Сұхбат • 22 Шілде, 2019

Рухани құндылықтарды құнттауға жұртшылықтың ықыласын оятуымыз керек

404 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы өзектілігімен жұрттың көкейіндегіні дөп басқан еді. Онда Елбасы ұлттық бірегейлікті сақтауға, өткеннен сабақ алып, тарихқа құрметпен қарауға шақырып, жас ұрпақтың бойында туған жерге, атамекенге деген патриоттық сезімді тәрбиелеуді тапсырған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев он басымдықтың сегізінші түйінінде осы бағдарламаны дамыту керектігін, «Рухани жаңғыру» құндылықтары ұлтымыздың жасампаздығын арттырып, бәсекеге қабілеттігін нығайтатынын айтты. Бағдарлама аясында Қостанай өңірінде де көптеген істер атқарылды, алда тұрған игі мақсаттар да бар. Облыс әкімінің орынбасары Марат ЖҮНДІБАЕВПЕН әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.

Рухани құндылықтарды құнттауға жұртшылықтың ықыласын оятуымыз керек

– Марат Қонысбайұлы, сананы сілкитін рухани жаңғырулар мен баға жетпес құндылықтардың барлығы да халқымыздың тарихымен тікелей байланысты. Осы орайда, «тарихтың қойып кеткен арбасындай», Қостанай-Торғай өңірінің ел мен жер тарихына қосар үлесі де қомақты ғой?

– Қостанай – экономикалық жағынан еліміздегі қуатты өңірдің бірі. Ауыл шаруашылығында астықтың, қайта өңдеуде ұнның төрттен бірін өндіреміз. Өндірісте Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің аты сыртқа да жақсы таныс, соңғы жылдары машина жасау­дан да көшбасшылық Қостанайдың еншісіне тиеді. Ал рухани дүниедегі бай­лығымыз бұл айтқанымызды он орап кеткендей, халқымыздың қазы­насы дер едім. Арысы атақты батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібектің, бері­сін айтқанда халқымыздың рухани үш бәйтерегінің екеуі – Шоқан мен Ыбы­райдың, Алаш арыстары Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Дулатов­тың, Елдес Омаровтың, халық батыр­лары Аманкелді мен Кейкінің, қазақ драма театрының саңлақтары Сер­ке, Елубай, Қапанның, қазақ ақын қыз­дары­ның көшін бастаған Мәриям апаның, министр тұлғасының үлгісіндей Ілияс Омаровтың кіндік қаны тамған. Атақты ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаев секілді ғалымдар мен Ғафу мен Сырбай бастаған тұтас ақындар легі де Қостанай-Торғай өңірінде туып, өскен. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Оның сыртында Тобыл-Торғай өңірі «мың өліп, мың тірілген» халқымыз көрген талай құқайдың, қан төгіскен шайқастар мен аштықтың, қорлықтың куәсі. Бұл – бергі тарихымыз. Ғасырлар қой­науына бір сәт ойша үңілсек, біздің өңір­дің бағзы замандар тарихы да өте қызықты. Археологтарымыз мен ғалым­дарымыз оны зерттеуді тоқтатқан емес. Осының барлығын бүгінгі ұрпақ біліп, санада жаңғырып тұрғанда ғана рухани өсеміз, дамимыз.

– «Рухани жаңғыру» құнды­лық­тарын ұрпақ білуі, ұлықтауы үшін бүгінде облыста қолға алынған жұмыс­тар нобайы қандай?

– Президент Қасым-Жомарт То­қаев ұлықтау рәсімінде алдағы бес жыл­да атқарылатын 10 бағыттағы іс­терге басымдық бергенін білеміз. Сегізінші бағытта «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді» деді. Мемлекет басшысы мұны еліміздің болашағы жастардың тәрбиесі үшін қажеттігін де нықтады. Егер жас­тар хал­қымыздың, жеріміздің тарихын біл­месе, оны қастер тұтпайды. Ата­мекенге, туған жерге деген патриоттық сезім, ықыластан да ада болады. Ең қауіптісі де осы. Сол себепті Президент сөзінде «Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет» деді. Бұл талап бүгінге дейін біз атқарып отырған жұмыстар аясын кеңейте түсуге итермелейді. Алдымен бүгінге дейін біткен істі айтар болсам, қо­мақты жұмыстар атқарылды. Алдыңғы жылы облыста Кейкі батырдың бас сүйегін әкеліп, туған жер қойнына тапсыру рәсімі өткені белгілі. Батырдың бас сүйегін жерлемес бұрын жаз айларында Жыланшық өзені бойындағы Кейкіні өлтірді деген жерге экспедиция ұйымдастырылып, оның сүйегі іздестірілді. Археологтар жұмыс істеді. Өкінішке қарай, бір ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен оқиға орнынан сүйек табылмады. Күзге салым Торғай кенті мен Арқалық арасындағы үлкен жолдың бойында батырдың кесенесі салынып, бас сүйегінің жерлеу рәсімі республикалық деңгейде өтті. Бұл Кейкісін іздеген ел­дің рухын көтеріп тастады. Қостанай қала­сында батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібекке зәулім ескерткіш орнатылды. Қостанай қаласының іргесінде Ыбырай Алтынсариннің кесенесі Маңғыстаудың ұлутасынан қайта салынып, айналасы соған лайық көріктендірілді. Қазақ­станның түкпір-түкпірінен Қостанайға келген кісілер алдымен Ыбырай ата­мыз­дың басына барып, тағзым етіп, құран бағыштайды. Ал сырттан келген қонақтар да біртуардың кесенесін көргенше асығады. Сонымен қатар, патриотизмнің рухани негіздерін тәрбиелеуге арналған ғылыми-практикалық конференция­лар, халықаралық форумдар, республика­лық айтыстар мен дирижерлер форумы көрер­мендер рухын желпінткен шаралар болды.

Ұлы адамдар халқына мәңгі қызмет етеді. Қостанай топырағынан түлеп ұш­­қан перзенттерінің мерейжас­­тарын атап өту – олардың еңбегін, есімін ұмы­т­тыр­майды, ең бастысы адамдарға рухани азық береді. Тарихи және өнер тұл­ғаларын еске түсіретін ірілі-уақты кеш­тер өтіп жатады. Биыл Бейімбет Май­линнің 125 жылдығы аталып өтеді. Бел­гілі бір шараларды дәстүрге айналдыру керек десек те, таптаурын болып, жыл сайын қайталағанмен, оның көрерменге берері шамалы болады. Ал халықтың рухын көтеру үшін ізденістер қажет. Былтыр Қостанай ауданында өткен «Қымызмұрындық» фестивалі жұрттың көкейіндегіні дөп басқандай болды. Онда көнеріп бара жатқан дәстүрлер қайта жаңғыртылды. Ұлттық дәстүр-салт­тарға, ұлттық спорттық ойындарға кеңі­нен орын берілді. Қымыздың бабын келтіруді қазір жастарымыз біле ме? Фестивальге келген жастар биені өздері сауып көрді, қымыздың түрлерімен, дайындау технологияларымен таныс­ты. Қымыз қазақ үшін таңсық тағам емес, оны ауылда кәсіп етіп отырғандар бар. Бірақ жалпы жастар арасында осы ұлттық тағамның бабын келтіру қаперге алына бермейтіні рас. 

Биыл көктемдегі «Наурыз достарды шақырады» атты І халықаралық би фестивалінде, мамыр айындағы Аман­гелді ауданында өткен «Айналдым сенен, Атамекенім» атты қызғалдық фес­тивалінде де ұлттық құндылықтарға баса мән берілді.

– Рухани жаңғыру құндылықтарын құнттау тек түрлі басқосулардан, фес­тивальдер өткізуден тұрмайтыны анық. Оның ауқымы мұнан кең еке­нін білесіз. 

– Айтарыңызды түсіндім. Қолға ал­ған қандай іс болсын, жастардың өз елінің патриоты болуына, тарихын бі­ліп, ұлттық құндылықтарға адал болу сезімін тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс. Өткен жылдың күзінен бастап, өңір­дегі мұғалімдер облыс тарихынан сыр шертетін материалдар негізінде «Өлкетану» оқулығын шығарды. Ол өткен оқу жылынан бастап, мектеп бағ­дар­ламасына енгізілді. Жалпы руханият­қа, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне музейлердің қызметі ұшан-теңіз дер едім. Облыстағы мектептер мен өлкетану музейлерінің саны бұрынғы 99-дан 164-ке жетті. Туған өлке бойынша 600-ге жуық экспедиция­лар ұйымдастырылды.

«Киелі география» деп аталатын арнайы жобаның аясында 29 қасиетті орындарда жөндеу, көріктендіру жұ­мыс­­тары жүргізілді. Олардың кейбі­реуі дұрыс күтім болмаған соң сана­дан да көмескілене бастаған еді. Мыса­лы, Ыбырай Алтынсариннің кін­дік қаны тамған, Балғожа бидің ауылы болған Омар құдығы деген жер бү­гінде тұтас егістік алқапқа айнал­ған. Өлке­танушылар мен аға ұрпақ өкіл­дерінің айтуымен сол жерде бұрынғы Омар құдығының орнына оның макеті жасалды, бұл орынның тарихи маңызы жазылған мәрмәр тас орнатылды. Аман­гелді ауданындағы Сатыбалды ишан ке­сенесі, Жангелдин ауданындағы қан төгіл­ген Татыр шайқасының орны, Қазы­бай әулие Ақпанұлына белгі, Сары­көл ауданындағы Барақ батыр ке­се­несі, Ұзынкөл ауданындағы Свято-Ни­коль­ский шіркеуі жөндеуден өтті, жаңа белгілер қойылды. Міржақып Дулатовтың Жангелдин ауданындағы кесенесі мен музейі де демеушілік қар­жыға жөнделіп, көркейтілді. Кейкі батыр мен Міржақып кесенелерінде шы­рақ­шы қызмет етеді. Облыс бюд­жетінен 4,3 миллион теңге бөлініп, облыс өңіріне 2 археологиялық экспедиция ұйымдастырылды. Аман­келді ауданының 210 археологиялық ескерткіші және Әулиекөл ауданының 51 археологиялық ескерткіші зерттелді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына аза­маттық қоғам өкілдері де белсене қа­тысады. Мысалы, «Күнтимес» қо­ғамдық қорының төрағасы Ахменов Еділбай ағамыз Шоқан Уәлихановтың туған жері Сарыкөл ауданындағы Күн­тимес ауылында зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, музей ашуды да жоспарлап отыр. 

– Бірақ осы киелі орындардың басым көпшілігі аудан, облыс орталық­тарынан шалғай орналасқан. Оларға жетудің өзі адамдарға қиындық туғы­затын болар? 

– Расында, облыстағы орын­дар­дың басым көпшілігі, анығырақ айт­сақ, 86 пайызы тас жолдардан шет­те, шалғай орналасқан. Сондықтан бұл орайда жолдарды жөндеу кезек күт­тірмейтін шаруа. 2017 жылы «Әулие­көл – Жалдама» бағытындағы тас жол жөнделді. Бұл Кейкі батыр және сол маңдағы Құтан әулие кесенелерінің көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүм­кіндік берді. Сонымен қатар Ыбы­рай Алтынсарин кесенесінің көлік инфрақұрылымы түгел қайта жасалды. Жолдар құрылысы бір-екі жылда біте қалмайды. Облыстағы барлық киелі жерлердің көлік инфрақұрылымы біртіндеп жақсаратын болады, оған жыл сайын қаржы қарастырылып отырады. Киелі орындарды жөндеуге, жолын дұрыстауға барлық қаржы бюджеттен бөліне бермейді, тартылған қаржыға да біраз шаруа бітеді. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі облыс орталығынан тым шалғайда, 600 шақырымдай жерде тұр. Қам кесектен тұрғызылған үйдің тозығы жеткен. Өйткені елсіз мекенде тұрған үйді Арқаның ұзақ қысында жылытып отыру мүмкін емес, жазғы бір-екі айдан басқа кезде оған адам бара алмайды. Оны қайта тұрғызып, баратын жолды, айналасын көркейтуді, көгалдандыруды дұрыстауға демеушілік, меценаттық қаржы тартылуы тиіс. 

Өткен жылы өңірдегі архео­логиялық нысандарды, оның ішін­де Торғай геоглифтерін зерттеуге, бұ­қара­лық ту­ризм­ге тартымды нысандарды қа­лып­тас­тыруға 4,6 миллион теңге бө­лінді. Қостанай өңіріндегі киелі орындар «Киелі Қазақстан» виртуальды картасына орналастырылды. 

«Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстарға жалпы жұртшылықтың бел­сенділігін оятуымыз қажет. Өйткені ұлт­тық, тарихи құндылықтарды жаһан­дану иірімінен сақтау өзімізге бай­ла­нысты. Ұлттық бояуымыз көмес­кілен­бегенде ғана жас ұрпақ жаһандану салқынымен келіп жатқан батыстық құндылықтарға еліктеу-солықтаудан аулақ болады. 

Әңгімелескен 
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
 «Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ