Экология • 26 Шілде, 2019

Жер бетінің жылуына кім жауапты?

579 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адам әрекеті біздің ғаламшар климатын көз ілеспес жылдамдықпен өзгертуде. Бұл туралы бір топ американдық ғалым Nature халықаралық ғылыми журналына жариялаған жаһандық жылыну тақырыбында жасаған зерттеуінде айтады.

Жер бетінің жылуына кім жауапты?

Олар әлемде температураның жылдам өсуі табиғи циклдің бір бөлігі деген деректер мен осы теорияны қолдаушылардың тұжырымын жоққа шығарып отыр. Зерттеушілер жер бетінде температура деңгейі соңғы екі мыңжылдықта болмаған жылдамдықпен өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.  

20-ғасырда басталған әлем елдерінің 98 пайызындағы ауа-райының жылынуы тарихтағы жылы және салқын кезеңдермен салыстыруға келмейді. Көп жағдайда өткен ғасырлардағы ауа райы өзгерістері жергілікті жерлерде байқалса, қазіргі ауа температурасының көтерілуі жер бетінің барлық аймақтарында кездеседі.  

Ғалымдар өз зерттеуінде жер бетінде 2000 жыл ішінде болған б.з.д. 800-1200 жылдар аралығындағы ортағасырлық жылы кезең мен 1300 мен 1850 жылдар арасындағы кіші мұздық кезең секілді климаттық өзгерістерді бақылаған.

Зерттеу нәтижесі өнеркәсіптік революцияға дейінгі тарихта болған жылы және суық кезеңдер ғаламдық сипат алмағанын көрсетті. Екі мыңжылдықта ауа-райының ең жылы көрсеткіші соңғы 150 жылда әлемнің 98 пайыз елінде кездеседі.   

Зерттеу авторларының бірі Нью-Йорктің Колумбия университетінің докторы Натан Штайгер «Бұл табиғи құбылыс болуы мүмкін емес. Тарихқа қарасақ, ауа-райының өзгерістері өңірлік деңгейде болған, мысалы, Еуропадағы немесе Тынық мұхитының орталық бөлігіндегі суық кезеңдер. Олар жаһандық емес, ал қазіргі жылы кезең барлық жер бетінде болып жатыр», дейді.   

Ендігі мәселе, адамдар мемлекеттер мен кәсіпорындардан климатты тұрақтандыру үшін қандай да бір әрекет жасауын талап етеді ме?