Сарапшылардың айтуы бойынша, Қазақстан халқының басым көпшілігінің ішкі істер органына деген сеніміне кейбір мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желідегі пікірлер кері ықпалын тигізуде. Міне, осы жағдай қоғам мен полиция қызметкерлері арасындағы түсіністікке ши жүгіртіп отыр. Бұл – қоғам мен Қазақстан полициясы арасындағы байланысты жақсартуға және күшейтуге бірден-бір себеп. Ішкі істер органдарының атына айтылып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі кейбір ой-пікірлердің шектен шығып жатқан жайлары барын ешкімнен де жасыруға болмайды. Қазіргі жақсылық пен кемшіліктің қатар өріліп жүрген кезде Қазақстан қоғамының көзқарасы біржақты болуы тиіс емес. Әйтпесе, ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің барлық қал-қадерінше еңбек етіп жатқаны бесенеден белгілі жағдай. Сондықтан кей кезде кездесіп қалатын кемшілікпен бірге жетістікті де көре білу екі жаққа бірдей қажет қасиет.
Қазір жұртшылықтың көкейінде «Енді полиция қызметкерлері қалай өзгереді? Олардың бүгінгі келбеті қандай болуы керек?» деген сауалдар тұр. Иә, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойып отырғаны белгілі. Терроризм және экстремизм қаупі, сыбайлас жемқорлық, ұсақ-түйек ұрлықтар бүгінде елдің алаңдаушылығын туындатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында полицияның жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, саланың ашықтығы мен қолжетімдігіне баса назар аударған болатын. Президент барлық қылмыс атаулымен аяусыз күрес жүргізу керектігін айта келіп, есірткі бизнесіне қарсы күресті де жандандыру керектігін атап көрсетті.
Жасыратыны жоқ, ішкі істер органдары қызметкерлерін былайғы жұрт жемқорлар қатарына жатқызуға әуес. Ал ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасында жемқорлыққа жол беретін жағдайлар мен себептерді жоюға айрықша назар аударылды. Біздің ендігі міндетіміз – тәртіп сақшысы деген құрметті атаққа кір келтірмеу. Сақшылар дың өзі бұл мәселеге өте сақ болуы керек. Бүгінде біз полиция қызметкерлері арасында осы мәселеге орай күнделікті насихат жұмыстарын жүргізудеміз.
Ішкі істер саласында қызмет істейтіндер қауіпті қылмыскерлермен күн сайын бетпе-бет келеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қадағалау сияқты толып жатқан міндеттері бар. Олар уақытпен санаспай еңбек етеді. Сондықтан Жол картасы арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбекақыларын көтеру, тұрөмыс жағдайларына мән беру бірінші кезектегі міндет болып отыр. Үкімет штатты оңтайландыру арқылы 16 млрд теңге үнемдеді. Осы қаржы Үкіметтің бөлген 20 млрд теңгесімен бірге қызметкерлеріміздің еңбекақысын көтеруге бағытталмақ. Айталық, қызметін жаңа бастаған патрульдік полиция инспекторы бұрын 103 мың теңге алып келсе, енді 146 мың теңге айлық жалақы алады. Бұл тізімге учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, патрульдік полиция қызметкерлері және олардың басшылары енгізілді. Қазір тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төлеудің қолданыстағы механизмін арнайы органдар мен әскери қызметкерлерге қарастырылған төлемге балама ретінде ауыстыру мәселесі қаралып жатқаны бізге үлкен үміт сыйлайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында сала қызметкерлеріне бірқатар тапсырмалар берді. Енді қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу басты назарда болмақ. Соның ішінде Мемлекет басшысы ұрлықпен күресті күшейтуді қатаң тапсырғаны белгілі. Өйткені бүгінге дейін тіркелген қылмыстардың 60 пайызы ұрлықтан тұрады. Сондықтан ұрлыққа қарсы күрестің арнайы бағдарламасын қабылдап, іске асыру керек. ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бірқатар заң актілерін әзірлеп жатқанынан да хабардармыз. Мәселен, қазір мал ұрлығы өршіп тұр. Сол үшін де мал ұрлығына қатысты Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізу жөніндегі бастаманы қолдаймыз.
Жалпы, азаматтардың конституциялық құқы сақталған тұстан ішкі істер органдары мен қоғам арасындағы түсінік арта түседі. Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, азаматтардың құқығын қорғау жақсы жолға қойылып, оның бұзылуы азайып келеді.