Қазақстан • 25 Шілде, 2019

Қандықол браконьер құрықталды

521 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше киік атқан қаскөйлердің ізіне түсіп, қаза тапқан қорықшы туралы тағы бір суыт хабар тараған еді. Сол күні кешкісін жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Ақмола облысының Жарқайың ауданында табиғат сақшыларына шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды.

Қандықол браконьер құрықталды

Бұл оқиға туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ар­найы мәлімдеме жасады. Жа­рия болған мағлұмат бойын­ша «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалы­ның инс­пекторларына шабуыл жаса­ған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін республика көле­мінде «Ұстау» жоспары жаса­лып, қолдағы деректер бар­лық ай­мақ­тарға жөнелтілген. Оқи­ға ор­нына жақын орналасқан Ақ­мола, Қостанай және Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарының жеке құра­мы дереу күшейтілген қыз­мет­ке көшірілген. Облыстық жә­не республикалық маңызы бар жолдарға блок-бекеттер қойы­лып, үш облыстың автожолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілген. Іздестіру жұ­мыстарына ІІМ ТЖК тікұшақ­тары, ІІМ Криминалдық поли­ция департаментінің және «Ар­лан» арнайы бөлімшесінің қызмет­керлері қатысты.

Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анық­та­лып, қамауға алынды. Сондай-ақ қылмыс орнынан 20 шақырым жерде қалдырып кеткен «Нива» мар­ка­лы автокөлік табылды. Қа­зіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қыл­мыс құралы мен оқ-дәрі­лер тәркіленді. Бірқатар крими­­налистік сараптамалар белгі­ленді. Бұл қылмысқа басқа да қаты­сушылардың бар-жоғы тексе­ріліп жатыр. Қорықшы Қ.С.Нұр­тазиновтың өліміне және қо­рықшы С.К.Оспановты өлтіру әре­кетіне байланысты  Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының браконьер­лік­тің алдын алу және жолын кесу бойынша атқарып жат­қан жұмыстары туралы хабар­ла­ды. «Жыл басынан бері киік­терді бра­коньерлік жолмен аулау фак­тісі бойынша 37 қыл­мыстық іс қозғалды, 32 адам ұс­тал­ды. Сон­дай-ақ 634 киік мүйізі, қылмыс құралдары, 13 ав­то­көлік және 19 атыс қаруы тәр­кі­ленді. Келтірілген шығын кө­лемі 1,3 миллиард теңгеден асты. Браконьерлік үшін әкім­ші­лік және қылмыстық жауап­кер­ші­лікті күшейту, оның ішінде мүлік пен қылмыс құра­лын тәр­кі­леу туралы ұсы­ныстар енгі­зілді. Табиғат жә­не жан-жануар­лар әлеміне қатыс­ты заңдар­ды бұзушылар келтір­ген зиян үшін өндірілетін өтем­ақы мөл­шерін арттыру мәсе­лесі де пы­сық­талуда. Орман шаруа­шы­лығы және жан-жануарлар әле­мін қорғау бөлімшелерінің көлік­терін арнайы жарық және дыбыс сиг­нал­дарымен жаб­дық­тап, бел­гілі бір түске бояу туралы іс-шаралар әзірленді», деп көр­­сетілген ми­нистрдің мәлімде­месінде.

Киіктердің өмірін арашалап жүріп ажал құшқан Қаныш Нұр­тазиновты ақтық сапарға шы­ғарып салу рәсімі 26 шілдеде Қарағанды облысының Жезқаз­ған қаласында өтеді. Марқұмның денесі туған ауылына ертең жеткізілсе, туыстары мен жақын­дары жаназасын жұма күні шы­ғарады.

Ал жараланған екінші инс­пектор Самат Оспановтың өміріне қазіргі уақытта қауіп төніп тұрған жоқ. Оған Державин ау­­дандық ауруханасында ота жа­­салды. Көп бейінді аурухана директорының хирургия жө­нін­дегі орынбасары Дмитрий Чай­ков науқасты қосымша тексе­руден өткізіп, кеуде қуысын және иық сүйегін компьютерлік томографияға түсіргендерін ха­барлады. Қазір ол травматоло­гия бөлімшесінде күзеттің қа­дағалауымен арнайы палатаға жатқызылған.