Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының, ректорлар кеңесінің, Jas Otan жастар қанатының студенттер Альянсы мен үкіметтік емес ұйымдардың, «ADAL BILIM» жобалық кеңсесінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аталған министрліктің қызметкерлері енген. Комиссия отырысында еліміздегі жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша үлкен дайындық жұмысының қорытындысы шығарылмақ.
Биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламалары топтары бойынша тағайындалады. Грант иегері ЖОО-ға қабылдау кезінде одан әрі қарай оқу үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.
Еске салсақ, 2019-2020 оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс көлемінің 47%-дан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс, IT-технологиялар саласына, 8276 грант педагогикалық ғылымдарға, 4088 грант жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, 2200 грант қызмет көрсету, 1615 грант өнер және гуманитарлық ғылымдарға, 2435 грант ауылшаруашылық ғылымдар және ветеринария, 2183 грант әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика салаларына берілген.
Ал колледж бітірушілер 3040 грантқа таласпақ. Олар қысқартылған формада өз мамандықтары бойынша жоғары білім алады. Биылғы ерекшелік бойынша колледж түлектері бұрынғыдай 4 пәннен кешенді тестілеу емес, 2 бейінді пәннен ғана сынақ тапсырды. Жекелеген категориялар үшін квоталар қарастырылған (жетім балалар, мүгедектер, ауыл жастары, қазақ диаспорасы және т.б.).
Тағы бір атап өтерлік жайт, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында ауыл жастары үшін 5109 грант бөлінді.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 64 452 адам қатысып жатыр, олардың 52 337-сі қазақ тілі бөліміне, 11 757-сі орыс бөліміне, 87-сі ағылшын тілі бөліміне түсуді қалайды.
Конкурсқа қатысушылар ішінде 5 824 «Алтын белгі» иегері, жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың 224 жеңімпазы, жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың 128 жеңімпазы, республикалық және халықаралық спорттық сайыстардың 336 жүлдегері бар. Олар тек ҰБТ балдары тең болған жағдайда ғана артықшылыққа ие болады.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша білім беру гранттарын тағайындау нәтижелері жылдағыдай «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттеріне жарияланады.
Айта кетейік, көп балалы отбасылардан шыққан талапкерлер мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қосымша 5 мың грант негізгі конкурстан кейін берілмек. Ал жергілікті атқарушы органдардың грантына өтініштерді қабылдау 5-10 тамыз аралығында өтеді. Білім гранттарын тағайындау 25 тамызға дейін жүргізіледі.