Әлем халқының 17 пайызы тойып тамақтанбайды
Аштыққа ұшырағандардың саны бойынша Африка елдері көш бастап тұр – Қара құрлық халқының әрбір бесіншісі ішерге ас таба алмай отыр. Онан кейінгі орындарды халқының 7 пайыздайы тойып тамақ ішпейтін Латын Америкасы мен Кариб өңірі бөліседі. Ал Азияда бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл үдеріс жалғаса беретін болса, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының екіншісі саналатын 2030 жылға қарай аштықты жою бағдарламасын орындау мүмкін болмай қалады.
– Климаттың өзгеруі, табиғаттың тосыннан соғатын құбылыстары, қарулы шиеленістер – аштықтың басты себептері. Алайда баяндамада бұған экономикалық даму қарқынының бәсеңдеуі де әсер еткені көрсетілді, – дейді Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының президенті Гилберт Хоунгбо.
Баяндамада 2015 жылы дүниеге келген 20,5 млн баланың салмағы аз боп туғаны атап көрсетілген. Алайда, соңғы алты жылда өсуі кешеуілдеген балалар саны 10 пайызға кеміген.
Сонымен қатар көбіне дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болатын артық салмақ дерті мен семіздікке душар болғандар есебі әлемнің барлық өңірлеріне тән қатер болып отыр.
БҰҰ баяндамасында 2016 жылы әлемде артық салмақты 2 млрд ересек адам мен 338 млн баланың есепте тұрғаны көрсетілген. Ресми жарияланған деректерге қарағанда, семіздік дерті мектеп жасындағы оқушылар арасында кең таралып келеді.
– Бұл қауіпті құбылыстармен күрес неғұрлым пәрменді және ауқымды болуы тиіс, біздер осы салада ынтымақтастығымызды күшейтуіміз керек, – дейді халықаралық ұйымдардың басшылары.
Халықаралық құжатта аштықтың әлеуметтік теңсіздік өскен елдерде анағұрлым көбейгені көрсетілген. Мұндай елдерде қоғамның әлеуметтік осал өкілдері кедейліктің қамытынан шыға алмай, экономикалық дағдарысты еңсеруге қауқарсыздық танытып келеді. Сондықтан да халықаралық ұйымдар енді сіңірі шығып, кедейленген адамдарға арналған жобаларды көптеп қолға алмақшы.
Аш жүргендер Еуропада да көп
Халықаралық ұйымдар басшыларының баяндауларына қарағанда, азық-түлік қауіпсіздігінің сақталмауынан ерлерге қарағанда әйелдердің зардап шегу қаупі басым. Бұндай алшақтық көбіне Латын Америкасында байқалуда.
Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен үш кезеңде жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының кезінде елімізге Сирияда қаңғып қалған жүздеген бейкүнә бала жеткізілгені белгілі. Олардың барлығы дерлік ата-аналарының қалауымен соғыс аймағына тап болып, бақытты балалықтан күдер үзе жаздап еді. Елге оралар сәтте біздің әскерилер бүлдіршіндерді алдымен тойғызып, тамақтандырып алған. Өйткені қарша бораған оқ пен бомбалаулар кезінде Сирия, тіпті кез келген соғыс аймағында қалғандар азық-түлік түгілі бір жұтым суға зар болатыны рас.
– Қазір Таяу Шығыс елдерінде аш-жалаңаш, аштықтың зардабын тартып жүргендер өте көп. Әсіресе, Сирия мен Йемен Республикасындағы ахуал халықаралық қоғамдастықты ерекше алаңдатып отыр. Соғыстың, дағдарыстың бетін әрмен қылсын. Мен елімізге келген сайын бейбіт өмірдің, тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін ерекше сезіне бастаймын. Кезінде Қазақстанға босып, жер аударылып келген талай ұлттың өкіліне бір жапырақ нанын бөліп беріп, аштықтан аман алып қалған біздің халқымыздың несібесі мол екеніне күмәнім жоқ. Қазір туған Отанымдағы халықтың тұрмыс жағдайы көп елдерден артық болмаса, кем емес, – дейді әскери фототілші Назгүл Кенжетай.