Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Ғалымдар адам ағзасынан жүректі емдей алатын жасуша тапты

927 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір барлық елде жүрек-қан тамырлары аурулары белең алып тұрғаны баршамызға аян. Бұл дерттің «құлашын» кеңге жаюына өмір сүру салтымыз, жүріс-тұрысымыз септесіп тұр. Егер 15% жағдайда бұл кесел тұқым қуалайтын болса, қалғаны зиянды әдеттер, қимыл-қозғалыстың аздығы мен артық салмаққа және ылғи отырып істейтін қызметтің үлесінде.

Ғалымдар адам ағзасынан жүректі емдей алатын жасуша тапты

Әрине, бұл мәселеде дәрігерлер де ғалымдар да қол қусырып отырған жоқ. Жүрек-қан тамырлары ауруларының жолын кесіп, емдеудің жаңа тәсілдерін табуға ұмтылып отыр. Өйткені, тепсе темір үзетін, ердің жасы – елуде жүректен кетіп жатқан ер-азаматтар саны көбейіп келеді.

Енді қарап отырсақ, адам ағзасы қалтарыс-құпиясы көп, түпкілікті зерттеліп бітпеген шексіз әлем. Мәселен, адам баласының не үшін ұзақ жасайтынын да оқымыстылар әлі түгел біліп болған жоқ.

Дегенмен, осы  күндері Калгари университетінің ғалымдары бұрын беймәлім болып келген, жүректі емдей алатын және жүрек жақын орналасқан жасушаның  жаңа түрін тапқан. Өз кезегінде бұл зерттеулер емдеудің  жаңа тәсіліне жол ашып беруі ғажап емес. Бұл жаңалық туралы Канададағы Калгари университетінің ізденушілері «Immunity» журналында жариялап отыр.

Ғалымдар жүрек қалташасындағы перикардиальды сұйықтықтағы қанда нақты бір жасушалары бар екенін анықтап отыр. Макрофагтар деп аталатын лейкоциттердің кіші түрі GATA6 түрімен белгілі, нәтижесінде  GATA6+ деп аталатын жедел ақуыздар бөледі. Бұлар өзіндік дәріхананың  мобильді нұсқасы сынды болып келмек. Беймәлім жасушалар қан ағысын қажет етпей-ақ, зақымданған жерге тез жетіп келеді. Өйткені, бұл жасушалар тура жүректің сыртында орналасқан.

Бұл жаңалық туралы ғалымдар тышқандармен жүргізген жұмыстардың нәтижесінде толыққанды баяндайды. Дегенмен олар дәл осы жасушаларды жүрек дертіне шалдыққан адамдардан да тауып отыр. Қысқасы, бұл  зерттеулер миллиондаған науқастарды емдеуге жол ашады, деп есептейді ғалымдар.

«Біз барлық кезде де жүрек сұйықтыққа толы қалташада орналасқанын білетінбіз. Ендігі жерде бұл емдік жасушаларға бай перикардиальды сұйықтық екендігін анықтадық. Демек, бізге де бұл жаңалықтың мүмкіндігін одан әрі кеңейтіп, емдеудің жаңа инновациялық тәсілдерін табуға жол ашылды», дейді кардиохирург әрі осы зерттеулердің авторы Пола Федак. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, жыл сайын Жер бетінде 17 миллион адам жүрек ауруларынан көз жұмады. Ал соңғы жылдары Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларына душар болғандарға қойылатын диагноз  5-7 есеге көбейген. Ал өлім-жітім жағынан біздің ел бұл мәселеде «көш бастайтын» елдердің тізімінде.

Дегенмен, бұл жаңалық толыққанды дәлелденіп, дәрігерлер оны нақты емдеу барысында  пайдаланамын дегенше, әр адам өз денсаулығын өзі күйттей тұрғаны жөн. Жүрек үшін артық салмақтан арылып, қимыл-қозғалысты көбейтудің де көмегі мол.

Жаңа жасушаның табылуы – жүрек ауруларынан арылуда науқастарға жасушалық ем жүргізудің жаңа тәсілі, соны көзқарас болып отыр.



АЛМАТЫ