Руханият • 23 Шілде, 2019

«Арыстан патша» фильмі: Қазақша дубляждың қарышты қадамы

3596 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балалық шағы өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасына дөп келген ұрпақ америкалық Disney киностудиясы түсірген әйгілі «Арыстан патша» мультфильмінің қызығы мен естен кетпес әсерін әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Өйткені анимация жанрының үздік үлгісі саналатын бұл туынды тек көркемдік сапасымен ғана емес, мазмұндық мән, балдырған санасына сіңірер тәрбиелік тағылым тұрғысынан да өз құндылығын бір еліге бәсеңсітпей келеді.

«Арыстан патша» фильмі: Қазақша дубляждың қарышты қадамы

Дубляж несімен баурады?


Кейде «Арыстан патша» сынды кө­рер­менін бірден өзіне баурап алар сәні мен сапасы қатар келіскен анимацияның үздік туындыларын тамашалап отырып, көңілді сан алуан ой мазалайтыны да жасырын емес. Қызығасың һәм қызғанасың. Сондай кезде жан дүниеңді әлемтапырық күйге түсіріп, түрлі сезімді бір сәтте бас­тан кештіретін Disney туындыларының көркемдік деңгейі мен шеберлік шыңын бағындыруда отандық киностудияларға әлі де ұзақ әрі тыңғылықты ізденістің қажеттілігі де айқын көрініп қалады. Әйтсе де ол олқылықтың сәл де болсын орын толтыруға сегіз жылдан бері үзік­сіз тер төгіп келе жатқан «Бола­шақ» корпоративтік қорының Гол­ливуд туындыларын қазақша сөйлету жолындағы еңбегі ересен. Осымен Disney-дің 31-ші картинасын қазақшаға аударып, балдырғандарымыздың Гол­ливуд жауһарларын ана тілінде тамаша­лауына мүмкіндік жасап отырған шығар­машылық құрам «Арыстан патшаны» да өте жоғары деңгейде «сөйлетіп» шықты.

Фильмнің қазақ тіліндегі жалпы дубляж жұмысына Шах-Мұрат Ордабаев режиссерлік етсе, мәтінді қазақ тіліне Әсел Мамырова тәржімалапты. Ал Disney кейіпкерлерін ана тілінде сөй­летіп қана қоймай, дауыс мүмкіндігі ар­қылы қаһармандардың ішкі көңіл күйін жеткізуде сәтті ізденіс жемісін көр­сеткен отандық актерлер қатарында – Бек­болат Құрманғожаев (Муфаса), Бекнұр Ыбы­рай (бала Симба), Олжас Жақыпбек (ере­сек Симба), Алтынай Нөгербек (Са­ра­би), Динар Қалдыбек (бала Нала), Наурыз Сабағатова (ересек Нала), Сая Тоқ­манғалиева (Шензи), Болат Ыбыраев (Ра­фики), Жәнібек Мұ­саев (Пумба) және Дәурен Серғазин (Тимон) бар.

Жарыққа шыққан голливуд жауһар­ларымен бірге жарқырай көрініп, үз­дік тәжірибе жинап үлгерген шығар­машылық топ, оның ішінде дубляж актерлері әр фильммен бірге шыңдалып, шеберліктің озық үлгісін көрсетуі кө­ңілге зор қуаныш ұялатады. Әсіресе соңғы жылдары қалың көрерменге қа­тарынан жол тартқан бірнеше туындыда талантымен дараланып, көпшілік ықыласына бөленіп жүрген Дәурен Серғазин, Жәнібек Мұсаев бастаған актерлер жұмысы айрықша тоқталып өтуге лайық. Сол секілді бүгінде дубляж саласының «алтын даусына» айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтай актерлер үнінің де кинотеатрлардан жиі-жиі естілуі аталған аудармаларға сапамен қоса, деңгей де үстейтіні сөзсіз. Бір өзі бір институттың кешенді жұ­мы­сын қажырлылықпен көтеріп жүрген актер­лердің жанкешті еңбегі – отандық дуб­ляждың зор мақтанышы.


Тәржіма сапасы талапқа сай ма?


Тәржіма сапасы дегеннен туады, осы тұста атап өтерлік тағы бір айтулы сәт – «Болашақ» корпоративтік қорының аудармалары ешқандай делдал тілсіз, тікелей түпнұсқадан аударылады және барынша қазақ тілінің мағыналық мәнін ашуға тер төгіп келеді. Тіпті голливуд кейіпкерлерінің аузынан шыққан қа­зақы мақал-мәтелдердің орайымен пай­даланылғанын көріп, көңіл марқайып, жан сүйсінеді. Мәселен, біз тамашалаған «Арыстан патша» фильмінде аударманың қазақыланғаны сонша, ұлттық үнде тіл қатқан көркем де құнарлы бай тіл сюжет желісімен керемет үйлесім тауып, тыңдаған құлақтың құрышын қандырады. Оны айтпағанда, кейіпкерлерінің аттары да мінездеріне сай сәтімен қазақшаланған. Мысалы, фильмдегі бәрімізге жақсы таныс «Шрам» деген кейіпкер ана тілінде Ызғар болып үн қатады. Егер мінез ерекшеліктеріне сай сарап­тар болсақ, бұл ат кейіпкерге дәл қойыл­ған. Бәлкім, тура аударма жасалса, «Шрамымыз» «Ызғар» емес, «Тыртық» деп тәржімаланып кетер ме еді?! Міне, осындай ұтқыр аудармаға негізделген жарқын мысалдарға жиі кезіккен са­йы­н «Болашақ» корпоративтік қоры ат­қарып жатқан дубляж жұмысының болашағына зор сенім білдіріп, қолдағың келеді. Бір қызығы, аталған жоба мем­лекеттің ешқандай қолдауынсыз, «Бо­ла­шақ» корпоративтік қоры мен «Ме­ломан» компаниясының «Өзіңнен бас­­та» акциясы аясында NurOtan пар­­­тиясы мен BI Group жекеменшік құ­рылыс компаниясының қаржылық де­меушілігінің арқасында жүзеге асырылып келеді екен.

– Балаларға арналған контентке басымдық беру керек. Өйткені бо­лашақ – солардың қолында. Қазір «Дис­­­нейдің» деңгейіндегі фильмді тү­сіре алмасымыз анық. Бірақ сапалы дуб­­ляж жасауға мүмкіндігіміз жетеді. Аударып, көрерменге ұсынған соң, ол да біздің туынды сияқты әсер береді. Яғни фильмдерді аудару жобасы – тек дубляж емес, бірінші кезекте, қазақ тілін қолдану саласын кеңейту, оны ілгерілету және қазақстандық азаматтардың қазақ тіліндегі әлемдік студиялар контентіне қол жеткізу құқығын жүзеге асыру жобасы болып табылады, – дейді бұл жөнінде «Болашақ» корпоративтік қоры Қам­қоршылық кеңесінің төрағасы Динара Шайжүнісова.


Ширек ғасырда не өзгерді?


1994 жылғы анимациялық туынды­ның ремейкі – бұл «Арыстан патша» жанрлық тұрғыдан жаңаруымен, заманауи техниканың озық үлгілерінің ұтымды игерілуімен және ең бастысы сюжет желісінің, яки көрінісінің барынша шынайылыққа ұмтылуымен ерекшеленеді. Шығармашылық топтың алға қойған мақсатын барынша нәтижелі бағындыру үшін де режиссер Джон Фавро Африканың саваннасына арнайы ат басын бұрып, өлке атмосферасы мен ерекшелігін фильмнің өн бойына дарытуға ұмтылған. Нәтижесінде, өмір мен өнердің шекарасы бірігіп, таңғажайып біртұтастыққа айналған. Туындыны тамашалап отырып бейнебір Африка орманының ортасына түсіп кеткендей күйге бөленесіз. Өйткені мұнда табиғат ерекшеліктері ғана емес, фильмдегі күллі кейіпкер, яғни жан-жануарлардың барлығы да шынайы. Режиссердің төрт аяқты мақұлықтардың сана-сезімін бағындырғаны соншалық, кейбір сәтте көрермен көркем фильм емес, National geographic туындысын тамашалап отырғандай әсерленеді. Сондықтан болар, киносүйер қауым фильм жүрген 2 сағат уақыттың ішінде Африка саванналарын жалаң аяқ кезіп, тұмса табиғатпен сырласқандай, арыс­тандар мен қорқаулар арасындағы бітіс­пес күресті дәл жанында жүріп көріп, сезінгендей ғаламат күйді бастан кешеді.

Сценарийдің құндылығы неде?

Сюжет желісіне келсек, туындының алғашқы нұсқасымен салыстырғанда, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұған дейін де «Кариб теңізінің қарақшылары: өлгендер ертегі айтпайды», «Қолыңнан келсе, ұстап ал» сынды бірнеше сәтті жұмысымен кино кеңістігіне есімі жақсы танылып үлгерген сценарист Джефф Натансон «Арыстан патшаға» драматургия тұрғысынан арнайы тоқ­таларлықтай өзгеріс әкелмеген. Керісінше, алғашқы нұсқаның барлық нәрлі де сөлді тұстарын сақтап қалуға, оқиғаны одан әрі байытуға ұмтылған. Соның арқасында әу баста балаларға арналып түсірілген туынды соңғы тәжірибесінде драматургиялық бояуы мен құндылықтар маңызын одан әрі қалыңдатып, табиғат пен адам ара­сындағы байланысты тіпті тереңдете түскеніне көз жеткізесіз. Әлде, бір кезде экран алдына отырып, «Арыстан патшаны» бауырларымен таласа тамашалаған балдырған көрерменнің бірі – осы жолдардың авторы да бүгіндері есейіп, оқиға желісіне басқаша бойлап, өмір пәлсапасын байыптырақ ұғып үйренді ме екен, әйтеуір ағайынды арыстандар арасындағы тақ үшін тартыс, сатқындық пен өшпенділік, әке мен бала арасындағы шексіз махаббат һәм тереңге тамыр тартқан тіні мықты тек құдіреті, сондай-ақ Симба арыстанның әке аманатына адалдығы мен достыққа, махаббатқа берік көңілі, жүрек тазалығы бұл жолы өзгеше ой иірімдеріне жетелегені сөзсіз. Өйткені анимациялық графика үлгісі мен заманауи техниканың озық жетіс­тіктері сәтті симбиоз түзген айтулы фильм тек балдырғандар үшін ғана емес, ересек көрермендерге де ой саларлық терең­­дікке, мазмұнға ие. Сонысымен көңілге құрмет ұялатады.

Жемісті жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер «Walt Disney Pictures» дауыстар қорында тір­келген. Әлемдік рейтинг бойынша қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тіліне айналды және «Walt Disney» компаниясының тарихында 39-шы, ал «Sony Pictures» студиясы санағында 7-ші орын тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арнап шығарылатын Blu-Ray-де тамашалауға қолжетімді голливудтық фильмдердің алғашқы жетілігіне де еніп үлгеріпті. Қор директорының айтуынша, жаңа жолға түсіп, өз сүрлеуін салған жар­қын жобаның енді кинотеатрлардағы прайм-тайм уақыттағы көрсетілім жағы реттелетін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл түйткілді шешуде шы­ғармашылық ұжымның Мәдениет және спорт министрлігіне артар сенімі зор. Аталған министрліктің тікелей бастамасымен қабылданған «Кинематография туралы» заң қазақ тілді фильмдердің көрерменге ыңғайлы уақытта көрсе­тілуіне кепіл бола алса, қанеки?!