Қоғам • 26 Шілде, 2019

Гель-лактың қорқынышты қатері

2055 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сүйріктей саусақтарын сәнді етіп бояп, тырнақтарын тап-тұйнақтай күтіп жүруге уақыт табатын қыз-келін­шектерге әрине, қызығасың. Бірақ гель-лак­ты көп қолданатын әйелдердің тырнақтары әбден үлбі­реп, тіпті түсіп қалғанын да көріп жүрген боларсыз?!

Гель-лактың қорқынышты қатері

Сонымен дерматологтар тері обырын қоздыратын маникюрге, оның ішінде әсіресе гель-лакқа әуес бола бермеуге кеңес береді.
Әрине гель-лактың артықшылықтары көп: тез кебеді, жұмсақ, сынғыш тырнақтарды қатайтып тұрады, күтініп жүрсең бір айға дейін бекем сақталады. Алайда, дер­матологтар түптің түбінде мұндай маникюр аса қауіп­ті тері рагына шалдықтыруы мүмкін екендігін айтады.
Өйткені гель-лак тек қана арнайы ультракүлгін сәуле шашатын лампамен ғана кебеді. Және бір рет гель-лак жақтыру үшін кемі үш рет қолды ультракүлгін шамына салуға тура келеді. Бұл сәуле гельді ғана кептіріп қоймайды, теріні де қартайтып, жиі қолдана берген жағдайда рак дертін тудырады.

Мәселе мынада, ультракүлгін сәуле шашатын лампалар ешқандай стандартталмаған және әр сән салоны өзінің білгенін жасайды. Тырнақты сәулелендірудің нақты дозасы жоқ. Ал сән салонына айына бірнеше рет, кемінде бір барып гель-лак жақтырып алатын сәнқойлар жеткілікті. Ультаркүлгін сәулесін жиі алған сайын тері рагының асқыну қаупі одан да арта түспек. Әсіресе бұл қауіп-қатер қолында дақтары бар немесе генетикалық тұрғыда тері аурулары мен қатерлі ісікке бейім адамдарда тіпті жоғарылай түседі.
Мұнан да бөлек, белгілі бірі химиотерапия препарат­та­рын алған немесе антибиотиктер қабылдаған адамдарда ультракүлгін сәулеге сезімталдығы жоғары болады.
Сондықтан да дерматологтар аса бір қажет болмаса, гель-лакты қолдана бермеуге кеңес беріп отыр. Және тырнаққа гель-лак жаққызған жағдайда ұштары кесілген арнайы қолғап киіп, күн сәулесінен қорғайтын май жағып алу керектігін айтады.
Дегенмен, америкалық дерматолог Крис Адигунның айтуынша, ешкім де маникюрге қолына крем жағып бармайды, жағып барған жағдайдың өзінде ол жуылып кетеді. Ал күн сәулесінен қорғайтын кремді қолға ультракүлгін сәулелі лампаға қолды салар алдында кемі 20 минут бұрын жағу керек. Сонда ғана оның әсері болуы мүм­кін. Бірақ үнемі асығыс қыз-келіншектердің тағы да қо­сымша 20 минут күтуге тағаттары жете бермейді.
Ең бастысы, әлі де күн сәулесінен қорғайтын майлар­дың ультракүлгін сәулелендіруге қарсы әсері зерт­телін­беген. Сондықтан да мұндай кремдер қолды ультра­күлгін шамынан қаншалықты қорғай алатыны беймәлім.
Осы сауалдамаға қатысқан келесі дерматолог Джошуа Зайхнер керісінше, күн сәулесіне қарсы маймен болса да қолды сақтандыру идеясын қолдайды. Оның ойын­ша, маникюр маманы тырнақтарды шамның қуысына салар алдында қолды түгел күн сәулесінен қорғайтын креммен майлап шығуы керек.
Дегенмен бұл ұсыныс-пайымдардың барлығы да толайым ғылыми зерттеулерден өтпеген. Есесіне, гель-лакты жиі пайдаланатын қыз-келіншектердің тырнағы үлбіреп, тіпті түсіп қалатынын көзіміз көріп жүр.