14 Мамыр, 2013

Істің көзін табу – уақыт талабы

917 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Істің көзін табу – уақыт талабы

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 1:43

Әдетте қандай да істің барысы бас­тапқы қадамға байланысты екені аян. «Сәттілікке тәттілік» дегендей, жұмыстың жандана жүруі қалпында жалғасып, жаңғырық қағуы жақсы жағдай қалыптастырады десек, сондай жағымды нышан өндірісті өңір тынысынан білінетіндігін атауға бо­­­­лады. Мұны жылдың алғашқы үш айындағы аяқ алыстың алымды болуына орайғы мәліметтер ай­ғақ­тайды.

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 1:43

Әдетте қандай да істің барысы бас­тапқы қадамға байланысты екені аян. «Сәттілікке тәттілік» дегендей, жұмыстың жандана жүруі қалпында жалғасып, жаңғырық қағуы жақсы жағдай қалыптастырады десек, сондай жағымды нышан өндірісті өңір тынысынан білінетіндігін атауға бо­­­­лады. Мұны жылдың алғашқы үш айындағы аяқ алыстың алымды болуына орайғы мәліметтер ай­ғақ­тайды. Соған сүйен­сек, аймақ эко­номикасының негізгі саласының бас­ты көрсеткіші – өнер­кәсіптік өн­ді­ріс көлемі 399,6 миллиард теңге құрауы жетістіктерге ұмтылудың үл­кен ұшқынын көрсетеді. Рас, әлемдік қаржылық дағдарыс сал­қыны тимей өтпей отырған «Арселор Миттал Теміртау» АҚ пен «Қазақмыс» корпорациясы жұмысын бұрынғысынша сақтай алғанда өсу қарқыны бұдан гөрі жоғарырақ болар еді. Дегенмен, осын­дай жағдайларға қарамастан, да­мудың жаңа белестеріне биіктеу мүмкіндігі күш пен қуаттың басқа да қай­­­нар көздері аз еместігін танытады.

Бұл уақыт ерекшелігіне сәйкес бір икемділік болса, сон­дай-ақ ин­вестициялық бел­сенділіктің артуы өркендеу шараларын толастатпауға қо­лайлы жағдайлар жасап келеді. Облыс кәсіпорындарына дем берген 57 миллиард теңге инвестиция нәтижесінде іске асы­рылудағы 42 ірі жобаның 22-сі бүгінде толық күшіне енген. Жыл аяғына дейін тағы 10 жаңа өндіріс ашылып, 1135 жұмыс орны пайда болмақтығы құлашты кеңге жайдыра түседі. Бұл ретте «Сарыарқа» еркін экономикалық аймақтағы 11 компанияның өтімді өнімдер өндіруге кірісуінің ықпалы зор болып отыр.

Мұнымен бірге эконо­ми­калық тұрақ­тылықты қам­­­­тамасыз етуге шағын жә­не орта бизнестің үлесі де сал­мақтануы оң құбылыс саналады. Мәселен, аталған сала бойынша өткен мерзімде 117 миллиард теңге өнім өндіріліп, қызмет көрсетілуі өңірдің екінші тынысына тың лептің дер кезінде есуіне қуантады.

Осындай өркенді өзгерістер облыс қазынасының молығуына игі септігін тигізуде. Бюджеттің кіріс бөлігіне бі­рін­ші тоқсанда ғана жоспардан тыс 1,2 миллиард теңге түсуі жағдайдың жалпы жай-күйін анық байқатар дерек. Соның нәтижесінде әлеуметтік бағдарламалардың тиянақты орындалуына қол ұзартылуда. Мысал үшін бұған дейін де тұрғын үй құрылысы жөнінен елімізде алдыңғы орыннан көрініп жүрген облыс осынау үлгілі үрдісті сақтап, биыл да көптеген тұрғынды қуанышқа бөлеуге берік. Оған үш айда 97 мың шаршы метр үй пайдалануға берілуі мықты негіз қалайды.

Аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев бірінші тоқсанның қорытындысына арналған жиында айтып өткендей, өңірдің дамуына өзіндік серпін беруге тиіс мүмкіндіктер аз емес, мұқият талдап, қарауды қа­жет ететін мәселелер көп. Үде­­мелі индустриялық-инно­ва­циялық даму мемлекеттік бағ­дарламасының негізгі ба­ғыт­тарын орындауды ерекше бақылауға алып, сапалы мониторингті қамтамасыз ету, шығарылатын өнімді қайта өңдеу бойынша жобаларды жүзеге асыру, инвестициялар тартуды ұлғайту, Біртұтас экономикалық кеңістік елдері кәсіпорындарымен бірлескен іс-қимылды жетілдіру қажеттігі алға қойылды. Істің көзін тапқанға табыс көл-көсір еке­ні еске салынып, барлық дең­гейдегі буындарға осындай міндет жүктелді.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».