23 Сәуір, 2013

Отандық өнімнің орны бөлек

1188 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отандық өнімнің орны бөлек

Сейсенбі, 23 сәуір 2013 2:00

Қазір қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды. Алайда, бүгінгідей ашық экономикалық кеңістікте шетел өнімдерін ығыстыру жоғары бәсекелестікпен қатар, тауар өткізудегі жүйелі жұмысты да талап етеді. Олай дейтініміз, сапасы жағынан біздің өнімдер шетелдіктерден қалыс қалып отырған жоқ, бірақ өту-өткізу тұрғысынан біршама проблемалар бары анық.

Сейсенбі, 23 сәуір 2013 2:00

Қазір қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды. Алайда, бүгінгідей ашық экономикалық кеңістікте шетел өнімдерін ығыстыру жоғары бәсекелестікпен қатар, тауар өткізудегі жүйелі жұмысты да талап етеді. Олай дейтініміз, сапасы жағынан біздің өнімдер шетелдіктерден қалыс қалып отырған жоқ, бірақ өту-өткізу тұрғысынан біршама проблемалар бары анық. Елімізге арзан бағамен келетін шетелдік жартылай фабрикаттар, ұзақ мерзімге сақталатын мұздатып қатырылған құнарсыз өнімдер қазір қай дүкеннің болсын сөресінде сіресіп тұр. Ал отандық өнімдерге дүкен қожайындары мен шетел өнімін жеткізуші делдал-саудагерлер мойын бұрғысы келмейтіндей. Себебі, оларға халықтың таза, сапалы өнім тұтынуынан гөрі сөреде ұзақ уақыт тұруға жарамды шетел өнімдері қолайлы. Бірақ бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Жүйедегі түйткілдерге көз жеткізіп отырған «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бұдан былай сау­да орталықтарында отандық өнім­дер­дің орын алуына өздері қадағалау жаса­мақ. Осыған орай «Тауар өткізу жүйесі» деп аталатын арнайы жоба қолға алынды.  Өткен сенбіде аталмыш жоба Астананың азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде қанатқақты режімде іске қосылды.

Елбасының аграрлық саланың алдына қойған міндеттеріне сәйкес 2014 жылға дейін азық-түлік тауарлары ішкі нарығының 80 пайыздан астамын отандық тамақ өнімдері құрауы тиіс делінген болатын. Бұл ретте басымдық ауыл шаруашылығының ең маңызды саласы болып табылатын мал шаруашылығына беріліп отырғаны рас. Осыған орай ірі қалаларды азық-түлікпен қамту мақсатында арнайы азық-түлік белдеулері құрылған еді. Соның бірі әрі бірегейі Астананың азық-түлік белдеуінде Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданы бар. Оған елордадан 300 шақырым қашықтықта орналасқан 80-нен астам кәсіпорын енген. Азық-түлік белдеуі бағдарламасы қабылданған 2008 жылдан бері елімізде 34 миллиард теңгенің 61 жобасы бекітіліп, оның 56-сы жүзеге асырылыпты. Жыл соңына дейін оған тағы 5 өндіріс орны қосылмақ. Енді сол өндіріс орындарының өнімдерін өткізуді «Тауар өткізу жүйесі» қолға алады. Бұл жүйенің негізінде сонымен қатар арнайы электронды портал іске қосылады.

«Электронды портал арқылы отандық тауар өндіруші сауда орталықтарымен тікелей байланыса алады. Яғни, сатылатын өнім туралы барлық ақпараттар сол жүйеге жазылады. Осылайша, азық-түлікті  сатып алушы тауар өндіру­ші­нің өнімін өзінен тікелей ала алады. Отандық өндірушілерді қолдау азық-түлік бағасының арзандауына да тікелей әсер етеді деп ойлаймыз. Алайда, қазір кәсіпкерлеріміздің тауар өнімін тікелей нарыққа шығаруға толық мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз әзірге қанатқақты режімде тауар өткізу жүйесі жобасын іске қостық. Мақсат – отандық өнімді өткізу жолдарын кеңейту, атап айтқанда, сауда желілеріне тікелей жеткізіп, көлік-логистикалық қызметтің дамуына әсер ету. Көптеген кәсіпкерлер тауарды өткізуде құр шығынға батады. Өнімді дүкенге жеткізудегі логистика мәселесі, сауда нүктелерімен алдын-ала байланыстың жоқтығы айналып келіп тауар бағасын шарықтатып жібереді. Сондықтан, біз мемлекеттік және жеке әріптестік жүйесі арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуіміз керек. Осы арқылы өнім бағасын қалыпты ұстауға болады», дейді «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов. Егер қанатқақты жоба нәти­же­сін берсе, нарықтағы отандық өнім бағасы 7 пайызға дейін арзандамақ.  Әрине, бұл – тұтынушы үшін жағымды жаңалық.

«Тауар өткізу жүйесі» жобасының тұсаукесері аясында бір топ журналист «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың қаржыландыруымен құрылған «Астана Агроөнім» ЖШС етті қайта өңдеу кешенінің жұмысымен танысып, «Бақара» ет комбинатында болып қайтты.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында орналасқан кәсіпорын осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Бүгінде бұл Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуінің дамуына өз үлесін қосуда.  Жобаның жалпы құны 1 млрд. 148 млн. теңгені құраса, оның 653 млн. теңгесін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ есебінен қаржыландырыпты. Сонымен қатар, «Агроөнеркәсіп кешеніндегі ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру кәсіпорындарын несиелеу» бағдарламасы бойынша «Астана Агроөнім» ЖШС-ға корпорация өткен жылы айналымдағы қаражатын толықтыру үшін 176 млн. теңге несие беріпті.

Ет комбинаты жылына 5000 тон­на ет және шұжық өнімдерін шыға­ру­ға бағытталған. Бүгінде мұнда салқын­да­тылған ет, вакуумды және етті бұзы­лу­дан сақтайтын арнайы газы бар қапта­ма­лар­дағы ет өнімдері, шұжық секілді жүзден астам өнім түрі даярланады. Оның арасынан шұжықтың түр-түрі, тіпті, қазақтың ішекке айналдырған ұлттық қазысын да кезіктіруге болады. Мұнда дайындалатын еттің ерекшелігі салқындатылған күйде сатылады, мұздатып, қатыру жағдайына бармайды. Сондықтан үнемі балғын, табиғи күйін сақтайды.

Комбинатта күніне 40-45 бас ірі қара мал, 4-5 жылқы, 20-30 қой сойылады екен. «Мал маңайдағы елді мекендерден, сондай-ақ, басқа да облыстардан әкелінеді. Мал келген соң мұнда 24 сағат, алыс жерден келсе 3 тәулікке дейін қаңтарылып, қажетінше азықтандырылады. Ал сою әдісі халал стандарттарына сай жүргізіледі. Ком­бинатта орнатылған заманауи қондыр­ғылар Германиядан әкелінген», дейді «Бақара» ет комбинаты директорының орынбасары Түсіпбек Бопин.

Бүгінде зауытта 100-ден аса адам жұмыс істейді. «Бақара» ет комбинаты директорының орынбасары айтып өткендей, жыл өткен сайын мұндағы жұмыскерлердің кәсіби біліктілігі артып, өндірген тауарларының сапасы өсіп келеді. Ал еттің бағасы көбіне сатылған мал бағасына тікелей байланысты екен. Сондықтан, болашақта елімізде мал саны көбейіп, ет арзандап жатса, біздегі ет өнімдерінің де бағасы арзандар еді, дейді Т.Бопин.

«Бақара» ет комбинатынының жұмысымен танысып қайтқан соң журналистер Астанадағы ірі сауда орталықтарының бірінде өткен отандық өнімдердің акциясына қатысты.  Онда елорданың азық-түлік белдеуіндегі тауар өндірушілер өз өнімдерін тұтынушыларға тегін ұсынып, дәмін татуға мүмкіндік берді. Ал акцияға қатысушы тұрғындар отандық өнімдерге бағасын беріп, болашақта тек отандық өнімдерді ғана тұтынғылары келетіндіктерін айтып жатты.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».