«Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылуда. Сертификат азаматтардың телефондарындағы жеке мәліметтерді сақтауға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білесіздер, интернеттің дамуымен қатар, киберлік құқық бұзушылықтар да жаңа деңгейге шығып отыр. Осы орайда, жеке компьютерден, телефоннан жеке деректерді ұрлау жағдайлары орын алады», деді вице-министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, заңнама аясында сертификат бойынша норма 2015 жылы қабылданды. Онда интернетке шығу мүмкіндігін беретін провайдерлер құрылғы иелеріне қауіпсіздіктің техникалық сертификатын орнату жағдайын ұсынуы тиіс.
«Бүгінде олар бұл норманы іске асырып жатыр. Оны әр адам өз еркі бойынша орнатады. Мәселен, маған бұл сертификат бойынша SMS келмеді. Ал келген бойда оны өзіме және балаларымның құрылғыларына орнатамын. Қауіпсіздік сертификаты арқылы балалар қауіпті ресурстарға өте алмайды, сәйкесінше, жеке мәліметтерді қорғауға мүмкіндік жасалады», деп түсіндірді А. Оспанов.
Операторлар аталмыш сілтеме елдегі барлық абоненттерге таратылып жатқанын айтады. Яғни, әзірге ондай SMS алмаған адамдардың алаңдауына себеп жоқ. Сілтеме келген сәтті күтіп, орнатуға дайын болуы керек. Мамандардың айтуынша, абоненттің хакерлік шабуылға ұшырауы үшін күмәнді сілтемеге өтуі міндетті емес. Яғни қауіпсіздік жүйесінің сертификаты болмаған жағдайда интернет арқылы пайдаланатын көптеген қызметтерге кіретін құпия сөздер мен кодтарды ұрлау оңай. Қауіпсіздік жүйесінің сертификатын орнату осы үшін қажет.