Бисенғали Тәжіяқов: «Еліміздің банк жүйесінің тарихында жай шешімдер мен оңай жолдар болған жоқ»
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:17
14 сәуірде Ұлттық Банк ресми түрде өзінің жиырма жылдығын атап өтті. Алайда ҚР ҰБ тарихында басқа да атаулы күндер болды: 1991 жылғы 20 маусым – ҚР Ұлттық Банкінің ресми құрылған күні; 1993 жылғы 15 қараша – ұлттық валютаның енгізілген күні; 1995 жылғы 30 наурыз – «ҚР ҰБ туралы» жаңа Заңның шыққан күні. Тіпті 1876-шы жылы қазіргі Қазақстанның аумағында Орал қаласында Мемлекеттік банктің бірінші бөлімшесі ашылды. Бұлардың бәрі – атаулы күндер, бірақ олардың арасында Ұлттық Банктің және еліміздің банк жүйесінің маңызды қалыптасу кезеңдері болды. Осы жүріп өткен жолдың қалай болғандығы жайында барлық жылдар бойы Ұлттық Банк жүйесінде жұмыс істеген ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Бисенғали ТӘЖІЯҚОВ айтып береді.
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:17
14 сәуірде Ұлттық Банк ресми түрде өзінің жиырма жылдығын атап өтті. Алайда ҚР ҰБ тарихында басқа да атаулы күндер болды: 1991 жылғы 20 маусым – ҚР Ұлттық Банкінің ресми құрылған күні; 1993 жылғы 15 қараша – ұлттық валютаның енгізілген күні; 1995 жылғы 30 наурыз – «ҚР ҰБ туралы» жаңа Заңның шыққан күні. Тіпті 1876-шы жылы қазіргі Қазақстанның аумағында Орал қаласында Мемлекеттік банктің бірінші бөлімшесі ашылды. Бұлардың бәрі – атаулы күндер, бірақ олардың арасында Ұлттық Банктің және еліміздің банк жүйесінің маңызды қалыптасу кезеңдері болды. Осы жүріп өткен жолдың қалай болғандығы жайында барлық жылдар бойы Ұлттық Банк жүйесінде жұмыс істеген ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Бисенғали ТӘЖІЯҚОВ айтып береді.
МӘРТЕБЕ ЖӘНЕ ФУНКЦИЯЛАР
– Бисенғали Шамғалиұлы, Ұлттық Банк тарихының көптеген оқиғаларғабай екендігі белгілі, солардың ішінен ең маңыздыларын бөліп алып,оқырмандарымызға еліміздің қаржы жүйесін дамыту кезеңдеріндеқандай өзекті міндеттерді шешуге тура келгендігін айтып берсеңіз.
– Расында да сіздің атап өткен күндеріңіз біздің банк жүйеміздің тарихында маңызды орын алады. Мәселен, 1991 жылы 20 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-дегі банктер және банк қызметі туралы» Заңы банк жүйесін реформалау үшін заңнамалық базаның негізі болды. Осы құжатта алғаш рет коммерциялық банктің анықтамасы бекітілді және өзге кредиттік мекемелерді құруға, жеке банктерді, сондай-ақ шетелдің қатысуы бар банктерді ашуға рұқсат етілді. Бұдан басқа заң негізгі міндеттер мен функцияларды, оның ішінде Қазақ КСР Мемлекеттік банкінің ақша-кредиттік реттеу саласындағы негізгі міндеттері мен функцияларын белгіледі, өзі және коммерциялық банктер жүзеге асыратын операциялардың тізбелерін айқындады. Бірақ коммерциялық банктерді ашу және қызметін тоқтату тәртібін, сондай-ақ Мемлекеттік банктің олардың қызметін реттеу қағидаттары мен әдістерін белгілеу ең маңызды жаңалық болды.
«ҚР Ұлттық Банкі туралы» 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңға сәйкес Қазақ КСР ҰБ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта аталды. Заңда Қазақстан Республикасының екі деңгейлі банк жүйесі бар екендігі жазылды. ҚР Ұлттық Банкі орталық банк болып табылады және еліміздің банк жүйесінің жоғары деңгейін білдіреді. Заң КСРО-ның Мемлекеттік банкімен байланысты барлық ережелерді жойды. Әңгіме ортақ бірыңғай ақша бірлігі туралы емес, өзіміздің ұлттық валютамыз, оның ішкі және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету туралы еді. ҚР ҰБ-ның ақша айналысы саласындағы өз мемлекеттік саясатын әзірлеуге және жүргізуге қатысуы негізгі мақсаты болды. Ұлттық Банктің функциялары, құқықтары, өкі-леттіктері мен жауапкершілігі нақтыланды, құрылымы мен басқару органдары айқындалды.
1993 жылдың ортасында ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы шешім қабылданды. ҚР Премьер-Министрі Сергей Терещенко оның төрағасы болып тағайындалды. Құжаттамасын Дәулет Сембаев басқарған арнайы жұмыс тобы әзірледі. Банкноттардың эскиздерін жасау үшін құрамына Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайролла Ғабжәлелов кірген авторлық ұжым құрылды. Теңгені енгізер алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің азаматтарына ұлттық валютамызды енгізудің қажеттігі туралы үндеу жолдады. Кеңестік рубльді теңгеге ауыстыру 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 1993 жылғы 20 қарашада сағат 20.00-де сәтті аяқталды.
1995 жылғы 30 наурызда Президенттің «ҚР Ұлттық Банкі туралы» Заң күші бар Жарлығына қол қойылды. Экономиканың құлдырау қарқынының баяулауы және инфляция деңгейінің айтарлықтай төмендеуі 1995 жылы Қазақстан экономикасы дамуының негізгі және оң нәтижелері болды. Жыл қорытындылары ақша-кредит саясаты құралдарының көмегімен инфляцияның монетарлық құрамдас бөлігін төмендете отырып, оның деңгейіне әсер етуге болатындығын көрсетті. Экономиканы кредиттеу функциясы Ұлттық Банктен екінші деңгейдегі банктерге өтті. ҚР ҰБ көбіне ЕДБ-нің өтімділігіне қолдау көрсету мақсатында оларды кредиттеуді жүзеге асыра отырып, орталық банктерге тән ақша-кредит және валюталық реттеу функцияларын орындай бастады. Қазақстанда өз Банкнот фабрикамызды ашу да, банкаралық валюта нарығының туындап, қалыптасуы, сауда-саттықты жүргізудің электрондық сауда жүйесіне өту сол жылдың маңызды оқиғасы болды.
РУБЛЬ АЙМАҒЫНАН ШЫҒУ
– Аса маңызды мемлекеттік құрылымды құруға өзіне жауапкершілік алған және ол міндетті абыроймен атқарып шыққан адамдар туралы әңгімелессек. Бұл жерде шетелдік сарапшылар жұмыс істеді деген кең тараған пікірге қарамастан, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік Банк Қазақстанға бұл мәселеде көмек беруге аса құштарлық танытпады деуге болады. Себебі, Марченко мырза берген сұхбаттарының бірінде республика олар үшін «айрықша жағдай болған жоқ».
– Ол кезде Қазақстан рубльдің тарту аймағында қалды, Дәулет Сембаев басқарған жұмыс тобы қаржы жүйесін дамытудың екі: рубль аймағын сақтау кезіндегі, сол сияқты өз ұлттық валютамызды енгізу кезіндегі сценарийді қарастырды. Сонымен қатар, бүкіл қаржы жүйесінің жұмыс істеуінің негізгі өлшемдері қарастырылды. Ел жол торабында тұрды… Көптеген нұсқалар болды. Жоспарлы жүйеден нарықтық жүйеге өту, модель түрін айқындау, тіпті банк түрін таңдау – инвестициялық немесе коммерциялық – құзыретті, сараланған тәсілді талап етті. Салыстырмалы талдау жүргізіп, ойлануға уақыт болған жоқ. Ұзаққа созу дағдарысқа әкеп соғу қаупін туғызды. Валюта бойынша ғана емес, бүкіл банк жүйесін құру үлгісін таңдау бойынша, Ұлттық Банктің активтерін басқару жүйесі бойынша маңызды шешімдер қабылдау қажет болды.
1993 жылғы желтоқсанда Дәулет Хамитұлы Сембаев ҚР Ұлттық Банкін басқарды, енді ол теориялық тұрғыдан қаланғандарды, Президентіміздің қолдауымен іс жүзінде іске асыруы тиіс болды. Теңгеге бар болғаны бір ай болғанда ұлттық валютаның алдында өз тұрақтылығын сақтап қана қоймай, елдің бүкіл қаржы жүйесінің өзегі болу міндеті тұрды, себебі теңге енгізілгеннен кейін ғана Қазақстан толық егемендігін, өз ақша-кредит және экономикалық саясатын жүргізу мүмкіндігін алды. Әсіресе, осы кезеңде Ұлттық Банктің макроэкономикалық ахуалға әсер етуінің негізгі қағидаттары әзірленді, құралдар сынақтан өткізіліп, ықпал ету тәсілдері тексерілді, қызметінің алгоритмдері қаланды. Ұйымдастыру жұмысы да жүргізілді: Банкнот фабрикасы салынды, Мемлекеттік қойма және Теңге сарайы құрылды.
ОРНЫҚТЫЛЫҚТЫ СЫНАУ
– Ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешімді ел басшылығы қабылдады, ал ҚР Ұлттық Банкінің осы мәселедегі рөлі қандай болды?
– Сол кезеңде Ұлттық Банк ұлттық валютаны енгізудің рәсімдік мәселелеріне ерекше назар аударды: жаңа валютаны ел бойынша, айырбастау пункттеріне жеткізу, ескі ақшаны жаңа ақшаға айырбастаудың басталу күні мен ұзақтығы, айырбастау коэффициенті. Теңге алғашқы айырбасталған күннен бастап заңды төлем құралы болды.
Меншікті валютасының болуы Ұлттық Банкке тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Бюджет тапшылығын және директивалық кредиттерді жабу үшін кредиттер беру тоқтатылды. Экономиканы кредиттеу функциялары екінші деңгейдегі банктерге толық берілді. Ұлттық Банк негізгі міндетті – ұлттық валютаның орнықтылығын, яғни инфляцияның төменгі қарқынын және бағамның тұрақтылығын қамтамасыз етуді шеше бастады. Меншікті бағалы қағаздарын (қысқа мерзімді ноттарды) шығарып, ашық нарықта операциялар жүргізуді және кредиттер беруді бастады. Ақша-кредит саясатын жүргізудің тиімділігіне «ҚР Ұлттық Банкі туралы» Заң мүмкіндік жасады, оған сәйкес ҚР ҰБ өз қызметінде тәуелсіз және тек Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп береді.
– Ұлттық валютаның енгізілуімен қатар мемлекеттің экономикалық саясаты ғана емес, сонымен бірге РФ Орталық банкінің ықпалынан шыға отырып Ұлттық Банк негізгі функциялары мен өкілеттігіне толыққанды ие болды. Ұлттық Банктің қандай басты міндеттерді шешу керек болғанын, алда қандай мақсаттар тұрғанын, сол кезеңде ақша-кредит саясаты қандай негізгі және қандай құралдарына қолжетімді болғанын оқырмандардың есіне салайық?
– Ұлттық валютаны енгізу кезеңі Қазақстанда өндірістің жаппай құлдырауымен және инфляцияның үдеуімен сипатталды. 1993 жылы инфляцияның орташа айлық қарқыны 30,1%, нақты ІЖӨ құлдырауы 9,2% құрады.
Осындай өте күрделі жағдайда Үкімет пен Ұлттық Банк инфляцияны біртіндеп төмендетуді және бір мезгілде өндірістің құлды-рауын тежеуді бірінші кезектегі міндет ретінде айқындады.
Осы кезде Ұлттық Банк тікелей кредиттер берді және мемлекеттік бюджеттің тапшылығын қаржыландырды, яғни іс жүзінде коммерциялық банктің функциясын орындады, бұл орталық банктің мәртебесіне қайшы келді. Сондықтан Ұлттық Банк өзінің функцияларын дамыған нарықтық экономикасы бар орталық банктердің функцияларына жақындату бойынша жүйелі қадам жасай бастады. Мәселен, 1994 жылы Ұлттық Банктің нақты сектордың кәсіпорындарын тікелей кредиттеуі, сондай-ақ Үкіметтің шешімі бойынша кредиттер беруі тоқтатылды. Бюджет тапшылығын жабу үшін Үкіметке кредиттер ақылы негізде берілді, ал 1995 жылы беру мүлдем тоқтатылды. Ұлттық Банктің кредит ресурстарын орналастыруы жүргізілген кредиттік аукциондар арқылы жүзеге асырыла бастады.
1995 жылы жоғарыда атап өтілгендей, Ұлттық Банк туралы заң қабылданды, оған сәйкес оның тәуелсіздігі заңнамалық деңгейде айқындалды, ал мақсаты ұлттық валютаның ішкі және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету болды. Қабылданған шаралар одан әрі 1995 жылға қарай гиперинфляцияны ауыздықтау бойынша міндеттерді шешуге мүмкіндік берді: инфляция деңгейі 1993 жылғы 2265%-дан 1995 жылғы 60%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты біртіндеп жетілдірілді және оның құралдарының тобы кеңейді. Теңге енгізілгеннен бастап ақша-кредит саясатының қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, міндетті резервтер нормаларымен ішкі валюта нарығындағы өктемдіктер сияқты пайдаланылып отырған құралдарына жаңа құралдар қосылды, яғни меншікті бағалы қағаздары – қысқа мерзімді ноттарын шығаруды, «овернайт» кредиттерін беруді, ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялар жүргізуді, банктерден депозиттер тартуды бастады.
Қалыптасып келе жатқан экономикалық жағдайда Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясатының барабарлығы 1998 жылы инфляцияның тарихи ең төменгі 1,9% деңгейге дейін төмендеуімен расталды.
АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ МАҚСАТЫН АУЫСТЫРУ
– Экономикалық жағдайдың дамуына қарай Ұлттық Банктің міндеттері де, мақсаттары да өзгерді. Бүгінгі күні ҚР ҰБ басты міндеті инфляцияны бақылау болып табылатыны белгілі. Мақсаттың ауысуы қашан және неге болды, өйткені көпшілікке осы уақытқа дейін бұл орталық банкке қарағанда экономикалық блок, нақты экономика секторы құрылымдарының функциясы болып көрінеді емес пе?
– Қазақстанда ақша-кредит саясатының тұрақты жетілдіріліп жатқаны, тиісінше оның мақсаттары мен міндеттерінің өзгеріп жатқанына күмән жоқ.
Теңге енгізілгеннен кейінгі алғашқы 10 жылда Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының мақсаты ұлттық валютаның ішкі және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету болды. Яғни, инфляцияны төмендетуге және сол сияқты айырбастау бағамын тұрақтандыруға қол жеткізу жөніндегі мақсат қойылды. Осы мақсаттың ішкі экономикалық қайшылығына қарамастан ұлттық валютаның қалыптасу кезеңінде оның таңдалуы өзін-өзі ақтаған шара болды.
Қаржы жүйесін дамытудың белгілі бір деңгейіне, баға тұрақтылығына қол жеткізу, барлық қадағалау функцияларын құрылған Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне беру Ұлттық Банкке өз қызметінің сапалы дамуының келесі сатысына өтуіне мүмкіндік берді. Негізгі күш-жігер ақша-кредит саясатын одан әрі дамытуға және оны халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталды.
2004 жылғы 1 қаңтардан бастап басқа міндеттермен қатар жаңа мақсат – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету заңнамалық түрде жарияланды, яғни орталық банктің классикалық функцияларына шоғырлану мүмкіндігі пайда болды.
Осыны шешудің негізі көп таралған, классикалық болып қалыптасқан халықаралық практика болды. Халықтың кірісін құнсызданудан қорғауға және халықтың жинақ ақшасының жедел өсуіне мүмкіндік беретін, әлеуметтік тұрақтылықты ұстап тұруға, елдің экономикасына инвестициялардың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайтын баға тұрақтылығы. Мәселен, Халықаралық есеп айырысу банкінің зерттеуі бойынша баға тұрақтылығы әлемнің зерттеуге қатысқан 45 елінің 33-де негізгі мақсат болып табылады.
ДАҒДАРЫС АРҚЫЛЫ «СТРЕСС-ТЕСТ»
– Елдің қаржы нарығы, сондай-ақ банк секторы бірнеше күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Оның ішінде, ең кем дегенде соңғы әлемдік қаржы дағдарысының екі күрделі кезеңі, бұлар Қазақстанның банк секторына айтарлықтай соққы жасады. ҚР ҰБ қаржы нарығындағы тұрақтылыққа қандай құралдармен жеткенін түсіндіре отырып, оларды еске түсірейік.
– Қаржы дағдарысының күшеюі едәуір қарқын ала бастаған 2008 жылы, сол уақыт кезеңіндегі неғұрлым маңызды сәт мемлекеттік органдардың жүйелік тәуекелдердің дамуына жол бермеу мақсатындағы шоғырландырылған іс-әрекеті болды. Осының негізінде қабылданған маңызды құжаттардың бірі 2008 жылғы 25 қарашада қабылданған Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылының 2009-2010 жылдарға арналған жоспары болды. Жоспарға сәйкес қаржы секторын тұрақтандыру үшін мемлекеттің Қазақстанның төрт банкіне көмек көрсету бойынша уақытша кіруі үшін қаражат жұмсалды. Олар: «Темірбанк» АҚ, еншілес ұйымын қоса алғанда БТА, Халық банкі, Қазкоммерцбанк, Альянс Банк.
– Шаралар іске асты. Соған қарамастан, бүгінгі күні Ұлттық Банк пен банк жүйесі дағдарыс кезеңінің салдарларымен әлі де күресіп келеді. Реттеушінің көзқарасы тұрғысынан стрестік активтердің көлемін төмендетуден басқа қандай міндеттер барынша өзекті болып табылады?
– Дағдарыс салдарынан 2007-2009 жылдары шетелдік қаржы институттарының қазақстандық банктерге орта және ұзақ мерзімді қаржыландыруды ұсынуды жалғастыру мүмкіндігі болмады және банктер ұзақ мерзімді қорландыруды тарту үшін ішкі нарыққа қайта бейімделуге мәжбүр болды. Сонымен қоса, депозиттік база қысқа мерзімді қорландыру көзі болып табылатындықтан, қазіргі кезде қазақстандық банктер ұзақ мерзімді қорландыру көздеріне қажеттілігі артады да, соның салдарынан активтер мен міндеттемелерді өтеу мерзімдерінде едәуір айырма орын алады.
Мұндай ахуал кредиттеу құрылымының біртіндеп өзгеруіне алып келді, атап айтқанда банктер ұзақ мерзімді кредиттеуге қарағанда қысқа мерзімді тұтынушылық кредиттеуге көбірек бейімделе бастады. Осыған байланысты кредиттеу құрылымын ретке келтіру және экономикалық өсуді қосымша ынталандыру үшін банктерге ішкі нарықта ұзақ мерзімді қорландырудың балама көздерін тарту қажет болады деп санаймын. Институционалдық инвесторлар тарапынан сұранысқа ие бола алатын борыштық қаржы құралдарын шығару банктердің орта және ұзақ мерзімді қорландыруының әлеуеттік көзіне айналуы мүмкін. Бұл ретте қайта қаралуы орта және ұзақ мерзімді қорландыру көздерін ұлғайтуға мүмкіндік беретін белгілі бір тежейтін реттеу талаптары (банктерге де, институционалдық инвесторларға да арналған) қолданылады.
ҮЗДІКСІЗ ДАМУ ҮСТІНДЕ
– Қаржы жүйесінің ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып келе жатқан Мысыр пирамидасы емес екендігі түсінікті. Алайда үздіксіз реформалаудың өзі де стрестік жағдай туындатуы мүмкін, мәселен, қоғамда түрлі көңіл-күй тудырып отырған зейнетақы жүйесі сияқты. Қандай да болсын секторды не бүкіл қаржы жүйесін реформалау тұжырымдамасын айқындай отырып, Ұлттық Банк нені басшылыққа алады?
– Қандай да бір секторды реформалау туралы шешім аяқ астынан қабылданбайды. Бұған қалыптасқан ахуалға жасалатын терең талдау және қандай да бір реформалар алып келуі мүмкін салдарлар себепші болады. Соңғы бір жарым жыл ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері, оның ішінде жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіру мәселесі белсенді түрде талқыланып келеді. Нәтижесінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдады. Зейнетақы жүйесіндегі соңғы реформа Қазақстан ортақ зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен 1998 жылы қабылданғанын атап кеткен жөн.
Зейнетақы жүйесін реформалаудың ағымдағы жобасы жұмыс істеп тұрған жинақтаушы зейнетақы жүйесінің кемшіліктерін алып тастауды көздейді. Олар:
жинақтаушы зейнетақы қорлары агенттерінің салымшыларды бір қордан екіншісіне ауыстыру бойынша бәсекелестікке жатпайтын іс-қимылдары;
әкімшілік шығыстардың төмендеуі, оның нәтижесінде комиссиялық сыйақының, филиалдық желіні ұстауға жұмсалатын шығыстардың төмендеуі;
үлестес тұлғалармен жасалатын мәмілелерді болдырмау.
ҮШІНШІ БАЗЕЛЬГЕ КӨШУ
– Бүгінгі таңда отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстанның банк жүйесінің тұрақтылығын қалай бағалап отыр және Ұлттық Банктің қандай стратегиялық міндеттері таяу болашақта өзекті болып қалмақ?
– Жалпы банк жүйесіндегі тәуекелдер деңгейі құптарлық деңгейде сақталып отыр. Алайда кредиттік тәуекелдің жоғары деңгейі банк секторының тұрақты қалыптасуына кедергі келтіріп отыр, өйткені банктердің несие портфеліндегі жұмыс істемейтін қарыздарының жоғары деңгейі олардың нақты секторды барынша белсенді кредиттеуіне мүмкіндік бермейді. Сонымен қоса, Ұлттық Банк енгізген банктердің балансын жұмыс істемейтін қарыздардан «тазартудың» арнайы тетіктері (Проблемалық кредиттер қоры, Стрестік активтерді басқару жөніндегі ұйымдар АҚ-ын құру, салық міндеттемелері жоқ үмітсіз қарыздарды кешіру) қандай да бір дәрежеде осы проблеманы шешуге ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, Ұлттық Банк стресс-тестілеу әдісінің көмегімен теріс макроэкономикалық сценарийдің даму ықтималына банк секторының тұрақтылығын жүйелі түрде бағалайды. «Қазақстанның 2012 жылғы қаржылық тұрақтылығы туралы есебінде» жарияланған стресс-тестердің соңғы нәтижелері күтілетін шығындардың салыстырмалы түрде жоғары мөлшеріне қарамастан, банктер капиталының жеткіліктілік деңгейі жол берілетін мәндер шегінде қалатынын көрсетті.
Сонымен қоса, қаржы секторының тұрақтылығын одан әрі арттыру мақсатында бүгінгі күні Ұлттық Банктің ең өзекті міндеті Базель 3 жаңа стандарттарын енгізу болып табылады. Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті ұсынған жаңа стандарттар банктердің қаржылық және экономикалық стрестер нәтижесінде туындайтын күйзелістерді тазарту қабілетін жақсартуға бағытталған және капиталдың сапасы мен құрылымын күшейтуге, капитал деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды арттыруға, сондай-ақ реттеудің циклділігін барынша азайтуға жұмсалады.
Ұлттық Банк Қазақстан банктерінің арнайы тәуекелдерін ескере отырып, капитал жеткіліктілігі нормативтерінің ең төменгі мәндеріне баға берді. Қазақстан банктерінің жүйелік тәуекелдерге және ықтимал теріс факторларға тұрақтылығына барынша ықпал ететін капитал деңгейі Базель 3 ұсынған стандарттардан жоғары болуы тиіс екендігін нәтижелер көрсетті. Базель 3 жаңа стандарттары Қазақстан тәжірибесіне кезең-кезеңімен енгізілетін болады:
I кезең: бес жыл ішінде (2013-2017 жж.) Базель III стандарттарына сәйкес келмейтін құралдарды алып тастау және консервациялық буферді енгізу;
II кезең: үш жыл ішінде (2016-2018 жж.) капиталға қойылатын талаптарды біртіндеп арттыру.
Кестені екі кезеңге бөлу банктердің капиталға қойылатын жаңа талаптарға көшуін едәуір жеңілдетеді, өйткені бірінші кезең ағымдағы талаптармен салыстырғанда капиталдың ең төменгі мәндерінің нақты төмендеуін болжайды.
– Газет оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Біздің әңгімеміздің соңына таман өз мүмкіндігімді пайдалана отырып, Ұлттық Банк басшылығының атынан «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына денсаулық, табыс, өмірдегі бар игілікті және қаржылық әл-ауқат тілегім келеді. Барлық жобалар мен жоспарлар табысты, мақсаттар биік, ал жеңістер жарқын болсын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Алевтина ДОНСКИХ.