Қоғам • 19 Шілде, 2019

Иман таразысы – әділдік өлшемі

722 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күнделікті керек-жарақтар: тұтыну тауарлары, киім-кешек, азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс және басқа да өнімдердің бағасы аспандап, қымбатшылықтың қазаны қайнаңқырап тұр. Бұл – біз үшін жаңалық емес, көзіміз үйреніп кеткен көрініс...

Иман таразысы – әділдік өлшемі

Айлығы шайлығына жетпей, қалтасына қарай қам жасайтын жамағаттың көңіл-күйіне кері әсерін тигізетін қымбатшылыққа мойынсұнбасқа лажың жоқ. Өйткені нарық заманында бағаны күштеп тізгіндеу амалдары көбіне өз нәтижесін бере қоймайтынына көзіміз жеткендей...

Бағалардың уақыт өткен сайын көтеріле түсуінің сыртқы және ішкі экономикалық себептері баршылық. Оны халық біледі. Десек те, кейбір себептердің негізсіз екенін ойлағанда көпшіліктің тауарлардың қымбаттауына деген өкпе-ренішіне түсіністікпен қарайсың. Мұндайда сын садағы бірінші кезекте атқарушы билікке бағытталады, яғни әкімдер мен мемлекеттік органдардың өкілдері күстәналанады. Оларға «түрлі сауда орындары мен базарлардағы бағаларды өз деңгейінде бақылай алмай отыр» деген мазмұнда кінә тағылады. Бұл тағылған айыпты дұрыс емес деп айта алмаймыз. Өйткені атқарушы билік тарапы бағалардың жөнсіз шарықтап өсуіне қарсы іс-қимыл жасау бо­йынша заң шеңберіндегі міндеттемелерін орындауы тиіс. Десек те нарық қағидаттары мен талаптары тауар бағаларын әкімшіліктік ресурстар арқылы реттеуге нақты мүмкіндіктер бере қоймайтынын ескеруіміз керек. Өйткені сатылымға шығарылған қандайда бір мүліктің өз иесі бар. Оны қашан, қалай, қандай бағаға сататынын меншік иесі шешеді. Егер сатушының ісіне атқарушы органдар жүйелі түрде араласар болса, бұл жеке азаматтың құқығын бұзу болып есептеледі. Оның үстіне миллиондаған сатушының іс-әрекетіне әкімшілік тұрғыдан бақылау жасау мүмкін де емес.

Осы орайда бүйірден қысқан қымбатшы­лық­тың туындауына тікелей және жанама әсерін тигізіп отырған бірқатар мәселелерге тоқтала кетсек.

Мәселен, ішкі нарықтағы тауар бағаларының құбылуына экономикалық түрлі жағдаят­тардан бөлек, сауда орындарын ұсынушы қожайын­дардың, делдалдар мен саудагерлердің адамгершілік қасиеттерінің, имандылығы мен қанағатшылдық деңгейінің де әсер ететінін сезініп жүрміз. Мәселен, атқарушы билік тарапынан қандайда бір сала қызметкерлерінің еңбекақысы немесе зейнеткерлердің зейнетақы­сы өсетіні жөнінде ақпарат тараған сәттен саудагерлер өз бұйымдарының құнын қымбаттатып шыға келетініне талай куә болдық. Сол сияқты, кейбір төтенше жағдайлар орын алғанда, нақтылай айтқанда табиғаттың тосын мінезіне тап болып, жолда қалғандардың немесе қар-су құрсауында қалып қойған елді мекендер тұрғындарының күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлікке деген мұқтаждығын өз пайдасына асырып, олардың басына түскен қиындықты өзіне берілген мүмкіндік санап, қолындағы дүниесін бірнеше есеге қымбатқа сатып пендешілікке салынған талайлардың әрекеті де есімізде. Мысал үшін айтайық, осыдан біраз жыл бұрын Жамбыл облысындағы Шақпақ ата асуында қыстың күні қатты боран, көктайғақ болып, көптеген көліктер не ары, не бері қозғала алмай, талай жолаушы қиындыққа тап болған-ды. Құтқару амалдары қолға алынып, жол ашылғанша жолда қалған жамағат ас-судан, басқа да керек-жарақтан тарығып қи­­­налған-ды. Міне, осы сәтті өздері үшін тиім­ді пайдаланған кейбір саудагерлер дірдек қақ­қан жолаушыларға ең қажетті заттарды ойы­на келген бағаға сатып, бір шарықтаған. Бұл сау­дагерлер өзге емес, өз отандастарымыз еді...

Негізінен тұтынушы халықтың қымбатшы­лыққа қатысты наразылықты пікірлерін бірінші кезекте сатушы-саудагерлер естиді. Ал олардың халыққа айтары дайын – «доллар құны көтерілді, жанармай бағасы өсті, сауда орнының ақысы қымбаттады...» Бұған тұтынушылар қанағаттана қоймайды. Бұл жерде бағаның өсуіне ықпал етіп отырған сау­да орындарының иелері, делдалдар, басқа да тараптар халық көзінен тасада қалып қояды да, негізгі сын садағы қарапайым сатушы-саудагерлерге кезеледі. Айналып келгенде халық өзімен-өзі іштей күбірлесіп, іштей керісумен болады. Содан келіп қоғамдық көңіл күй бұзылады. Сондықтан басқасын былай қойғанда, құрығанда ең қажет деген, әсіресе азық-түлік санатына жататын өнімдер қымбаттап жатса, оның нақты себептерін кәсіби тұрғыда жұртқа түсіндіре білу қажет.

Осы орайда айтпағымыз, қоғамымыздың әрбір мүшесі, әсіресе сауда саласында еңбек етіп жүрген ағайын ынсап, қанағат деген ұғым­дардың маңызын терең түсіне білсе, иман таразысына жүгінуді өмірлік ұстаным етсе, қымбат­шылық қарапайым халықты сонша­лықты толғандыра қоймас еді деген ой туындайды.

Біздің арамызда ар-ұят салмақсызданып, имандылық кейінге ысырылған кезде материал­дық қажеттіліктердің құны шарықтайтыны заңдылық деушілер баршылық. Бірақ ар-ұятымыз тым арзандап кетпегенін де естен шығармауымыз керек-ақ. Осындайда қазақтың «Ынсап сайын береке» деген аталы сөзі әрқайсысымыздың санамызда күн сайын жаңғырып тұрса, қанеки.