Саясат • 23 Шілде, 2019

Сауалдамаға 3176 адам тартылады

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның Азаматтық альянсы қараша айында қоғамдық кеңестердің қызметі туралы кешенді баяндама жасайды. Оған дейін сарапшылар қоғамдық кеңестер институтын дамытудың қазіргі жай-күйі жөнінде зерттеу жүргізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Сауалдамаға  3176 адам тартылады

Аталған жиында Азаматтық альянс­тың вице-президенті Ғамал Түзелбаев пен Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова БАҚ өкіл­деріне еліміздегі қоғамдық кеңес­тердің қызметі туралы бірсыпыра мағлұмат берді.

Жария болған мәлімет бо­йынша, биылдан бастап қоғамдық ке­ңес­тердің екінші құрамы жасақталды. Алғашқы құрамы 2016-2018 жылдары жұмыс істеді. Бүкіл Қазақстан бойынша 231 қоғамдық кеңес бар. Оның ішінде 15-і республикалық деңгейде, 17-сі облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, 199-ы қала мен ауылдық деңгейде құрылған. Қоғамдық кеңестердің мүшелері – 3570 адам. Оның 3305-і – өңірлердегі қоғамдық кеңестің өкіл­­дері. Қалған 265-і орталық мем­ле­кет­тік органдарда жұмыс істеп жатыр.

– Қоғамдық кеңестер құрылғалы бері азаматтарды мемлекеттік ше­­шім­­дерге тартуға атсалысып келеді. Бұл Азаматтық альянстың да негіз­гі мін­деттерінің бірі болды. Осы бағыт­тағы жұмыста бізді басынан бас­тап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдап келеді. Биыл Азаматтық бастамаларды қол­­дау ор­талығы грант бөліп, қаржы­лан­дыруымен біз қоғамдық кеңестердің қыз­метіне байланысты кешенді баяндама жасағалы отырмыз. Қоғамдық кеңестер мемлекеттік қызметтерді қадағалауда өз әділдігін көрсетті. Енді бұл институттың қазіргі жай-күйі мен алдағы даму бағдарын ай­қын­дау үшін арнайы кешенді баян­дама әзірлейміз. Сол арқылы қоғам­дық кеңестердің атқарған қызмет­тері халыққа кеңінен мәлім болады. Біз қазірден бастап қоғам­дық ке­ңестердің жұмысын зерттеуге кі­ріс­іп кеттік, – деді Ғамал Түзел­баев.

Оның айтуынша, зерттеу жұ­мыс­тарының негізгі кезеңі қыркүйек айы­на дейін жүргізіледі. Барлық өңірде дөңгелек үстел жиындары өтеді. Бұл жұмыстар сауалдама жүргізу, са­раптамалық сауалдама және каби­неттік зерттеу әдістері арқылы орындалады. Сауалдамаға 3176 адамды тарту жоспарланып отыр екен. Олар – 18 бен 60 жас аралығындағы Қазақстанның белсенді азаматтары. Респонденттердің 35%-ы қоғамдық ке­ңестердің мүшелері болмақ. Қалған бөлігін қоғам белсенділері, сарапшылар және ҮЕҰ өкілдері құрайды. Бұдан соң жиналған ақ­па­раттарды өңдеу, түсіндіру және талдау кезеңі қазан айына дейін созылады. Ал зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде әзірленген кешенді баяндама қараша айында көпшіліктің назарына ұсынылады.

Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрайымы Әлия Ғалымова қоғамдық кеңестердің қызметін ұйым­дастыру және қаржылай қамта­масыз ету мәселелері шешімін тап­қанын айтып, олардың дербестігін қалай арттыру керектігіне тоқталды.

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық альянспен бір­лесіп, қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру мақсатында бір­неше бағыттар бойынша жұмыс істеуде. Екі жылда бір рет қоғамдық кеңес­тердің басын қосатын үлкен жиын республикалық мәжілісі өткі­зіледі. Бірінші мәжіліс 2017 жылы ұйымдастырылса, екіншісі биыл ақпанда өтті. Онда қоғамдық кеңес­тердің озық тәжірибелері, кеңестер жұмысын дамытуға қатысты ұсы­ныстар талқыланды. Соның бірі – қоғамдық кеңестерге қатысты заң­наманы жетілдіру. Түзетулердің негізгі пакетін күзде Үкімет пен Пар­ламент Мәжілісіне ұсынуды жос­парлап отырмыз. Біз қоғамдық кеңестердің дербестігін арттыруға ықпал ететін көптеген жаңа тетік­тер­ді қостық. Қоғамдық кеңес мүше­лерінің сайлануын анықтайтын орган ретінде жұмыс тобы істейді. Бұрын мұндай жұмыс тобына мемлекеттік органның басшысы жетекшілік етсе, қазір азаматтық қоғамның өкілдері өздері басқарады. Заң жобасымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері үшін жаңа құқықтар мен өкілеттіктер енгізіледі, – деді Әлия Ғалымова.

Сонымен қатар ол қоғамдық кеңестер қандай нормативтік-құқық­тық актілердің жобаларын қарастыра алатынын өздері шешетінін атап өтті. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің ұсыныстарының орындалу мәселесі де бір жолға қойылады. Енді мем­ле­кеттік органдардың ұсы­ныстарға бір айдың ішінде дәлелді жауап беруі тиіс екендігі көрсетілген норма енгізіледі. Азаматтық қоғам­ның пікіріне негізделетін қоғамдық ке­ңестердің қызметі туралы кешенді баяндама аталған бағыттағы жұ­мыстарды ілгерілетуде бірқатар мәсе­ленің басын ашпақ.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20