Аймақтар • 22 Шілде, 2019

Арам ойы іске аспады

781 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өмір болған соң ерлі-зайып­тылардың арасында ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Кейбір отбасылар бір-біріне кеңшілік танытып, кешірім берген жағдайда кешегі ашу бір күнгідей бол­май, артынан жаймашуақ күн шығады. Ал сәл нәрсені көңіліне ала берсе ша­ңырақ түбі шайқалмай қой­майды.

Арам ойы іске аспады

Күйеуімен дәм-тұзы жарас­пай ажырасқан әйел оны өлтіруді ойға алады. Соқыр тұман басын айналдырған келіншек із­деп жүріп өлтірушіні табады. Түркістан облысының тұрғы­нын жалдаған ол бұрынғы жұ­байының басы үшін 20 мың долларға келіседі. «Киллерді» Қызылорда облысының шекарасында шығарып салып тұрып, қолына 10 мың теңге ұстатады. Қалғанын күйеуін өлтірген соң оның дүние-мүлкін сатып бермекке уағдаласады. Орындаушы келісімді құп көрген болып, полицияға арызданады.

Ұсталған азаматша күдікті ретінде танылып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Азаматша Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Респуб­ликасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігінің (Қыл­мысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амал­дары жүргізіліп жатыр.

Халықта «өзгеге өлім тіле­генше, өзіңе өмір тіле» деген аталы сөз бар. Бұрынғы жұбайына кек сақтаған азаматша уыздай тәтті өмірінің бір бөлігін темір тордың ар жағында өткізбек. «Ашу-дұшпан» дегенмен, енді бәрі кеш...

Қызылорда облысы