Үкімет • 23 Шілде, 2019

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 15 шілдедегі кеңейтілген отырыста берген тапсырмалары мен міндеттерін орындау жөніндегі іс-шаралар қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә. Смайылов, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ж. Қасымбек пен Г. Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын және жалпы экономиканы жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді», деп Премьер-Министр, Үкіметтің қазіргі және алдағы басты міндеті – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвестициялар тарту екенін атап өтті.

Барлық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен әкімдіктер инвестицияларды тарту бойынша жұмысты белсенді түрде жүргізулері тиіс. Осы жұмысты бақылау үшін әрбір мемлекеттік органға, холдингке және әкімдікке өзекті тиімділік көрсеткіштері белгіленеді.

Үкімет басшысы жаңа тиімді жұмыс орындарын құрып, экономиканың басымдықты секторларында өндірісті әртараптандырудың, озық технологияларды енгізіп, экспортты кеңейтудің қажеттігін атап өтті. 

«Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бірқатар нақты шаралар қолға алынады. Соның ішінде, мұқтаж адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетудің нақты және ашық рәсімдері белгіленеді, әлеуметтік қолдаудың кепілді көлемін көрсетудің бірыңғай тәсілдері жасалады», деді Премьер-Министр.

Білім беру саласында білім мен ғылымды толық қаржыландыруды қамтамасыз етудің іс-қимыл жоспары әзірленеді, мектепте және кәсіптік-техникалық білім беруді одан әрі реформалау жұмысы жалғасады.  

«Бюджетті қалыптастыруға халықтың қатысуын қамтамасыз ету үшін пилоттық режимде «халықтық бюджет» жобасы енгізіледі», деді А. Мамин.

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі Іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Іс-шаралар жоспары толығымен және сапалы орындалуы тиіс», — деп Премьер-Министр, Үкіметтің Жобалық офисі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысына бақылау жүргізудің негізгі  құралына айналатынын айтты.