Қоғам • 26 Шілде, 2019

Шенеуніктердің қылмыстық тобы

486 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан төрт жыл бұрын жаңадан бой көтерген «Жас өркен» шағын ауданында тозығы жеткен жер үйлер сүрілетін болып, жағымды жаңалыққа балаша шаттанғандардың бірі Анастасия Павловна еді. Күйеуі екеуі бұрынырақ осы маңайдан ескі баспананы сатып алып, кірсе шыққысыз етіп жөндеген.

Шенеуніктердің қылмыстық тобы

Алайда зейнет жасына жеткеннен кейін армандары коммуналдық пәтерге қол жеткізу-тұғын. Міне, соның реті келгендей кейуана еңкіш тарт­қан бойын тік ұстап, анық-қанығын білу үшін қалалық әкімдікке қарай асыққан. Ондағылар, атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі құқықтық жұмыс және мемлекеттік сатып алу секторының меңгерушісі Балкүміс Әмірсейітова мен осы сек­тордың инспекторы Манар Ес­кенова оның алабұртқан қуанышын су сепкендей басқан. Олардың «Не ай­тып отырсыз? Қайдағы сүрілу? Оған бюджеттен қаражат мүлдем қарас­тырылмаған. Қапелімде бере қоя­тын пәтерлер де жоқ» деген жауаптарына имандай сенген. «Ә, солай ма? Жарай­ды онда. Ел-жұрттың қаңқу сөзі шығар», деп салы суға кеткен бо­йы келген ізімен кері қайтқан. Тағы бірде әкімдікке соғып, үйді сату­­ға оқталып жүргенін айтуы мұң екен, ана екеуі жік-жапар болып, мұ­ның ұсынысын бірден қолдап шыға кел­ген. «Қамқоршыларының» жана­шыр­­лық ілтипатына көңілі босап, бұлар­­дан асқан рақымды жандар жоқ­­тай көрінген. Қайдан білсін, сан соқ­ты­рып кететінін, бармақ тістеп қалатынын...

Арада екі-үш күн өтпей жатып, оны іздеп бір жас жігіт келген. «Үй сатады екенсіз ғой? Ауылдан көшіп келетін әке-шешеме іздеп жүр едім», деп сараңдау тіл қатқан. Одан кейін бейнебір мылқау адамша ләм-лим демеген, жақ ашпаған. Тіпті, баспананың ішін көруге де құлқы соқпаған. Сырт­та тұрып саудаласып, тезірек кетуге асық­қан. Бұл болса, оның суыт жү­рі­сіне, өзін қалай тапқанына онша мән бере қоймаған. 24 мың доллар кесім­ді бағаға келіскен. Енді жасы 80-ге таяған, күрделі отаны бірнеше рет өткерген кейуана жылы сөзбен іші-бауырына еніп, тас кенедей жа­бысқан қылмыстық топтың арам пиғыл­дарын кеш ұғынғанына өкінеді. Азапқа толы күндерді, ұйқысыз өткерген түндерді ойласа, бәрінен бұрын төсекке таңылған отағасын қатты аяйды. Оның үйренісіп қалған мекенде тұра берейік деген ақылын алмағанына өзін кінәлідей сезінеді. Екі бөлмелі коммуналдық пәтерге 26 мың долларды санап беріп, таныстардан алған қарыздарын әлі күнге дейін зейнетақыдан шүлен таратқандай үлес­тірумен келеді. Бәрінен де неме­релері іспетті жастардың қу құл­қын үшін адами, имани әдептерді тәрк етіп, жымысқы іс-әрекеттерге баруы қатты шошындырған. Сот бары­сын­да қолмен істегенді мойнымен көтерудің орнына түрлі сылтаулар іздеп, жауапкершіліктен сытылып кету­ге тырысушылығы, өздерін судан таза, сүттен ақ етіп көрсетушілігі жағасын ұстатқан.

Сонымен қылмыстық схема қалай ойластырылған, соған тоқталайық. Әкімдік қызметкерлері Балкүміс пен Манар қаланың бас жоспарына сәйкес, жаңа шағын ауданда үйлердің сүрілетінін, жер телімдерін мемлекет қажеттілігіне сатып алу үшін арнайы шешім қабылданғанын, бұл мақсат үшін қаражат та, пәтер де бөлінгенін жақсы білген. Арам ниеттерін жүзеге асыру үшін екеуі ауыз жаласып, қатар­ларына бірі заңды, екіншісі азаматтық некедегі күйеулері Қанат пен Маратты қосып алған. Осылайша алдын ала іс-қимыл жоспарын құрған. Ол бойынша әрқайсысының нақты мін­деттері белгіленген. Бірі ескі үй­лер жайлы деректер жинақтаумен шұғылданса, екіншісі негізінен шал-шауқан секілді баладай аңқау, сен­гіш клиенттер табуға жәрдемдескен. Баспана иелеріне жалған ақпарат беріп, адастырған. Тығырыққа тіреліп, әрі-сәрі күйге түскен шарасыз жандарды осылайша алдап соғып, пәтерлері мен жер телімдерін сатуға еріксіз көндірген. Делдалдықпен айналысқан Маратқа сыбайластары кімді қармақ­қа түсіруге жөн сілтеп, бағыт беріп отырған. Оңай жолмен ақша табуға әбден құнығып алғандары соншалық, ондаған отбасылардың сеніміне кіріп, үйлері мен жер телімдерін сатып алып, жылжымайтын мүлік ретін­де таныстарының, туған-туыс­тары­ның атына рәсімдеген. Сол баспа­налар­ды бюджеттен берілетін жайлы пәтер­лерге тегін алмастырған. Қитұрқы әрекеттерінің ізін жасыру мақсатымен баспаналарды қайта сатып, 231 миллион теңгені жамбасқа басқан.

Заңды үйлерінен айырылған ие­лері шағымданбағанда бұл қылмыс жабулы қазан күйінде қала беруі әбден мүм­кін еді. Сүрілуге тиісті үйлер­ді се­німді тұлғаларға заңсыз тір­кеген қыл­мыстық топ мүшелері сот ал­дында жауап берулеріне тура келді. Қала­лық соттың судьясы Михаил Гусев алаяқ­тық қылмыс жасады, ірі көлемде мемлекетке залал келтірді деген айып та­ғып, Балкүміс Әмірсейітованы 8 жыл, оның күйеуін 6 жыл 6 ай бас бос­тан­дығынан айырды. Манар Ескенова мен азаматтық некедегі күйеуі 6 жыл 8 айды арқалады. Экс-шенеуніктердің дүние-мүлкі тәркіленіп, бірі өмір бойы, қалғандары он жылға мемле­кет­тік қызметтен шеттетілді. Алайда олар­д­ың адвокаттары үкіммен келіс­­пей­тіндерін, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Адво­кат Әлия Ілкенова прокуратура қыз­мет­кер­лері қылмыстық істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментіне қолма-қол өткізген. Заң бойынша құжаттар кеңсе арқылы жіберілуі тиіс. Тергеу амалдары кезінде басқа да заң бұзушылықтар орын алды. Зардап шегушілердің ешқайсысы алаяқтық жайлы шағымданған жоқ. Олардың заңды түрде өтемақы алғаны дәлелденіп отыр. Барлық іс қос тарап­тың ерікті келісімі арқылы жүргізіл­ді. Мем­лекетке жер, ал тұрғындарға ақша ұсынған әкімдік қызметкерлерін алаяқ­тық жасады, мемлекетке шығын кел­тірді деп кінәлау дұрыс емес. Сатып алынған үйлер заңды түрде рәсім­делген деген уәжді алға тартты. Қа­лалық әкімдік мүлдем басқаша пі­кір­де қалды. Оның өкілі Карина Ж­ү­нісова прокуратура айыптауын қол­дай­тынын жеткізді.

Шенеуніктердің апелляциялық шағымы қылмыстық істер жөнін­дегі сот алқасында қаралып, сотталу­шы­лардың жазасын өтеу мерзімі сәл-пәл азайтылғанымен, негізінен қалалық соттың үкімі өзгеріссіз қалды.

Қылмыстық топ мүшелері болса одан әрі арыздануға бел буып отыр.

 

Петропавл