

450 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгідей нарық алқымнан алып тұрған сәтте заман­дас­тарымыздың құлақтарына «тегін» сөзі өзгешелеу естілетіні рас. Тіпті қазір белгілі бір тауар немесе қызмет бағасы арзандады десе, сенбейтіндей халге жеттік. Сенгіміз келгенімен, әйтеуір астарынан бір қитұрқылық іздеп тұрамыз.

Қоғамдық көлікпен тегін жүру –  жаңалық емес

Ал осы сәттерде әлем елдерінде қалалық қоғамдық көліктермен тегін тасымалдау үдерісі қанат жайып келеді. Ең қызығы, бұл бас­таманы алғаш болып жүзеге асырған мемлекеттердің бірі – кеше ғана бізбен бірге Кеңес жүйе­сінің қанаты астынан қатар шық­қан Эстония. Ал биылғы жаз­­дан бастап Люксембургтің қо­ғамдық көліктері жолаушылардан мүлдем ақша алмайтын болды.

Күні кеше Үкіметтің кеңей­тіл­­ген отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жо­басын қатаң сынға алды. Пре­зи­денттің пайымдауынша, бұл жобаның өзін өзі ақтап, пайда келтіруі – екіталай дүние.

Әрине миллиардтаған дол­лар­ға, одан сорақысы – шетелден қарызға алынған қаражатқа са­­лына бастаған бұл жобаның таяу болашақта қаржылық пайда әкелмесін түйсіну үшін асқан бір математик немесе экономист болудың қажеті шамалы.

Біз осылайша, ғасыр жобасына пара-пар көлік жобасын талқылап жатқан кезде Люксембург билігі трамвай, автобустар мен пойыз­дар­­да барлық жолаушыларды те­гін тасымалдауға кірісті. Был­тыр­­дан бері бұл көліктерге ақы тө­леуден 20 жасқа дейінгілер босатылған еді.

The Guardian басылымының деректеріне қарағанда, мұндай төңкерісті жоба Еуропа елдері­нің бір де бірінде жоқ. Люксем­бург билігінің пайымдауынша, жолаушыларды тегін тасымал­дау экологиялық жағдайды жақ­сар­тып, ел астанасындағы көлік кептелісін азайтуы тиіс.

Әрине бұл қалаға күнделікті келім-кетімді адам көп. Әсіре­се Франция, Германия мен Бельгияның жұмыс іздеген 200 мыңдай тұрғыны күн сайын сабылып Люксембургке келеді. Аталған елде шамамен 600 мыңдай адам тұратын болса, олардың 110 мыңдайы – астаналықтар.

Енді әлем елдеріндегі осындай жеңілдіктерді сүзгіден өткізіп қарар болсақ, Польшаның 50 қаласында қоғамдық көлікте тегін жүру толық және ішінара ұйымдастырылған екен. Олардың бірқатарында қоғамдық көлік тасымалы мүлдем тегін болса, енді бі­рінде бұл игілікті тек жұмысы жоқтар ғана пайдалана алады. Ал келесілерінде мүгедектерге, оқу­шыларға 100 пайыздық жеңілдік жасалған.

Сонымен қатар Бельгияның Хассельт қаласында 1997-2014 жыл­дар аралығында барлық қа­ла­лық көліктерде жүру тегін болды. Бірақ қаржы тапшылығынан бұл жоба алынып тасталғанымен, қалалықтар ауа қатты ластанған уақытта қоғамдық көліктермен тегін жүре алады. Ауаның ластануын олар мобильді қосымшалар арқылы байқап отырады.

Көлік саласы қарыштап да­мы­ған Германия да таяу бола­шақ­та осындай қадамға баруы­ мүмкін. Қазір билік Бонн, Эссен және Мангейм тәрізді бес қа­лада қанатқақты жоба ретінде қо­ғамдық көлік жолаушыларын тегін тасымалдауды бастаған. Әрине Германияда ауаның ластануынан қорғану үшін тегін тасымалды ұйымдастыруға байла­ныс­ты әлі де түпкілікті шешім қабылданып болған жоқ.

Көріп отырғандарыңыздай, қоғамдық көлікпен тегін тасымалдау жүйесі Еуропаны енді жай­лай бастады. Бірақ бұл аса бір жаңалық емес. Алайда авто­кө­лік жолдарындағы кепте­ліс­тер мен ауаның ластануы күшей­ген­ қалаларда бұл мәселе тал­қы­лау­лар­дан аспай келді. Қазір 2024 жылы жазғы Олимпиада ойындары өте­тін Париж билігі де дизельді авто­көліктерге тыйым салуды жос­парлап отыр. Фран­цияның кейбір ықшам қалала­рында қоғамдық көліктерде жүру қазірдің өзінде тегін.

Жалпы, сарапшылар атал­ған жүйені енгізудің тек экономи­ка­лық астарына үңіле бермей, әлеуметтік маңызына да кө­ңіл бөлуді ұсынуда. Мәселен, 2008 жылы Қытайдың Хунань провин­циясының Ченнин қаласында тұрғындарды тегін тасымалдайтын автобустар шығарылып, жағдайы нашар азаматтардың қалаға емін-еркін барып жұмыс істеуіне мүмкіндік берілген.

Ал жоғарыда аталған Эстония­ның бас қаласы Таллинге қатынап жұмыс істейтіндер қалада тегін жүру үшін астанада көптеп тір­келіп, осының арқасында жер­гілікті бюджет салықтың есебінен молая түскен. Бүгінде бюджетке салмақ болғанымен, өзге сала­лардан қайтарымы мол бұл жүйе Эстония қалаларының барлығында дерлік енгізілді.

Ал біздің елордамыздың ауасы­ның ластануынан әзірге Сары­арқаның самалы қорғап тұр. Қала көшелерінде жүйткіген авто­көліктер саны жыл сайын еселеніп көбейіп келеді. Бірақ қалалық автобус паркі тоза бастады, ал төлем жүйесін қалыпқа келтіру енді ғана бірыңғайлана бастаған сияқты. Дегенмен, әлі де болса бұл жаңашылдықтардан қаланың экологиясына әсер етер­лік бастамалар байқалар емес. Өйткені қоғамдық көлік сала­сы әлі де болса жолаушылардан түсетін аз-мұз пайдаға иек артып отыр. Тіпті басқаны айт­пағанда, біздегі жолау­шылар тасымалына жауапты мекемелер төлем карталарына ақша салу жүйесін дұрыс ұйымдастыра алмай отырғанда, олардан озық технологияны талап етудің өзі артықтау көрінеді.

Өз кезегінде Президент сынына іліккен жеңіл рельсті көлік торабының қазіргі экономикалық және көркемдік сиқы қарын аштырады. Оның үстіне бюджетке түсетін салмақ аз болмайды және ұзақ жылдарға созылатын түрі бар.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, әкімдіктің деректері бо­йынша, аталған көлік дәлізінде жобаланған жолаушылар ағыны тәулігіне 146 мың жолаушыға жетуі тиіс. Бірақ қазіргі жағдайда әуежайдан жаңа темір жол вокзалына дейін қоғамдық көліктермен күніне бар-жоғы 2 мыңдай ғана адам қатынайды. Сонда жолау­шылар ағыны 70 есеге қалай көтерілмек? Бұл – Президенттің сауалы. Оның үстіне, Президент көлік торабын жобалау кезінде архитекторлар қауымдастығының, жалпы қоғамның пікірі ескеріл­ме­ге­нін атап өтті. Ал қазір сол қоғам өкілдері жобаны орасан шығынға ба­тырмай тұрғанда, дәл осы жерден тоқтату қажет деген пікір білдіруде.