Органикалық тыңайтқыш әзірлеу
Сенбі, 1 маусым 2013 2:06
Өсімдіктің өмір сүруі үшін ең алдымен оған қоректік заттардың қажет болатындығы түсінікті. Оны олар топырақтан алады. Шөп өскен сайын топырақ құрамындағы қоректік заттар да азая түседі. Сондықтан оны толтырып отыру үшін топыраққа кезең-кезеңімен органикалық тыңайтқыштар сіңіріледі. Мұнан кейін минералды тыңайтқыштар беріледі. Органикалық тыңайтқыштарды мал қалдықтарынан, өсімдік тектес қалдықтардан және басқа да заттардан әзірлеуге болады.
Сенбі, 1 маусым 2013 2:06
Өсімдіктің өмір сүруі үшін ең алдымен оған қоректік заттардың қажет болатындығы түсінікті. Оны олар топырақтан алады. Шөп өскен сайын топырақ құрамындағы қоректік заттар да азая түседі. Сондықтан оны толтырып отыру үшін топыраққа кезең-кезеңімен органикалық тыңайтқыштар сіңіріледі. Мұнан кейін минералды тыңайтқыштар беріледі. Органикалық тыңайтқыштарды мал қалдықтарынан, өсімдік тектес қалдықтардан және басқа да заттардан әзірлеуге болады.
Қазіргі күні өсімдік шаруашылығымен шұғылданатын мамандар мен бағбандардың көпшілігі көбінесе органикалық тыңайтқыштарға мән беріп, минералды тыңайтқыштарды қолданудан бас тартып жүр. Мұндағы негізгі мақсат ақша үнемдеу емес, неғұрлым экологиялық тұрғыдан таза өнім өндіруге келіп саяды. Сондықтан біз төменде диқандар мен бағбандар үшін неғұрлым қолжетімді және арзанға түсетін органикалық тыңайтқыш түрлері туралы ғана әңгіме қозғамақпыз.
Сабан мен шөп. Бұларды тауып алу оншама қиындыққа түспегенімен, көптеген адамдар олардың топырақ тыңайту қасиеттеріне көп мән бере бермейді. Негізінде сабан мен шөп көптеген пайдалы қасиеттерге ие. Солардың бірі, олардың өз бойларына суды сіңірумен ұстап тұру қасиеті. Мәселен, сабан өз бойына өзінен 3 есе көлемді суды сіңіре алады. Сабан қалдықтары микроорганизмдермен бірге өңделген кезде, өсімдікке түрлі ауруларға қарсы беріктік беретін экотол заттарды өндіріп шығарады.
Сабаннан тыңайтқыш былайша әзірленеді. Түпсіз ағаш жәшікке бір қап сабанды аударады да, оған 8 литрдей малдың кіші дәретін құяды. Басқа қоспаны әзірлеу үшін 1 килограмм мал нәжісін 10 литрдей суға араластырып, жәшіктегі сабанға құяды. Бұл жұмыстарды көбінесе қыркүйек айында жүргізеді. Сөйтіп, жоғарыдағыдай қоспалармен араластырылған сабан қыс бойы жатады. 1 жыл өткен соң, сабан толық шіріндіге айналады. Оның түсі күңгірт-қоңыр болып келеді де, арасынан шіріндіге айналған сабан қалдықтары көрініп тұрады. Міне, осы тыңайтқышты көктемде өсімдіктер отырғызған кезде топырақ тыңайтқышы ретінде қолданады.
Ағаш үгінділері. Көптеген бағбандар ағаш үгінділерінің топырақ тыңайту қасиетіне көп мән бере бермейді. Білген жағдайдың өзінде, оны дұрыс пайдаланбайды. Тіпті, кейбір бағбандар өсімдіктің тамырына ағаштың жас үгінділерін себеді де, күзде одан мол өнім күтіп жатады. Бұл дұрыс емес. Ағаштың жас үгінділерінің өсімдікті сарғайтқаннан басқа, көп пайдасы бола бермейді. Өйткені, ағаш үгінділері шіру барысында өз бойына топырақтағы азотты мейлінше мол сіңіреді. Сөйтіп, өсімдік үшін қажетті қоректі жеп қояды. Өсімдіктің сарғаюы осыдан пайда болады. Демек, топыраққа тыңайтқыш. үшін жартылай шіріген ағаш үгінділерін пайдалану қажет. Осы үшін оларды бір жерге үйіп жинайды да, оларға азот тыңайтқыштарының қоспаларын себеді. Оған құстардың нәжісін араластыруға болады. Ескеретін бір мәселе, ағаш үгінділеріне компост қоспайды. Өйткені, ол үгіндіні шіріту үшін тым көп уақыт қажет.
Ағаш үгінділерінен әзірленген тыңайтқышты таңқурай, қарақат, қарлыған жемістерін өсіру үшін пайдалануға болады. Ол үшін үгінді тыңайтқыштарын жеміс ағаштарының түбіне 5 сантиметр қалыңдықпен жайып, араластыру қажет. Мұндай жағдайда жеміс ағаштарының тамыры арамшөптерден жақсы қорғалады.
Ағаш жапырақтары. Көптеген бағбандар күзде ағаш жапырақтары қурап, топыраққа түскен кезде оларды жинап алып қажеті жоқ деп есептейді. Бұл дұрыс шешім. Бірақ, жеміс ағаштарының түбіне құлаған қураған жапыраққа әдетте зиянкес жәндіктер үйір келеді. Сондықтан, ең дұрысы оларды мезгілінде жинап алып, сақтап қою. Қыс бойы сақталып шіріндіге айналған жапырақтарды тыңайтқыш есебінде көктемде қайта орнына төккен жөн болып есептеледі.
Ол үшін күзде жиналып алынған жапырақтарды бір жерге үйеді де, олардың үстіне құс нәжістерімен араластырылған сулы қоспаны құяды. Мұндай кезде күзгі жаңбырлар жапырақтарды бүлдіреді деп қорқуға болмайды. Өйткені, бір жапырақтың өзі өз бойынан 5 есе мол су сіңіре алады. Егер ағаш жапырақтарынан тыңайтқышты көктем кезінен бастап әзірлейтін болсаңыз, ол күзге дейін толық шіріндіге айналады.
Тыңайтқышты өткізу жолдары. Тыңайтқышты өткізудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Соның бірі, өзіңіз танитын диқандар мен бағбандарға күні бұрын хабарласып, алдын-ала келісім жасап қою. Сондай-ақ, сіз өзіңіздің тыңайтқыш әзірлеп сататыныңыз туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жарнама бере аласыз, немесе хабарландыру жазып, оларды жұрт көбірек жиналатын көрнекі орындарға іліп қоюға болады. Егер сіз бұл іспен жүйелі түрде шұғылданатын болсаңыз, бірте-бірте сіздің тұрақты тұтынушыларыңыз да пайда болуы тиіс. Яғни сіз бұл кәсіпке бейімделген сайын, сізге тыңайтқышты өткізу ісі де жеңілдей беретін болады. Қазіргі уақытта біздің елімізде органикалық тыңайтқыш іздеушілер қатары жылдан-жылға артып келеді. Тыңайтқыш әзірлеп сату осы жағдайдың барысында жыл өткен сайын неғұрлым тиімді бизнес түріне айналып келе жатқандығын есіңізге саламыз.
Тыңайтқыш әзірлеу шығындары. Бұл іс бәлендей шығынды қажет етпейді. Өйткені, оны әзірлеуге күрек, тырма секілді бау-бақша құрал-жабдықтары болса жетіп жатыр. Ал қажетті өнімді сіз қадағалап жүріп, шашылып жатқан жерінен су тегін жинап ала аласыз.
Тыңайтқыш сату кірістері. Тыңайтқыш сату кірістерін белгілі бір көрсеткіштер арқылы есептеп шығудың өзі қиын. Өйткені, бұл бизнес түрі біздің елімізде әлі дұрыс қалыптаспағандықтан, оны сату мүмкіндігіне байланысты әртүрлі баға бойынша есептеуге болады. Сіз бұл өнімді өз мүмкіндігіңізге, өзіңіз орналасқан өңірдегі қалыптасқан жағдайға байланысты тым арзанға немесе тым қымбатқа да сата аласыз. Қалай алып қарағанда да, тыңайтқыш әзірлеп сату өзін-өзі еселеп ақтайтындығына шек келтірмеңіз. Өйткені, оны әзірлеу барысында сіздің еңбегіңізден басқа шығын шыға қоймайды және оны әзірлеудің өзі қиын шаруа емес. Сіз бұл іске біраз көңіл бөліп, аздап қимыл-қозғалыс жасасаңыз, соның өзі жетіп жатыр.
Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады.
http://eco-soil.ru/htmls/navoz.htm
http://ru.wikipedia.org/wiki/D0%9D%D0%B0%D0%B2%D0%BE%D0%B7
http://ogorod-info.ru/content/view/6033
http://www.countrysideliving.net/articles/Organic-Fertilizers.html
Әзірлеген
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».