Қазақстан • 22 Шілде, 2019

Ерен тоғайын сақтау парызымыз

1412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жер жәннаты Жетісуда тылсым табиғат жаратқан жауһарлардың бірі Ұйғыр, Кеген аудандарының, «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» аумақтарында орналасқан Ерен тоғайы. Бұл облыстың күретамыры саналатын Іле өзенінің бойындағы өлкеміздің бойтұмары сияқты жаратылыстың ерекше құбылысы.

Ерен тоғайын сақтау парызымыз

Деректерге сүйенсек, Ерен тоғайы Жетісу жерінде неоген кезеңінен сақталып қалған таби­ғаттың таңғажайып сыйы. Тоғай Алматы облысындағы Іле өзенінің сол жақ саласы, Шарын өзенінің ортаңғы ағысында, Сарытоғай елді ме­кеніне жақын жерде ор­наласқан. Мұнда өте сирек кездесетін, реликті ағаштың үш түрі: Іле жидесі, Іле бөрі­қарақаты және шаған ерені өседі. Шаған ерені – зәйтүн тұқымдасының шаған туысына жататын, өте ылғал сүйгіш ағаш. Бұл ағаштар өзен арнасына жақын өседі, аумағы 5014 гектар жерді алып жатыр. Соғды ерені немесе шағаны Қазақстаннан басқа тек АҚШ-тың Невада шта­тындағы Гранд шатқалында өсетін, жойылып бара жатқан, аса ыжда­ғат­­тылықпен қорғауды қажет ететін түрі. 

Табиғаттың ерекше сыйы Ерен тоғайының бүгінгі таңдағы ахуалы экологтарды қатты тол­ғандырады. Өйткені, соңғы жыл­дары «Мойнақ» СЭС-і іске қосылғаннан кейін Шарын өзені арқылы ағатын су мөлшерінің азаюы, сонымен бірге тоғайдың суландыру жүйелері мен тармақ­тарының тозуы аумақтың эколо­гиялық жағдайына келеңсіз әсе­рін тигізіп, соның салдары­нан 1,5 гектардан аса Ерен тоғайының құрғап, қурап, жойылып ке­туіне әкеліп соқтырған. 

Ерен тоғайының қорда­ланған мәселелерін шешуді Алматы облысы бойынша Экология депар­таменті дабыл қағып, сол департаменттің бастамасымен ағымдағы жыл­­дың наурыз айында Ерен тоғайының қазіргі таңдағы эко­логиялық жағдайы, со­ның ішінде антропогендік фак­торлардың қоршаған ор­таның жай-күйіне әсе­ріне қатысты құ­зырлы мем­­лекеттік меке­ме­лер­дің қа­тысуымен жан-жақ­­ты тал­қыланды және кешік­тір­мей атқаруға тиісті іс-шаралар тізбегі белгіленді. 

Дегенмен Алматы облысы­ның Ұйғыр ауданының әкім­дігі мен мемлекеттік арнайы меке­мелердің арасындағы өз­ара түсініспеушіліктің, мәселеге атүсті қараудың салдарынан сан мыңдаған жылдардан әдемі әсемдігімен, көкорай көр­кемдігімен табиғат сыйға тартқан мұраның жоғалып, жойылып кетуі елдің, халық­тың алдында кешірілмес күнә болар еді.

Әйтеуір аталған түйт­кіл­ді мәселе Экология депар­тамен­тінің бақылауына алынып, тиісті ме­кемелерден белгіленген іс-ша­­ралардың орындалуы жө­нінде бойынша есептер алынып, егжей-тегжейлі талданып, соның нәти­жесі бойынша шешімдер қа­былданды.

«Жұмыла көтерген жүк же­ңіл» дегендей, осы мәселеге қатысты мемлекеттік мекеме­лер ынтымақтастықпен, түсі­ніст­ікпен жұмыс атқарса, Ал­маты облысының алтын алқа­сы сияқты табиғи ерекше ескерткіш болған Ерен тоғайын болашақ ұрпаққа жасыл желегімен, тал-терегімен, көркейіп құлпырған күйінде жеткізе аламыз.


Қонысбек БАЙЕДІЛОВ,
Алматы облысы бойынша Экология департаментінің басшысы