Қазақстан • 19 Шілде, 2019

Әкімдерге бағаны халық беруі керек

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау кезінде берген уәдесін іске асыруға нақты кірісті. Сол кезде айтылып, елдің көңіліне қонған мәселелер Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқын көрініс тапты.

Әкімдерге бағаны халық беруі керек

Солардың арасынан жеке өзіме бюджеттік қаражатты тиім­ді жұмсау бойынша берген нұс­қаулар ұнады. Иә, Қазақстанда қаражат бар. Әртүрлі жобалар­ға миллиардтаған ақша жұм­са­лу­да. Қаражатты жұмсаудағы негізгі өлшем адам болуы керек. Мемлекет басшысы осыны талап етіп отыр. Мәселен, жолды жол үшін немесе қаражатты игеру үшін емес, адамдар жүру үшін салады. Жұмысқа, қаражат игеруге деген қатынас осы тұрғыда өз­геруі керек. Президент өз сөзінде миллиардтаған қаржы жұмсап жатқан өңірлерді мысалға алды. Сол жобаларды бастамас бұрын ха­лықпен кеңесу қажет.

Бүгінгі ең өзекті мәселенің бірі – ауылдардың қаңырап бос қалуы. Суы жоқ ауылдар бар. Ауылдардан халықтың кетуі – үлкен проблема. Негізгі себеп жұмыссыздық десек, онда зейнеткерлер неге үдере көшіп жатыр? Себебі қаладағыдай жайлы тұрмыс жоқ. Қазір ондай жағдайды шағын қазандықтар арқылы ауылда да жасауға болады. Оған технология мүмкіндік береді. Ақсақалы көшкен соң ауыл да ұзаққа бармай құриды. Бюджет үнемдеу үшін 2-3 ауылды бір ауылға көшіре салу керек дейтіндер бар. Осының салдарынан жеріміз бос, иесіз қалуы мүмкін. Мемлекет басшысы соны тоқтату үшін өңірлерді дамытудың жаңа бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Адам мүддесін бірінші орынға қою осы жерде де алдымыздан шығады. Қаржыны үнемдеуді емес, адам игілігіне тиімді жұмсауды ойлау қажет.

Үкімет мәжілісінде бюджеттің бір бөлігін халықтың қатысуы арқылы игеру жайында да айтылды. Бұл әлемде бар тәжірибе. Бюджеттің белгілі бір бөлігін қай­да жұмсау керектігін тұрғын­дар өздері ақылдасып шешеді. Бір жағынан соның арқасында халық та бюджеттің не екенін көзімен көріп, түсінеді. Әкімнің негізгі жұмысы – кәсіпкерге қолдау көрсету. Бұрын шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету тұрғысында, жоспарлы түрде жүрді. Былай қарасаң, әкімге ол тек есеп беру үшін ғана керек еді. Ал бұл жолы кәсіпкерден түскен салық жергілікті әкімдік бюджетіне қалады деп отыр. Кәсіпкердің бизнесі дамыған сайын оның салығы артады. Салық артқан сайын өңірдің бюджеті көбейеді. Яғни әкімді бұл істе ынталандыратын фактор пайда болмақ.

Әр өңірге қаражат әртүрлі бөлінеді. Бұл жерде әкімнің ық­пал­дылығы, біліктілігі, құжат­қа тиянақтылығы секілді дүниелер көп мәселені шешіп жүр. Мем­лекет осының бәрін халықтың саны мен табиғи ерекшелігіне, экономикасының табысына сай реттеп отыру қажет. Үкімет мүшелері өңірлерде жиі жүруі керек. Көптеген министрлер ауыл түгіл, аудандарға аяқ баспайды. Ешқашан өңірлерде жұмыс істеп көрмеген. Ал әкімдер бүгінде облыс орталықтарын әсемдеп, одан қалса аудан орталықтарын жылтыратуға құмар. Шалғай ауылдарға аяқ баспайтын облыс әкімдері де бар. Ауылға барса да тікұшақпен келіп, тікұшақпен кететіндерді көріп жүрміз. Сол әкім сол жолмен жүріп көрсе ғой деген қыжыл бар ел ішінде. Расымен де, 5-6 сағат ел құсап жол азабын көрсе, бірінші кезекте тозығы жеткен жолдарды жөн­деткізер еді. Әкімдерге «халыққа жақын болыңдар» дегенде осыны меңзеді деп ойлаймын.

Осы отырыста Президент ел үніне құлақ түре білетін мем­лекет қалыптастыру туралы айтты. Жер-жердегі әкімдер – мем­лекеттің өкілі. Солар әр азамат­тың көкейінде жүрген мәселені білуі керек. Ол үшін әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жасап, әрбір әкімдік жанында арнайы кеңестер нақты іспен айналысуы керек. Бұған дейін халық басшыға бағынады деген түсінік болса, Президент мәселені басқаша қо­йып жатыр. Әкімдерге бағаны ха­лық беруі керек. Ендігіде ха­лық­­тан оң баға алмаған әкімнің мә­се­лесі қаралатыны да айтылды.

 

 Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саяси ғылымдар кандидаты