Аймақтар • 24 Шілде, 2019

Батыс Қазақстан полициясы қылмыстың ашылуы жөнінен үшінші орында тұр

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті биылғы алты айдың қорытындысы бойынша қылмыстың ашылуы жөнінен елімізде үшінші орынға көтерілген. Бұл жөнінде департамент бастығының міндетін атқарушы, полковник Серік Сүйінбаев мәлімдеді.

Батыс Қазақстан полициясы қылмыстың ашылуы жөнінен үшінші орында тұр

- Бұл жетістікке біздің жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары және азаматтық қоғам өкілдерінің ынтымағы, қарапайым тұрғындардың белсенділігі арқасында жетіп отырмыз, - дейді Серік Сүйінбаев.

Атап айтқанда, өңірде тіркелген қылмыс саны 5%-ға азайса, 10 мың адамға шаққандағы қылмыс саны 8 тарап бойынша төмендеген. Әсіресе аса ауыр қылмыстар 10%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыс саны 15%-ға түскен. Соның ішінде кісі өлтіру 37%-ға азайғаны қуантады.

Полиция таратқан мәліметтерге қарағанда, денсаулыққа ауыр зардап келтіру, зорлау және бопсалау секілді аса ауыр қылмыстар 100 пайыз ашылған. Түрлі дәрежедегі ұрлық оқиғалары үшін 1087 адам тұтқындалып, 48 қылмыстық топ әшкереленген.

- Жыл басынан бері 423 бас мал қолды болған, тергеу-іздестіру шаралары нәтижесінде 224 бас мал иелеріне қайтарылды. Мал ұрлығына қатысты 13 қылмыстық топ әрекеті анықталып, 87 адам жауапкершілікке тартылды, - дейді полковник. Серік Сүйінбаев.

Өңірде полиция жұмысын ашық ету, тұрғындармен жақын қарым-қатынас орнату және азаматтарға кезектен тыс қызмет көрсету мақсатында жыл басынан бері 4 мәрте «Жол бойындағы қабылдау» шарасы ұйымдастырылған екен. Бұл шараларға жалпы саны 2121 адам қатысып, мамандарға жолығып немесе телефон шалып, ақыл-кеңес алған. Болашақта да бұл акция жалғасын табады.


Батыс Қазақстан