Спорт • 25 Шілде, 2019

Жарыс жолынан шығып қалды

224 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Франция тас жолдарында өтіп жатқан велоспорттан бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» көпкүндігінің 16-кезеңі «Астана» велокомандасы үшін сәтсіз аяқталды.

Жарыс жолынан шығып қалды

Ним қаласында өткен 16-кезеңнің мәре сызығына 28 шақырым қалғанда «Астана» велокомандасының капитаны Якоб Фульсанг спортшылардың қақтығысынан жарақат алып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Фульсанг биылғы «Тур де Франс» жарысында осымен екінші рет жарақат алып отыр. Ол бұған дейін бәсекенің алғашқы кезеңінде құлап, жеңіл жарақаттанған-ды. Бұл жолғы жарақаты ауыр болып, дәрігерлер оған жарысқа қатысуға тыйым салды. Сонымен қатар «Астананың» тағы бір өкілі Луис Леон Санчес те қатардан шығып қалды.

Бұл кезеңге дейін Фульсанг жалпы есепте тоғызынша орында келе жатқан еді. Ал қазіргі жағдай бойынша «Астана» велокомандасынан ең үздік нәтиже қазақстандық Алексей Луценкоға тиесілі. Ол жалпы есепте 25-орында тұр.