Қазақстан • 22 Шілде, 2019

Автотехбайқаудың жыры қашан бітеді?

329 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қоғамда автокөліктерді техникалық байқаудан өткізудің қажеттілігі немесе қажетсіздігіне байланысты алуан пікірлер көптен бері айтылып келеді. Бұл арада мемлекеттің ұстанымы айқын – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлікті техникалық байқаудан өткізу адам амандығын сақтап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтады деп топшылайды. Алайда, осы техникалық байқаудан өткізу саласындағы былықтарға әбден көз жеткізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі байқаудың тәртібін қайта қарау, тіпті оны сапалы жүргізудің тетігі табылғанша, уақытша тоқтату керек деген қорытындыға келген.

Автотехбайқаудың  жыры қашан бітеді?
Есепте жоқ көліктерге де құжат берілуде

Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу саласын мониторингілеу кезінде анықталған заңсыздықтардың географиясы өте кең. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің «Ыстық шілде» атты бір ғана акциясының кезінде байқаудан өткізу бекеттерінің бірталай былықтары әшкере болды. Айталық, Алматы облысында «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесі мен көліктік бақылау инспекциясының мамандары автокөліктің суретін WhatsApp желісі арқылы жіберіп, ешқандай байқаусыз-ақ құжат берудің куәсі болған. 

Мәселені тарқатып айтар болсақ, «Құпия сатып алушы» автокөлігін байқау бекетінің аумағына кіргізбестен, байқау өткізушінің қолына 6000 теңге ұстата салып, міндетті техникалық байқаудың біртұтас ақпараттық жүйесіне енгізілген диагностикалық картаны иеленген. 

Қысқасы – көлігінің байқаудан өт­кі­зілгені жөніндегі картаны сатып ал­ған. Ең сорақысы бұл емес. Өйткені заң­­сыз жолмен техникалық байқаудан өткі­зіл­ген көлік 2016 жылы есептен шы­ға­рылып тасталған екен. Демек, тех­бай­қаудан өткізушілер көліктің бар-жоғына да бас ауыртпастан, азын-аулақ қаражат үшін сорақы заңсыздыққа барған. 

Мамандарды мұндай жағдайдың жиі кездесуімен қатар, құзырлы орындардың қарекетсіздігі де қынжылтады. 

Мәселен, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері жеті­сулық әріптестерінен асып түсіп, тегін жарнама беретін сайттарды сүз­гі­леп, Қазақстан аумағынан тыс жерде тіркелген көліктерді техникалық бай­қа­удан өткізгені үшін заңсыз талон беру қызметін ұсынушыларды тексеріп көрген. Тиісінше, сайттарды сараптау ба­ры­сында «Ресей Федерациясының тех­ни­калық байқауы», «Көкшетауда Ар­ме­ния, Қырғызстан және Ресей тех­ни­калық байқаулары өткізіледі» деген жарнамалар көптеп кездескен. Елімізге ең танымал хабарландыру сайттарының бірінде ғана осы тектес 32 жарнама табылған.  

– Жағдайды тереңірек біле түсу үшін біздер шығарған «Құпия сатып алушы» телефон арқылы хабарландыру иесімен сөйлесіп көрді. Ол жарнаманың авторы Ресей Федерациясы, Армения мен Қырғызстанда тіркеулі көлік құ­рал­дарына автокөлікті көрместен техни­калық байқаудан өтті деген талон бере алатынын айтқан, – дейді «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсе­сінің жетекшісі Мирас Қарғабай. 

Осылайша, келіссөздер барысында Ресей Федерациясында техникалық байқаудан өтті делінген құжатты біздің ақпараттық жүйеге енгізіп, заңды, ресми талон беру қызметі 5000 теңгеге баға­ланатыны белгілі болған. Ал ақпараттық базаға енгізілмейтін бейресми талон үшін хабарландыру иесі 4000 теңге сұраған. Аталған қызметтерді пайдалану үшін автокөлік иесі темір тұлпарының суреті мен құжаттарын WhatsApp желісі арқылы жіберсе жеткілікті екен. Ал көлік құралының техникалық байқаудан өткенін растайтын талонды алу мен қызмет ақысын төлеу үшін алдын ала уағдаласып, кездесу керек болған.  

Міне, бір ғана акция адам өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігіне, ел қазы­на­сына қатысты бірнеше заңсыз­дықты әшкерелеп отыр. Сондықтан да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің уәжі соқырға таяқ ұстатқанмен бірдей болып отыр. 

Техбайқауды тоқтата тұру – қажеттілік

Жоғарыда аталған заңсыздықтар, яғни көлік құралын техникалық байқау­дан өткізудің теріс жолы еліміздің заң­намаларына қайшы келеді, жол қозға­лысы қатысушыларының өміріне қауіп төндіреді, сондай-ақ азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарай итермелей түседі. 

– Техникалық байқаудан өткізуге бай­ланысты сатып алынған талон атал­ған автокөліктің жол қозғалысы қауіп­сіздігіне сай келеріне кепілдік бермейді. Демек, өз кезегінде техникалық байқау­дан өту үдерісі маңыздылығын жояды, – дейді М.Қарғабай. 

Міне, осыдан келіп «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жал­мауызым» деген ой туындайтыны рас. Сондықтан да Сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы саясат депар­таментінің директоры Данияр Сабыр­баев бұл саланы түбегейлі қайта қарау керек деген уәж айтты. 

– Бүгінде іске асырылып жатқан тех­ни­калық байқаудан бас тартудың қажет­тігі логикасына түсінік бергім келе­ді. Қазіргі кезде техникалық байқау шара­лары бастапқыда жүктелген қызмет­терді орындамай жатқанын мойындау керек. Біздің ойымызша, аталған байқау әділ әрі ашық болуы үшін жалпы тұжырымды әзірлегенше, өкілетті органдарға бұл мәселені шешу керек. Сонымен қатар азаматтық-қоғамдық талқылау қажет, – дей келе Д.Сабырбаев шын мәнінде техникалық байқау еш­бір негізі жоқ немқұрайлы шараға айнал­ғанын атап өтті. 

Агенттіктің ұсынысы қарапайым әрі түсінікті – техникалық байқауды сапалы жүргізудің тетігі дайындалғанша, оны уақытша тоқтата тұру қажет. Оның үстіне мұндай тәжірибе өзге мемлекеттерде кеңінен қолданылуда. Әсіресе, Германия, Қытай және Грузия бұл саланы реформалауды көп сөзбұйдаға салмай, нақты шешімдер қабылдаған. Мысалы, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізудің еуропалық жолын таңдаған Грузия билігі барлық заңнамалық тетіктерін, байқау өткізу бекеттерін тәртіпке келтіріп алғанға дейін техбайқауды тоқтатып тастаған. Өйткені техбайқау біреулер үшін жем­қорлықтың «сауын сиырына» айналып, құрдан-құр миллиондаған пайдаға кенелтіп отыр. 

– Қазіргі күйдегі техникалық байқау бізге керек пе? деген сауалға жауап беруіміз керек. Сарапшылардың пікі­рін­ше, бүгінде жүргізіліп жатқан техни­калық байқаудың жағдайы қоғамдық қауіпсіздік тұрғысында қатерлі. Бұл ретте агенттіктің ұстаны­мына тоқталсақ, техникалық байқау стансасынан өту форматын қайта қарастыру керек, – деді Д.Сабырбаев.

Осы деректерден соң ой қорытар болсақ, құзырлы орындар техбайқауды тоқтату немесе мүлдем алып тастау керек деген ойдан ат-тондарын ала қашады. Олардың дәлелдері де дайын. Бірақ М.Қарғабай мен Д.Сабырбаев келтірген деректер тым қатерлі екенін мойындау керек.

Тағы бір атап өтерлік мәселе бар – елімізде жол апаттары азаймай тұрғаны рас. Адам шығыны да орасан. Алайда, қандай да бір жол апатына автокөліктің техникалық жарамсыздығы немесе тиісті байқаудан өтпегендігі себеп болды деген ақпар жоқтың қасы. Тіпті, осы техникалық жарамсыздық есебі жүргізілетініне де күмән келтіруге болады. Әрине, апаттан кейінгі тексерісте жүргізушілердің қолында алақандай талон болса – полицияның да есебі түгел, ал болмай қалып жатса – кінәні де, кінәліні де алыстан іздеп жатпайды. 

Ең бастысы, жол апатына ұшы­ра­ған көліктің жарамдылығына тех­бай­қау өткізу орталықтары жауап бермей­тіндіктен, бұл жүйе тек ақша алу мен текке уақыт шығындаудың амалындай әсер қалдырады. 

Осы техникалық байқаудың қажет­ті­лігі немесе қажетсіздігіне байланыс­ты мәселе көтеріліп, тіпті саладағы заң­сыз­дықтардың өзі су бетіне шығып жат­са да, үнемі қажетсінген жақ жеңіп кел­еді. Мүмкін сол техбайқау жүйесін жақтау­шылар сүйенетін уәж салмақты болып отыр ма?
Алайда, мына цифрлар да ойлантпай қоймайды. Мысалы, елімізде рес­ми тіркелген барлық түрдегі авто­көлік құралдарының саны 5 млн-ға жуық­тайды. Оларды жыл сайын техни­ка­лық байқаудан заңды түрде өткізу ба­ға­­сының ең төменгі шамасын орта­ша есеппен 5 мың теңге деп алар бол­сақ, жылына 20 млрд теңгеден аса қара­жат жиналады. Әрине, бұған қа­рап еліміз­дегі көліктердің барлығы техни­калық бай­қаудан заңсыз өтуде, көп нөлі бар со­ма белгілі топтардың қалтасында жүр деу­ден аулақпыз. Бірақ, бұл цифр – қомақты. 

724 кінәрат табылды

Осы жағдайларға және басқа да себептерге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі жалған техникалық байқау орта­лық­тарымен күресті күшейтпек ниетте. Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде тек жалған орталықтармен күрес қана сөз болып отыр. 

Министрліктің деректеріне сәйкес 2019 жылдың сәуірінде «Жол қозғалысы туралы» заңға техникалық байқау опера­торларының бақылау-диаг­нос­ти­калық жабдықтарынан ақпарат бере­тін арнайы бағдарламаларға қойы­ла­тын талаптарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген.  Қазір құжат жобасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуде. Аталған талаптар авто­­мобильді техникалық байқау желісіне ұсынбастан құжат жасау факті­­лерін болдырмауға, сондай-ақ дерек­терді «қолдан» енгізудің (фотошоп) жолын кесуге бағытталған. 

Министрліктің «Қазақпарат» халық­ара­лық агенттігіне берген мәліме­тінде: «Елімізде техникалық байқауды жою мәселесі қарастырылмайды. Өйткені мерзімді техникалық байқау әлемдік тәжірибеге сай. Ең бастысы, бұл шара адам амандығын, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді. Басқа елдерде тіркелген көлік­терге техникалық байқау жүргізетін тұл­ға­лардың қызметіне келетін болсақ, Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі техникалық байқауды ұйым­дастыру және өткізу тәртібін қатаң қадағалайтын болады», делінген. 

Бірақ техникалық байқау оператор­ларының тізіліміне енбесе де аталған қызметті көрсетіп, табыс тауып жүрген тұлғалардың әрекетін тексеру аталған министрліктің қызметіне кірмейді екен.

Өз кезегінде аумақтық-көліктік бақы­лау органдары 2018 жылдан бергі уа­қыт­та техбайқау жүргізетін 152 опе­ра­тор­ды тексеріп, көлік құралдары жән­е олардың тіркемелерін міндетті тех­никалық байқауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібінен 724 кінәрат тапқан. Осыған байланысты заң бұзушыларға қатысты 4 млн теңгеге жуық соманы құрайтын 193 әкімшілік материал толтырылып, арнайы түзілімнен 88 оператор шығарылып тасталған. 

Сұмдық деректер мұнымен шектел­мейді – 2018 жылдың қараша айынан 2019 жылдың наурыз айына дейінгі аралықта жалған диагностикалық карталарды анықтауға бағытталған 150 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, олардың нәтижесінде жалған карта пайдаланудың 84 дерегі анықталып, техникалық байқау операторларына қатысты 26 әкімшілік материал жинақ­талып, 2 қылмыстық іс қозғалған және операторларды жоспардан тыс тексеруге 13 кепілдеме алынған.  

Бұл цифрлар көлік құралдарын мін­дет­ті техникалық байқаудан өткізу сала­сындағы былықтардың әбден жүйе­леніп, тамыры тереңге кеткенін дәлел­деп-ақ тұр. Сондықтан да «Адалдық алаңы» жобасы кеңсесінің дабыл қаға­тындай реті бар. Әрине, дәл қазіргі жағдайда қоғамдық көлік құралдары мен мемлекеттің есебіндегі көліктерді ғана техбайқаудан өткізуді міндеттеп, қалған көліктерді босата тұруға негіз бар. Алайда жүйелі келеңсіздікке тек жүйелі әрекет пен саяси-экономикалық ерік-жігер тосқауыл болатын сияқты.


Соңғы жаңалықтар