Аймақтар • 22 Шілде, 2019

Атырау – Арыспен бірге

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыс әскери қоймасындағы жарылыстың салдарын жою­дан атыраулықтар да тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар 100 млн теңгеге жуық қаражатты арнайы ашылған шотқа аударды. Төрт жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек Арысқа жетті.

Атырау – Арыспен бірге

Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысу үшін еріктілер барды. Бұдан бөлек мұнайлы аймақтың көмегі­мен Арыста 482 үй қалпы­на келтіріледі. Соның ішінде 24 үй тұруға мүлде жарамсыз деп танылған. Терезелері сынып, төбелері құлаған, іші қираған басқа тұрғын үйлер қазір жөнделіп жатыр. Арысқа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Асқар Маминге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы жұмыстар жөнінде баяндады.

– Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық топ тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін Арыста болады, – деді Нұрлан Ноғаев. – Жөндеу жұмыс­тары­на техникалар мен 500-ге жуық адам тартылды. Қазір об­лыс үлесіндегі сектор­да жұ­мыс қарқынды жүріп жатыр. 

Құрылыс жұмыстарын жүр­гізіп жатқан мердігер ме­ке­мелердің басшыларымен кеңес өткізген облыс әкі­мі ең алдымен сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті. «Арыс, біз біргеміз» акциясы­на қа­ты­су­шы ретінде жағ­дай толық реттелгенше көмек беру шараларын жалғастыра береміз», деген өңір басшысына Арыс тұрғындары ризашылықтарын білдірді. Қала тұрғыны Бибі­хадиша Момын: «Сын сәт­те шет қалмай, қолдау көрсет­кен­деріңізге рахмет. Үйлеріміз жөнделіп, қоныстанғаннан кейін атыраулықтарды қуана қонаққа шақырамыз», деді. 

Мұнайлы аймақтың қам­қор­лығынан Арыстағы мектеп оқушылары да қалыс қал­мады. Облыс орталығының ма­ңын­дағы «Тұлпар» лагерін­де қазір арыстық 50 бала демалып жатыр. Шілде айы­ның соңына қарай тағы да 50 оқушы келеді. Облыстық білім беру басқармасының бө­лім басшысы Алмагүл Қа­йыр­лиеваның айтуынша, лагерь­де балалардың алаңсыз дема­лу­лары үшін барлық жағ­дай жасалған. Ыстық тамақ­пен, киім-кешекпен қам­ты­лады, түрлі спорттық, мәде­ни ша­ра­ларға қатысады. Де­ма­лыс бағдарламасына ортаға­сыр­лық Сарайшық қаласының ор­нын­дағы кешенге бару, Жа­йық өзенінде кемемен саяхат­тау, облыс орталығындағы мә­де­ни орындарды, көрікті жер­­лер­ді аралау да енгізілген.

АТЫРАУ