Ашық Азия кубогының салтанатты ашылуына Азия дзюдо одағының спорт директоры Девит Картер, Азия дзюдо одағының төрешілер комиссиясының мүшесі Мун Вон Бае, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жеткеев, Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев қатысты.
- Ақтаудағы Азия кубогы - 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының алдындағы соңғы жарыстардың бірі. Сондықтан бұл жарыс Токиоға баратын спортшылар үшін берері мол жарыс болмақ. Дзюдошылардың рейтингін көтеруге өз ықпалын тигізеді. Яғни, 1 орын алған балуан 100 ұпай, 2 орынды алғандар 60 ұпайды, ал 3 орынды иеленгендер 40 ұпайды еншілейді, деді Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев.
Екі күнге созылған додада 7 алтын, 8 күміс және 10 қола медальмен Ресей құрамасы медаль кестесінде көш бастады. Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 10 қола жүлдені еншілеп, екінші орынға жайғасты. Оңтүстік Корея құрама командасы болса 2 алтын, 3 қоламен үздік үштік қатарынан көрінді.
Азия ғана емес, Еуропа құрлығынан да спортшылар қатысқан халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес биыл екінші рет Азия кубогы ретінде ұйымдастырылған Ақтаудағы турнирдің ұйымдастырылуы мен барысын, географиясын сарапшылар жоғары бағалады. JUA спорт директоры Дэвид Картердің айтуынша, жылдан жылға қатысушылар асны артып келе жатқан жарыс алдағы уақытта қатысушылар саны мен сапасы жағынан жоғары дәрежеге және жоғары деңгейге жетуі мүмкін.