Руханият • 25 Шілде, 2019

Еркін Нұразхан. Шарайна

1156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біреулерге күлкі, бәз біреулерге түрпі болып тиген Еркін Нұразханның шарж бен карикатура суреттерін салуда автордың азаматтық ұстанымы соны серпін сыйлады. Сұңғыла суреткер бедерлеген қатар жүрген құрдастары мен замандастарының юморлық бейнесі еріксіз езу тартқызса, қоғамның көлеңкелі жақтарын әжуа еткен графикалық суреттері өткен-кеткенді қозғайды.

Еркін Нұразхан. Шарайна

Ұлттық музейде ашыл­ған «Шарайна» көр­ме-за­­лына аяқ басқан жанды арыстандай арқыраған ректор, от ауызды, орақ тілді айтыс­кер, қарагердей кісінеген ақын, жем-шө­біне ие бола алмай аузы шүршиген министр, ән­ші­лігімен елді аузына қа­ратқан билікшіл ханым тік тұрып қарсы алады. Бұ­рынғы және соң­ғы жылдары салынған 100-ге тарта карикатура жанрын­дағы туындыларынан ав­тор­дың отыз жылдық шы­ғар­машылығының эволюциясын көруге болады. Орындау техникасымен бір­­ге тақырып тұрғысынан да әр алуан сипатқа ие жұ­мыстарының алғашқы ке­зеңі миниатюрлы келсе, кейінгі қолтаңбасы түрлі-түстілігімен ерекшеленеді. Суретшінің айтуынша, түс мінезді жақсы жеткізуге көмектеседі.

«Қасым Қайсеновпен танысуға барғанда, атымды естіген ағамыз «Қазақ әдебиетіне» шығып жат­қан сен бе? Міне, сенің аль­бомыңды жасап қойдым» деп, газетке шыққан сурет­терімді қиып, оқушы дәпте­рін толтырып, альбом жа­сап қойыпты. «Керек болады. Кітап шығарып, көрме өткізесің» деп ал­ғаш айтқан сол Қасым аға болатын. Әйтпесе, сурет салына бастағанда осы жанр­дың етегінен түпкілікті ұс­­таймын деп ойлаған жоқ­­пын», деп еске алады суретші. Өзінің айтуынша, жас суретшінің талантын алғаш таныған «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев болса, редакторлардың редакторы атанған Шерхан Мұртаза, сын сардары Қалтай Мұха­мед­жанов бағыт-бағдар бе­ріп, карикатура жанры­мен жүйелі түрде айналы­суына елеулі ықпал еткен. Осылайша Еркін Нұраз­ханның жанқияр еңбегі турасындағы ағалар лебізі келешек өрісіне жол ашып беріп, қазақ бейнелеу өнеріндегі кенже қалған карикатура жанрын өмірлік мақсат-мұратына айналдырды. 1982 жылдан бері қызметтік ортада жүздес болған белгілі тұлғалар мен қаламгер ағаларына шарж жасап, «Қазақ әдебиеті» га­зетінің соңғы бетінде әзіл мен эпиграммалардың шы­райын ашатын суретші еңбегіне арналған арнайы рубрика ашылады.

Жауынгер жанр саналатын шарж – адамның сыртқы ұқ­састығын айнытпай берумен қатар, ішкі жан-дү­ниесін ашып көрсетуде әзіл-қалжыңға арқа сүйейді. Әр алуан кейіптегі ыржия күлген кейіпкерлер хоры қоғамның боямасыз шын­дығын шырқайды. Күлкі ету ғана емес, мұнда жүрек түкпіріне терең үңілу бар. Бірде жазушы Асқар Сүлей­менов өзі бейнеленген шарж-портретті қолына ал­­ған­да мінезі қияңқы, көп нәрсені жарата бермейтін айна-қатесіз болмысын кө­ріп таңғала «Мені айнытпай салыпты. Ну что же? Ұқсап тұрғаннан кейін амал не? Бір қарағанда мыс­тан кемпір сияқты екенмін. Еркін біздің қасиетімізді де, қасиетсіздігімізді де көр­­сетіп тұр ғой», деп ме­йір­­­лене жымиып алыпты. Қа­зақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбай оның шығармашылығына деген айрықша лебізін «Ка­рикатура королі» деп риза­шылықпен білдіруі бояуы қанық, болмысы анық талант иесін жазбай танығаны болса керек. «Карикатура – мен үшін біздің тұрмыс-тір­шілігімізге деген көзқарас, жа­нымызды ауыртқан дертке дауа іздеу. Карикатуралық суреттер аудар­машыны қажет ет­пейді. Ол көпке ортақ тілде сөйлейді. Ащы сын жеке бір тұлғаға қарата айтылмауы мүмкін, сөйте тұра өз иесін табары да сөзсіз», деген карикатура королі күлкінің ар жағында жазалау емес, жа­нашу жатқанын түсінсе дейді.