Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Павлодар облысы цифрлы хабар таратуға көшті

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде аналогты телехабар тарату өшіріліп, цифрлы жүйеге ауысты. Енді телеарналардың саны көбейіп, хабар тарату сапасы жақсармақ.

Павлодар облысы цифрлы хабар таратуға көшті

Қазір «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалының мәліметінше өңірдегі ауылдық жерлерде отандық 15, ал қалаларда 27 телеарна тегін көрсетіп тұр. Бұл – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мүмкіндігі.

Жоба 2012 жылы басталды. Осы уақыт аралығында облыс аумағында 29 радиотелевизиялық станса салынып, жаңғыртылды.

Сөйтіп, 385 ауылдың 356-сы цифрлы эфирлік хабар тарату аймағына енді.

Ал, қалған 29 ауылды «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизиясы қызметтеріне қосу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде осы уақытқа дейін бұл жүйеге 1630 абонент тіркелді.

- Аналогты хабар тарату жүйесінен цифрлыққа ауысу ерекшелігі – бейне мен дыбыстың жоғары сапалы болуы, әрі мамандардың барлық функцияны онлайн-режимде бақылай алуында,-дейді мамандар.

Облыс тұрғындары жаңа жүйеге қосылу нәтижесінде бұған дейін аналогтық хабар таратуда болмаған «Қазспорт», «Еларна», «KazakhTV», «Балапан» сынды арналардан мазмұнды бағдарламалар мен жаңалықтарды, көркем және деректі фильмдерді тегін көре алады.

Филиал басшысы Айдар Алғазиннің айтуынша, Цифрлы эфир таратуға көшу – уақыт талабы. Үкімет цифрлық хабар таратуды енгізу-еліміздегі Үдемелі индустрияландыру жобаларының бірі деп атады.

Цифрлы технологияның келуі-экономикалық жағынан өте тиімді. Әрі цифрлы хабар таратуда теледидардағы кескін айқын. Сондай-ақ арналардың дыбысталуы да стерео жүйесімен беріледі.

Егер қандай да бір техникалық ақауға байланысты цифрлы хабар таратуға қосылу мүмкіндігі болмаса немесе өзге де сауалдар туындаса, call-орталыққа, яғни 193 нөмеріне, сондай-ақ ұялы телефоннан 4343 нөміріне хабарласуға болады.

Аналогты телевизияны өшіріп, цифрлы эфирлік телехабар таратуға толықтай көшу елімзде бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоба 2021 жылы аяқталмақ.