Руханият • 26 Шілде, 2019

Мұқағалиға Мүсірепов сыйлаған алтын қалам

3515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғасырлар көшімен бірге жасай беретін ұлы тұлғалардың артына қалдырған рухани мұрасынан бөлек, олардың көзі тірісінде тұтынған бұйымдары да кейінгілер үшін қастерлі мұра саналады. Мұқағали Мақатаевтың туған ауылы Қарасазда орын тепкен музейде ақын өмірінен сыр шертетін мыңға жуық жәдігер сақталған. Соның бірі – Мұқағалиға қаламдас ағасы Ғабит Мүсірепов сыйға тартқан алтын қаламсап.

Мұқағалиға Мүсірепов сыйлаған алтын қалам

Көзге оттай басылатын осы бір алтын қалам әдебиеттің алтын дәуірін қалыптастыруға қомақты үлес қосып, ағалы-інілі болып табысқан қос дарынның арасындағы рухани байланыстың дәнекеріндей көрінеді. Естеліктер былай тұрсын, Ғабит пен Мұқағали арасындағы рухани тоғысудың, сырбаз сыйластықтың зау биікке құлаш ұрғанын мұзбалақ ақынның мына бір өлең жолдары-ақ айғақтайды.


Ғабеке,
Анда-санда сізді көрем,
Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем.
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,
Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең.
Мейіріммен қарайтын Сізді көрем,
Басқалар үміттерін үзді менен...

Иә, бұл ақынның «Ғабаңа» деп аталатын өлеңінің үзіндісі ға­на. Бір-бірін шынайы бағалаған таланттардың таңғажайып сый­лас­тығы туралы кеңінен айтуға болар. Ақындық қуатын дер кезінде таныған көңілі ақ жайлаудай ағасынан алған тәбәрігінің тарихын да творчествоға тиянақты Мұқағали ақ қағазға тіз­бектеп кетіпті. Күнделік жазуды жанына серік еткен ол 1973 жылдың 17 наурызы күні қағазға түсірген жазбасында: «Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде – авт.) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанартауы бар екендігіне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестім. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді. «Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам)», деп жазады.

Ақынның көзінің қарашы­ғындай болған бұл бұйым қала­мының ұшымен дүниені дидарға бөлеген ұлы дарындардың мәң­гілік достығының куәсі секілді. Бүгін­гіге естелік боп есіп, бола­шақ ұрпаққа аңыздай тарайтын әсем сыйластықтың әдемі көрінісі...

АЛМАТЫ