Руханият • 25 Шілде, 2019

Ескерткіштер мен естеліктер

1454 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұзынағаштағы аудандық Мәдениет үйінің сол жақ бүйірін ала, жасыл нуға малынған жалпақ сайдың ернеуінде найзасын көкке қадап Ер Қарасай батырдың ескерткіші тұр. Батыр бабаның жаныңды рухтандыратын таңғажайып тас мүсінін бір сипап, тәу еткен сайын тарих қойнауына тереңдеп кеткен бір оқиға ылғи еске түсе береді...

Ескерткіштер мен естеліктер

Ол кезде, дәл осы жерде, Ленин атындағы колхоздың Мәдениет үйі саналатын еңселі ғимараттың алдында пролетариат көсемдері Ленин мен Сталиннің (Кеңес Одағының барлық бұрышына кең тараған «Ленин мен Сталин Горкада» монументі - авт.) аяқтарын айқастырып, бір-біріне еміне қарап отырған ерекше ескерткіш тұрыпты. Озат колхозшы Алғадай Бөкенбаев көкемнің аудандық редакцияға келген бір сәтінде айтқаны: 1953 жылдың суық көктемінде дүниеден өткен Сталиннің тас мүсінін орнынан алып тастау туралы екі жылдан соң басталған науқан Ұзынағашқа да жетеді. Тапсырма түсуін түскенмен колхоз басшылары күндей күркіреп немісті жеңген қаһарлы көсемнің тас мүсінін құлатуға жүректері дауаламайды. Ақыры партия ұйымы бас болып, тиранның ескерткішін қалайда осы түні тайдыруға тас-түйін бекінеді. Партия «тапсырысын» орындау атақты коммунист-тракторшыға жүктеледі. Батылдық үшін жарты бөтелке арақ ішіп, түн жамылып жалғыз жорыққа шыққан ол батырдың «көзсіз ерлігі» сол күн ертесімен-ақ жазылмаған тарихқа айналатынын ешкім білмеген! Сөйтсе, маңдайдағы қос шамының бір көзі ғана өлімсіреп жанатын шынжыр табанды «ДТ» тракторымен діттеген жеріне үрей құшағында жеткен тракторшы темір арқанды Лениннің мойнына лақтырып, тас мүсінді сай табанына бір-ақ сүйреп апарып тастаған екен...

Әрине тарихи сабақтастық деуге келмес, көп кешікпей Сталин «кетіп», Лениннің мүсіні екінші мәрте тұғырына «ың-шыңсыз» қайта қонған дәл сол жерде Ер Қарасай бабамыздың ескерткішінің де бір орынға екі мәрте қойылғаны бар. Өйткені батырдың бірінші ескерткішіндегі ат пен адамның тас­тан қашалған мүсіндерінің көлем-өлшемі еш үйлеспесе де біршама жыл «ескерткіш атын жамылып тұрды». Абырой болғанда, көзіқарақты азаматтар қателікті түзетті, шүкір. Алматыдағы атының алты құлаш сүйретілген құйрығы жер тіреген, өзінің кернейдей қалпағы көк тіреген Абылайхан ескерткішіне қарай-қарай, «күңкілдей-күңкілдей» жүріп халықтың көзі оған да үйренді. Ендігі жерде «Е-е, өмірде арыстандай айбарлы Абылайхан мен оның арғымағы осындай болған» деп, бұл құбылысты жас ұрпақтың санасына сіңіру ғана қалды. Осындайда тастан қашаса да, шойыннан құйса да кейіпкерін айнытпайтын хас шебер, қазақтан шыққан тұңғыш мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың есімін еске алып, шеберлігіне бас шайқайсың. «Абай», «Шоқан», «Жамбыл», «Бала Жамбыл» ескерткіштері!..

Ел қорғаған батырларымыз бен бойына сөз құдіреті қонған абыздарымыздың ескерткіштері тәуелсіздік жылдары Қазақ­станд­а саңырауқұлақтай қаптады. Әрине бұған қуанасың! Өкінішке қарай, «қосақ ішінде талай бос ат» кетті. Қолына найза алып, басына дулыға киіп, арғымақ мінсе, ол – Қабанбай, Бөгенбей, Наурызбай бастаған батырлар, ал бөрік киіп, домбыра ұстаса, ол – Құрманғазы мен Жамбыл бастаған ақын-сазгерлер тобы деп ұғынуымыз керек. Бейне – айна-қатесіз сериал! 
Ол дәстүрге айналды. Гранит тұғырдағы жазуды оқып барып, кімнің кім екенін ажыратып жатамыз. Русьтің соңғы патшасы, Бүкілресейлік тұңғыш император Петрдің тас тұғырдағы ескерткішіне (Санкт-Петербор, «Мыс салт атты») әркез тесілген сайын «Осы кісінің көзі тұздай емес пе өзі?» деп сүйсіне таңырқайсың. Басында патша тәжі жоқ, жалаңбас! Мұндай қылауы жоқ мүсіншілік шеберліктің құдіреті мен қасиетіне қалайша бас ұрмайсың?! 90-шы жылдардың басында үлкен бір ауылда Ленин ескерткішінің қалай Абайға айналғанына куә болғанбыз. Көсемнің қушиған бетіне домалақтап гипс жапсырып, жалтыр басына дөңгелетіп тақия кигізсе бірінші ұлт ақынымыздан аумай қалады екен! Қайта бүгінгі көп ескерткішке қарағанда оныңыз ерекше өнер туындысына өте-мөте ұқсаңқырайтын. Біздің бүгінгі мүсіншілеріміз кеңестік атақты мүсінші Евгений Вучетичтің БҰҰ-ның Бас ғимараты (Нью-Йорк) алдындағы «Семсерден соқа соғамыз» ескерткішіне мән бермей жүр-ау деп айта алмаймыз. Қайтарылған қалың шашты, жазық маңдайлы, атжақты сол кейіпкеріне Вучетич байырғы танысы әрі сырласы, даңқты полковник Бауыржан Момышұлының бет-бейнесін таңдаған. Ал біз Қазақстандағы он сан ескерткіште Баукеңді әлі күнге дейін елтірі папахасыз елестете алмай әуреміз! 
Ең болмаса, өзіміздің Вучетичтен үйренсек, кәне?!.