Қоғам • 29 Шілде, 2019

Білікті мамандар басқа елді неге бетке алады?

1847 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекеттің еңсе тіктеп, өркен жаюы адам капиталының әлеуетін арттырумен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда көпшіліктің саны емес, сапасы маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда сөз қозғағанда көші-қон мәселесіне мән бермеу мүмкін емес. Өйткені жыл сайын шетелге қоныс аударып жатқан азаматтардың қатары көбеюі, олардың арасында білімді, тәжірибесі толысқан мамандардың көптеп кездесуі, сондай-ақ өзіміздің қаракөздердің де шекара асуы – алаңдатарлық жайт.

Білікті мамандар  басқа елді неге бетке алады?

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жеті жылда Қазақстаннан 300 мыңнан аса адам көшіп кеткен. Олардың 70%-ы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар екен. Соның ішінде жоғары білімді эмигранттар көш бастап тұр. Шетел асқан қазақстандықтардың басым бөлігі Ресейге қоныс аударғанды қолай көреді. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2018 жылы елден 41 894 адам кетсе, оның 36 796-сы Ресей асыпты. ТМД елдерінен тыс Қазақстан азаматтарының жиі көшетін мекені – Германия. Ол жаққа былтыр 2 691 адам кетіпті. Одан кейін эмигранттардың біразы бағыт алған елдер АҚШ (339), Израиль (138), Канада (128) және Қытай (122) екен.

Ал енді келтірілген сандардың мәніне зер салсақ, көшіп кеткендердің көбі көшелі екеніне көз жеткіземіз. Яғни, эмигранттардың денін білімді де білікті азаматтар құрайды. Сөзіміз дәйекті болуы үшін мына деректерді сөйлетейік: 2018 жылы жоғары білімді 12 360 және орта кәсіптік білімі бар 10 306 адам шетелге кеткен. Жалпы белгілі бір саланың мамандарының есебі – 22 666. Осылардың ішінде ең көбі техникалық мамандықты игергендер (7362) екен. Одан кейінгі орында экономистер (3900), педагогтар (2478), медицина мамандары (1225). Сондай-ақ заңгерлер (1080), архитекторлар (516) және ауылшаруашылық мамандары (398) да аз емес. Басқа елде тұрақтап қалу үшін шекара асып жатқан азаматтардың арасында осындай білікті кадрлардың көптеп кездесуі бүгінде бас қатырар мәселеге айналып отыр.

Олардың жоғары білім алып, маман ретінде қалыптасуы үшін мемлекеттен қаншама қаражат, уақыт жұмсалды. Болашағынан зор үміт күтіп, әр саланың әлеуетін арттыруға үлкен үлесін қосады деп отырған мамандардың шетел асуы алаңдатпай қоймайды. Оның үстіне олардың орнын шетелден Қазақстанға қоныс аударғандар толық толтыра алмай тұр. 2018 жылы біздің елге 12 785 адам көшіп келгенімен, кеткен жұрттың есебімен қоса қарағанда ел халқы 29 109 адамға кеміген. Осының ішінде білікті кадрлардың саны бар болғаны – 4 903 адам.

Адам капиталын дамыту экономиканы, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, мемлекеттің экономикалық даму деңгейінің 30%-ы адам капиталының сапа­сына байланысты екен. Сон­дық­тан миграция мәселесін реттеу кез келген мемлекеттің басты назарында болып келеді. Мәселен, 2015 жылы көшіп-қонушылар АҚШ экономикасына – 2 трлн доллар, Германияға – 550 млрд доллар, Аустралияға – 330 млрд доллар, әлемдік ішкі жалпы өнімге 6,7 трлн доллар пайда әкелген. Халықаралық мигранттар халықтың 3,4%-ын құрағанымен, олардың жаһандық ІЖӨ-ге қосқан үлесі 10%-ға жетеді екен. Осы деректерге қарасақ, «басқа ошақтың отын жаққан», яғни елден көшіп жатқан азаматтар өзге мемлекеттің экономикасын көтеруге едәуір септігін тигізеді. Дамыған елдердің бірқатары өздерінің кадр­ларын дайындаудан гөрі шетелдерден білікті, болашағы бар адамдарды көптеп тартуды құп көреді.

Қазақстан азаматтарының шетелге ағыла бастауы 2012 жылдан бастап айқын көрініс тапты. Тәуел­сіздіктің бастапқы жылдарын­да, 2003 жылға дейін елден көшкендердің қатары күрт өссе, 2004-2011 жылдар ара­лы­ғында көші-қон процесі тұрақ­та­нып, иммиграция мен эмиграция ауқымы төмендеді. Ал 2012-2018 жылдары эмигранттардың саны ақырындап көбейіп келеді. Жо­ғарыда айтқанымыздай, шетелге кеткендердің 90%-ы Ресейге қо­ныс­та­нады. Бұл мәселенің мәнін Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова былай түсіндірді: «Қазақстандықтардың шетелге көшуіне ең алдымен әлеуметтік-экономикалық факторлар әсер етеді. Көптеген жастар білім алу үшін шекара асып, кейін сол елде тұрақтап өмір сүріп қалады. Эмигранттардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, жоғары еңбекақы мәселелерімен кетеді. Ал азаматтардың Ресейді бетке алуына бұл мемлекетке тез бейімделіп, жерсінуі, ондағы сапалы білім алуға қолжетімділік және жұмысқа орналасу факторлары үлкен рөл атқарады. Негізінен бұл жаққа білікті кадрлар, техникалық мамандар және экономис­тер қоныс аударады».

Ресейге үдере көшкен халықтың дені орыс ұлтының өкілдері екенін ескеріп, көпшілік бұл жағдайға тарихи отандарына оралып жатыр деген көзқараспен қарайды. Бірақ олардың арасында өзіміздің қара­көз­дер де бар. Былтыр 1 182 қазақ Ресейге тұрақтапты. Алматыда өткен «КИПР» сараптама алаңында әлеуметтанушы Ольга Симакова бұл мәселеге жоғалту тұрғысынан емес, қозғалыс еркіндігі деп қарау керектігін айтады. Оның айтуынша, шетелге кету үрдісі этникалық көші-қоннан еңбек көші-қонына ауысты. Елден көшкендердің әрбір екіншісі орыс болса, әрбір үшіншісі – қазақ. Олар бұл жерде жағдайлары нашар болғандықтан емес, мансап жолын қалыптастырып, өзін өзі жетілдіру үшін кетуде. Сондай-ақ азаматтықтың әртүрлі индексі бойынша Ресей 63-орында, Қазақстан 91-орында тұр. Яғни, ресейліктер 108 елге визасыз бара алса, қазақстандықтар 71 елге кедергісіз саяхаттайды. Халық­тың көшіп-қонуына елдегі әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайдың төмендеуі, тілдік мәселеден туындайтын психологиялық қолайсыздық, көрші мемлекеттердің мигранттарды белсенді тарту саясаты өз ықпалын тигізеді.

Азаматтардың елде қалуына жағ­дай жасау үшін ең алдымен білім беру саласына барынша басымдық беру керек сыңайлы. Бұл ретте ол білімнің нарықта қаншалықты сұранысқа ие екені маңызды. Өйткені оқуды желеу етіп шетел асқан жастардың көбі барған жағында қалып қойып жатыр. Олар жат жерге тез бейімделіп, шет тілдерін еркін меңгеріп алуға қабілетті. Оның үстіне жастардың ойында ғажайып өмірдің бәрі басқа елдерде деген стереотиптің бары рас. Осындай факторлар қаперге алы­нып, Қазақстанда өзгерістер де жаса­лып жатыр. Айталық, Жастар жылында басталған «Жас маман» жобасының шеңберінде сұранысқа ие 100 мамандық бойынша мамандарды дайындау жүзеге асырылуда. Үш жылда 200 мыңнан аса маман даярлау және 15 мыңнан аса оқытушы біліктілігін арттыру жос­парлануда. Сонымен қатар мемлекет жастармен қоса жалпы ел азаматтарын кәсіпкерлікке оқыту үшін күш жұмсап жатыр. Мұндай қадамдар жұмыссыздық мәселесін төмендетіп, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған. Түптеп келгенде, халықтың белгілі бір тобының эмиграциялық көңіл күйін ескере отырып, мемлекет алдында адам капиталының сапасын арттыру мәселесі тұрғаны анық.