Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Павлодар қаласының әкімі мәслихат депутаттары алдында есеп берді

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қайрат Нүкенов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жарты жылдықта атқарылған істерді баяндап, алдағы уақытқа белгіленген жоспарларымен таныстырды.

Павлодар қаласының әкімі мәслихат депутаттары алдында есеп берді

Биыл жыл басынан бері облыс орталығындағы өнеркәсіп орындары 387,6 млрд теңгенің өнімін өндірген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38,2 млрд теңгені құрайды.

Ал, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында химия, мұнай-химия және металлургия бағыттарындағы 10 кәсіпорын ашылып, өнімдерін сыртқа экспорттауда.

Аймақтағы кәсіпорындар өндіріс көлемі 22,2 млрд теңгеге жеткізген. Алдағы уақытта мұнда инвестиция көлемі 206,7 млрд теңге болатын 22 жоба жүзеге асырылады. Биыл құны 11 млрд теңге тұратын 7 жоба іске қосылмақ.

Қала әкімі Қайрат Нүкеновтың айтуынша, биыл «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңгеге 79 жоба мақұлданған.

Жыл басынан бері 10 жаңа бизнес орталық жұмысын бастаса, жыл соңына дейін тағы 43 нысан ашылмақ.

Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 46,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджеттік қаражаттар есебінен салынған Сарыарқа шағын ауданындағы №15 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

 Сонымен қатар, жыл соңында пайдалануға берілетін 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Жиын соңында депутаттар жалпы жыл бойы қалалық әкімдіктің атқарған жұмыстарына оң баға берді.

Жуырда ғана қала әкімі болып тағайындалған Қайрат Нүкеновке  мәслихат депутаттары сәттілік тіледі.