Қазақстан • 25 Шілде, 2019

Бір қасық бал – алтынға пара-пар

1004 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бекер айтылмағаны анық, бірақ ара шаруашылығымен айналысатындардың шекесі шылқып жүрген жоқ. Өйткені біз тамсанып жейтін бір қасық бал алу үшін омарташылардың орасан төзімі мен қыруар қаражаты жұмсалады екен.

Бір қасық бал – алтынға пара-пар

Қазіргі күні Қазақстанда омарта шаруашылығын ашып, аяғынан тік тұрғызу үшін кемі 10-12 мың АҚШ доллары шамасында қаражат болуы керек екен. Әр ұяда бір ара отбасы тұруы тиіс. Оның құны 80-100 шартты бірлік шамасында. Ал омартадағы аралардың тынымсыз тіршілігі қайнап, тұтынуға қажетті бал алу үшін ара ұясы елуден кем бол­мауы керек дейді мамандар.

Жалпы, ара шаруашылығы дамыған мемлекеттердің көшін іргедегі Қытай бастап тұр. Экс­порттауда да Бейжің алда. Бұл ел әр маусым сайын 250 мың тонна ара балын сыртқа жөнелтеді екен. Бірақ Қытай ішкі нарығындағы сұранысты қанағаттандыру үшін дәл осы шамадағы бал импортын қабылдайды. Мамандар Қы­тай­дағы ара балын өндірудегі экспорт пен импорт көлемінің тең түсуін басқаша болжайды. Көбіне қытайлық бал өнді­рісі өнімді химиялық жолмен алатындықтан, ол ішкі нарық­та жоғары сұранысқа ие емес. Ал тұрғындардың табиғи өнім­ді тұтынуға деген ынтасы жо­ғары болғандықтан, сауда нары­ғына импорт енгізуге мәжбүр дейді сарапшылар. Демек, Қы­тайда өндірілген 250 мың тон­на бал экспорт ретінде Қазақ­стан нарығына да еркін еніп отырғаны анық. Есесіне, көрші елде біздің омарталардан жи­нал­ған балдың бәсі жоғары. Шека­раның арғы бетіндегі балқұ­мар жұрт аз жыл ішінде бір ғана Алматы облысындағы ара ша­руа­шылықтарының негізгі тұты­ну­шысына айналып отырғаны бұған дәлел.

Былтыр Қытайдың Шанхай қала­сын­да импорт тауарларының халық­аралық көр­месі өткен еді. Бұл көрмеге 130 мем­лекеттің өнім өн­дірушілері қатысқан екен. Қа­зақстан да өзінің павильо­нын­да отыздан астам кәсіпорын­ның өнімін ұсынды. Осы көр­меде әлемдегі сау­да нарығының үлкен ойыншыларын Алматы облысының Алакөл ауданы ау­мағында өндірілген ара балы қат­ты қызықтырыпты. Әсіресе Қытай кәсіп­керлері «Лепсі өнім­дері» шаруа­шы­лығы­ның балын түп қотара сатып алуға бейіл болған екен.

– Қытай компаниясының біздің өнім­ге деген қызығушы­лығы жо­ғары, сұра­ныс тұрақты түрде жол­­данып тұрады. Осыған дейін серік­тес­терге оннан астам сынала­тын өнімдер топтама­сын жібер­ген­­біз. Қазіргі таңда келіссөздер жү­р­­гі­зілуде. Өнімді экспорттау бо­­йын­ша мәсе­лемен айналысып жа­тыр­мыз, – дейді «Лепсі өнімі» серік­тес­тігінің сауда өкілі Диас Серікбаев.

Айтпақшы, Қытай тарапымен бұған дейін дайын бал өнімін ғана емес, бал арасын сатып алу бо­йынша да келісім болған екен. Бір ғана Шэньси про­винциясының кәсіпкерлері Қазақ­станнан бал араларын сатып алған. 35 млн тұрғыны бар осы өлкеде балға деген сұ­ра­­ныс өте жоғары көрінеді. Бі­­рақ мұқым Қытайды балмен қам­туға Қазақстанның мүм­кін­дігі жоқ. Дерек бойынша, қазір отан­дық омарташылардың жыл­дық өнімі 10 мың тонна шамасында. Бұл ішкі нарықты толық қамтуға жетпейді. Сондықтан да қазақтың қасығы әлі де орыс пен қытай омарталарында жи­нал­ған балға шылана беретін сияқты...

Сондай-ақ қазақ балын сатып алуға Қытайдан бөлек араб елдері де ынталы. Арабтар дайын өнімді тұтынушы ғана емес, ара шаруашылығының жұ­мы­сымен танысуды қызық көреді екен. Қазір дәл осы бағыттан пайда табуға болады. Ол үшін аймақтардағы агроту­ризмді дамыту керек.

– Біздің омарта шаруашы­лығы­мыз Іле Алатауының бөк­терінде, теңіз дең­гейінен 1500 метр биіктікте орна­лас­қан. Таудағы табиғат әлемі ғажап. Мұнда өскен ара балының дәмі тіптен ерекше. Қазір біздің өнім­дерімізге өз елімізден бөлек, Қытай, Ресей араб елдері қы­зығып отыр. Сырттан келетін ту­рис­тер үшін демалыс ұйымдас­тыру­ды қолға алдық. Ара шаруа­шы­лығының жұмысын бақы­лап, балдың қалай жиналатынын көруге жұрт құштар. Әрі денсаулыққа пайдалы саяхат жасауға болады. Осының бәрін агротуризм аясында жүргізу керек. Қазір Ал­маты облысында бұл жұмыстар жү­йе­леніп қалды. Облыс әкімінің көме­гі­мен шаруашылыққа дейінгі жолды ас­фальт­тадық. Келушілер қиналмай жүреді. Был­тыр бізге Грузия, Германия, Ита­­лия­дан туристер келді, – дейді Қара­сай ауда­нындағы «На100% ящий мед» ара ша­руа­­шы­лығының жетекшісі Павел Коновалов.

Балдың дәмі тәтті болғаны­мен, еңбегі қатты дегенді жиі айтамыз. Мұны өз ісінің шебері Павел де құптайды. Бұрынғы әскери қызметкер доғарысқа шыққан күннен бастап бал арасын бағуға кірісіпті. Қазіргі ісі өнімді, табысы да шаш етектен. Павелдің омарта шаруашылығында 1000 аналық ара бар екен. Бал бизнесі табысты болу үшін аналық аралардың санын арттырып отыру міндет. Ісі нәтижелі болып, өзін ақтауы үшін кемі 50 аналық ара бал жинауы керек. Оның қақ жарымы шы­ғынды жабуға кетсе, қақ жарымының өні­мі табыс әкелуі мүмкін. Аналық араны өсірудің өзіндік құпиясы бар екен. Бұ­лар 5 жылға дейін өмір сүріп, бал жи­нау­ға қабілетті. Өте сезімтал, жарық пен түс, иіс пен жылуды сезу қасиеті жоғары деңгейде дамыған.

– Қазір тұтынушылардың таза балдан бөлек «ара сүтіне» сұ­ра­нысы көбейді. Біздің шаруа­шы­лық осы бағытты дамытып отыр. Жылына 20 килоға де­йін «ара сүтін» жинаймыз. Бұл – ел бойынша рекорд. Басқа ша­руа­шылықтар 150-200 грамм ғана жинап келеді. Жалпы, отандық омарташылар арасында жақсы бәсеке қалыптасты. Біз бір жылдары 2050 жылға дейін Қазақстандағы бал өнімін 1 млн тоннаға жеткіземіз деп уәделескенбіз. Осыған тырысып жатырмыз. Әрине қиын, бірақ қиындықты еңсерген адам ғана табысқа жетпей ме? – дейді Павел Коновалов.

Айтпақшы, Дүниежүзілік ара шаруа­шылығы ассоциация­сы­ның дерегінше, әлемнің әрбір тұр­ғыны жыл сайын жалпы көле­мі 1 килограмм бал жейді екен. Бірақ біз тұтынатын бал мөл­­шері 50 грамнан аспайды. Есе­­сі­не, қантты көп жейміз, едің әр тұрғынына жылына 36 ки­ло­­­грамм шекер кетеді. Оның себебін бал бағасының тым көтерің­кі екенінен де іздеу керек сияқ­­ты. Қазір нарықтағы қант бағ­а­сы 280-320 теңге аралығында бол­са, балдың 1 килосы 1500-3000 теңге шамасында сатылып жатыр.


Алматы облысы