Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Жұмсақ контейнер шығарады

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе индустриялық аймағының әлеуеті жылдан-жылға өсіп келеді. Мұнда жаңа өндіріс ошақтары бірінен соң бірі құрылуда. Солардың бірегейі – ұсақ, төгіліп қалатын жүктерді тасымалдауға арналған жаңа құрылғы. Оған FIBC KAZAKHSTAN деген ресми атау берілген.

Жұмсақ контейнер шығарады

Бейнелеп айтқанда, оны жұм­сақ контейнер немесе берік қап­шық­тар десе де болады. Олардың жүк көтеру қуаты 500-ден 2000 кило аралығында. Тұтас бір фаб­рика қызметін атқара алатын бірегей құрылыстың жобасын 4 кезең бойынша жүргізу көзделген. Оған жұмсалатын қаражаттың көлемі 1 миллиард теңгені құрайды.

– Алғашқы кезде қаржының жартысы игеріліп, соған сәйкес қап­шық­тар­ды тігетін және піше­тін цех іске қосылды. Елімізде баламасы жоқ өзгеше өнімді пайдалану арқылы тағамдар мен күкіртті және цемент пен құмды тасымалдаудың, сақтаудың жаңа мүмкіндіктері ашылды әрі осы тектес тауарларды тиеу мен түсірудің тиімді тәсілі өндіріске енгізілді, – дейді «Ақтөбе ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Руслан Мамунов.

– Жаңа кәсіпорын­ның ашылуы Ақтө­бе полимер фабрикасы құрылысы бірінші кезеңінің аяқталуымен тұспа-тұс келеді. Бүгінде мұнда 30 адам жұмыс істейді. Фаб­ри­каның жұмысы ауыр жүк көтеруге тө­зім­ді поли­про­пиленді матаны әзір­леу­ден бас­талады. Сондық­тан да біз ең алдымен жобаның осы қырын жоспарлап отырмыз, – деді жаңа кәсіпорынның директоры Ботагөз Тайбөкенова.

Ақтөбе индустриялық айма­ғы­нан тың кәсіп иелеріне 2 гектар жер бөлінген. Оған барлық қолай­лы жағдай жасалып, инже­нер­лік желілер тартылған. Бүгінде кәсіпорын жетекшілерінің маркетингтік талдаулар жүргізуге баса назар аударып отырғаны да өнімге деген сұраныс көлемін көбейтуге көмегін тигізері анық. Әрине мұндағы негізгі тапсырыс берушілер тау-кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындары болмақ.

Жаңа кәсіпорындарда өнім сапасына айрықша көңіл бөлін­ген. Қажетті шикізат әзірге Ресей­де­гі Челябі және Ярославль қалаларынан жеткізіліп жатыр.

Қазіргі кезде FIBC KAZAKHSTAN ком­паниясының не­гіз­гі тұтыну­шысы «Теңіз­шев­ройл» ком­паниясы болып отыр. Мен­шік иелерінің аз уақыт ішінде азуы алты қарыс компаниямен бірге жұмыс істеу тәжірибесін орнықтыра білгені де атап айтуға тұрарлық. Бүгінде аталған екі тарап өнімді жеткізу мен тұтыну жөнінде өзара келісімшарт жасаған.

Кәсіпорын жобалық қуа­ты­ның 40 пайыздық деңгейінде іске қо­сылған. Қолда бар жабдықтар мен өндірістік машиналар жылына 30 мың вагон сынасы мен 300 мың жұмсақ контейнер шығара алады. Ал жоба толық қуатына қосылған кезде жылына бір миллион дана қатты қапшық шығарылмақ. Сондай-ақ жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде өндірістік цехтың аума­ғы мен көлемі одан әрі ұлғая­ды деп күтілуде. Ал соңғы үшінші кезеңінде полипропиленді жетіл­ді­руге арналған цех құры­лы­сы мен шикізат базасын әзірлеу ісі қолға алынбақ.

 

АҚТӨБЕ