Қазақстан • 24 Шілде, 2019

ІІМ қорықшыны өлтіргендерді қалай іздеп тапқанын мәлім етті

770 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәртіп сақшылары Ақмола облысының аумағында қорықшыны өлтіргендерді әуеден және үш облыс аумағындағы жолдардан іздестірген. Бұл туралы ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

ІІМ қорықшыны өлтіргендерді қалай іздеп тапқанын мәлім етті

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеуінше, инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланған. Қолдағы деректер барлық аймақтарға жөнелтілген.  

«Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшті. Облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарға блок-бекеттер қойылды, үш облыстың жолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілді. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынған. 

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс болған тұстан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Қорықшы Қ.С. Нұртазиновтың өліміне және қорықшы С.К. Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Сонымен бірге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының браконьерліктің алдын алу және жолын кесу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлады. 

Жыл басынан бері киіктерді браконьерлік жолмен аулау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды, 32 адам ұсталды, 634 киік мүйізі,қылмыс құралдары, сондай-ақ, 13 бірлі автокөлік және 19 - атыс қаруы алынды. Келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асты. 

«Браконьерлік үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту, оның ішінде мүлік пен қылмыс құралын тәркілеу туралы ұсыныстар енгізілді. Табиғат және жан-жануарлар әлеміне қатысты заңдарды бұзушылар келтірген зиян үшін өндірілетін өтемақы мөлшерін арттыру мәселе де пысықталуда. Орман шаруашылығы және жан-жануарлар әлемін қорғау бөлімшелерінің көліктерін арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтап, белгілі бір түске бояу мәселесі әзірленді», делінген хабарламада.