Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Жамбылдық полицейлерге жаңа көліктер берілді

532 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев аудандық полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторларына салтанатты түрде жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін тапсырды.

Жамбылдық полицейлерге жаңа көліктер берілді

Атап айтар болсақ, облыс әкімдігінің қолдауымен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Меркі және Шу аудандарының учаскелік полиция инспекторлары су жаңа «Нива» және «Уаз» маркалы 131 бірлік арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілді. Ал Талас, Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарына көлік келесі жылдың бірінші жартыжылдығында бөлінетін болады. 

Салтанатты шарада сөз алған Нұржан Календеров барлық учаскелік полиция инспекторларын құттықтады. «Облыс әкімдігі ішкі істер органдарымен бірлесіп, аймақта қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастырып келеді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы көлемі де жылдан жылға ұлғаюда және ол өзінің оң нәтижесін беруде. Яғни, облыста былтырғы жылмен салыстырғанда ағымдағы жылдың 6 айында тіркелген қылмыстар саны 9,2 пайызға төмендеді. Біз бірінші кезекте, қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей жауапты, халықпен тығыз жұмыс жасайтын учаскелік полиция инспекторларын қызметтік көлікпен қамтуымыз қажет», деді ол. Өз сөзінде полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев облыс әкімдігіне полиция департаментіне материалдық қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. «Ішкі істер министрлігімен 2020 жыл – «Учаскелік полиция инспекторларының жылы» – деп жарияланды. Осыны ескеріп, облыс әкімдігінің қолдауымен өңіріміздегі барлық учаскелік полиция инспекторлары автокөлікпен 100 пайызға қамтамасыз етілетін болады. Учаскелік полиция инспекторларына көлік бөлу арқылы олардың шалғай жатқан аудандарға жиі барып тұруына, полицияға түскен шақыртуларға дер кезіне жетуіне, отбасылық-тұрмыстық қылмыстарды және басқа да көптеген құқық бұзушылықтарды төмендетуге, сонымен қатар, қылмыстың өсуіне, соның ішінде мал ұрлығына жол бермеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді ол.

Келесі кезекте Нұржан Календеров пен Арман Оразалиев учаскелік полицейлерге салтанатты түрде автокөліктердің кілтін табыстап, өз кезегінде инспекторлар да аянбай қызмет етуге ант берді. Іс-шара соңы жаңа автокөліктердің салтанатты шеруімен аяқталды.