Канадалықтардың техникасы да, тәжірибесі де керек
Жұма, 24 мамыр 2013 2:06
Қостанай облысына Канаданың Альберта провинциясынан делегация келді. Оның құрамында Альберта үкіметінің және іскерлік орта өкілдері, яғни асыл тұқымды мал өсіретін, генетикалық материал, мал шаруашылығы кешендері үшін құрал-жабдық өндіруге және экспортқа шығаруға маманданған компания менеджерлері мен «герефорд», «ангус» асыл тұқымды ірі қара шаруашылықтарының жетекшілері бар. Облыс басшылығы мен кәсіпкерлері және канадалық делегация кездесуінде екі жақ та ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.
Жұма, 24 мамыр 2013 2:06
Қостанай облысына Канаданың Альберта провинциясынан делегация келді. Оның құрамында Альберта үкіметінің және іскерлік орта өкілдері, яғни асыл тұқымды мал өсіретін, генетикалық материал, мал шаруашылығы кешендері үшін құрал-жабдық өндіруге және экспортқа шығаруға маманданған компания менеджерлері мен «герефорд», «ангус» асыл тұқымды ірі қара шаруашылықтарының жетекшілері бар. Облыс басшылығы мен кәсіпкерлері және канадалық делегация кездесуінде екі жақ та ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді. Негізі ауыл шаруашылығы жоғары дамыған Канадамен Қостанай облысы сауда-саттықты сонау 90-шы жылдардың ортасында-ақ бастап жіберген. Ауа-райы, табиғаты Қазақстанның солтүстік өңірімен тым ұқсас Канададан біздің кәсіпкерлер ауылшаруашылық техникалары мен асыл тұқымды мал сатып алды. Қостанайлық кәсіпкерлер, әсіресе Саскачеван провинциясымен алыс-берісті дамытқан еді.
Делегацияны бастап келген Альберта провинциясының ауыл шаруашылығын және селолық өңірді дамыту министрі Верлин Олсон өздерінің қостанайлықтарға тиімді әріптес болатынын айтты. Бұл провинцияның үштен бірі дамыған ауыл шаруашылығының үлесіне тиеді. Онда 5 миллион бас ірі қара өсіріледі. Бұл бүкіл Канададағы ірі қара санының 40 пайызы болып табылады. Елдегі еттің 70 пайызын осы провинция өндіреді. Альберта мал азығын дайындап, сатуда да алдына ешкімді сала бермейді. Бұл қостанайлық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыратынына облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов сенім білдірді.
– Біз Канаданың ауыл шаруашылығы саясатына ықпалы зор провинциямен ынтымақтастығымызды кеңейткіміз келеді, – деді қонақтарға Нұралы Мұстафаұлы.
Екіжақты кездесуде қостанайлық кәсіпкерлер мен шаруашылық ұйымдастырушылар да сөз алды. Облыстағы «Агрофирма Диев» және «Қайрат» ӨКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Канададан әкелінген асыл тұқымды ірі қараны өсіріп және ауылшаруашылық техникаларын пайдаланып отырған шаруашылықтардың бірі. «Диев» шаруашылығы жергілікті Әулиекөл тұқымының өнімділігін бұрынғыдан да арттыру үшін Канададан үш жүз бастың сыртында «шароле» асыл тұқымды ірі қараның қашары мен өгізшесін әкелген болатын. Шаруашылық директоры Олег Даниленко Канададан әкелінген ірі қараның Қостанайдың суығына тез көндігіп кеткенін, салмақты да жақсы қосатынын айтты. Алайда, канадалық сиырлар жергілікті тұқымдасы сияқты жайылмайды, оларды қысы-жазы қорада ұстап, бағу керек. Бұл, әрине, жергілікті малға қарағанда қымбатқа түсетінін де жасырған жоқ.
Қостанайлық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер техника паркін канадалық қуатты техникалармен жаңартып жатыр. Мысалы, Қамысты ауданындағы «Қайрат» ӨКФ» ЖШС-ның бүкіл техникасы Канададан алынған. Шаруашылық жетекшісі Төремұрат Өтепов канадалық кәсіпкерлерге ауылшаруашылық техникаларын Қостанайда құрастыруды ұсынды. Жалпы, шетелдік техникалардың сервистік қызметін жетілдіру облыстағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін өзекті мәселенің бірі.
Канадалық делегация облыстың Қарабалық және Қостанай аудандарындағы шаруашылықтарды аралады. Кездесуде делегация мүшесі, Альберта провинциясындағы Мал шаруашылығы және ет өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Дэйв Чалак айтқандай, экономикалық байланыс мықты болуы үшін екі жақ та облыс ауыл шаруашылығының қажетін білуі тиіс. Инновациялық-инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің канадалық әріптестерден үйренері де, алары да бар. Мұны қарым-қатынас жиілей келе уақыт та көрсетеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.