Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Табиғат байлығы тиімді пайдаланылуда

721 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі табиғаттың байлығын тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл әсіресе экономика саласына тың серпін беріп, отандық кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосады. Сонымен қатар, жүздеген жұмыс орны ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да септігін тигізеді.

Табиғат байлығы тиімді пайдаланылуда

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше назар аудару керектігін баса айтқан болатын. Табиғат байлығын тиімді пайдалану мақсатында Сарысу ауданында «Жаңатас жел электр стансасының» құры­лысы басталды. Себебі ауданда Аққырқа және Арыстанды Қарабас желінің қуаты ерекше. Осы бір табиғат байлығын игерудің тың жолы ретінде құрылысы басталған стансаның басты мақсаты жергілікті тұрғын­дарды жұмыспен қамту және аудан­да жұмыссыздар санын азайту болып отыр.

Аталған станса Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округінде орналасқан. Құрылысы басталған нысан 2020 жылы ақпан айында іске қосылатын болады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, электр қуатын бөлу схемасы әзірленіп, республикалық «KEGOG» акцио­нерлік қоғамының келісімі алынған. Бүгінгі таңда аталған стансаның құрылысын жүргізуші бас мердігер ретінде Қытай Халық Республикасының «China Power International Holding» компаниясы анықталған. Қазіргі кезде компания өкілдігі мен жұмыс­шылары Сарысу ауданына келіп, құрылыс алаңында дайындық пен жобалау жұмыс­тарын жүргізуде. Мұнда жұмыс­шыларға қажетті контейнерлер қойылып, тиісті техникалар жұмылдырылған.

Салынып жатқан «Жаңатас жел электр стансасының» жалпы қуаты 100 мВт-ты құрайды. Бүгінгі таңда жел энергиясы елімізде қарқынды дамып келе жатқан сала. Бұл кәсіпкерлер үшін жел күші арқылы электр энергиясын өндіруде тиімді инвес­тициялық жобалар болып саналады. Ал Сарысу ауданында салынып жатқан жел электр стансасы еліміздің өңірлері арасында жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға бағытталған. Жалпы, жел электр стансасы желдің кине­тикалық энергиясын электр энергиясына түрлендіретін қондырғы. «Жаңатас жел электр стансасы» жел қозғалтқышынан, электр тогының генераторынан, сол жел қозғалтқышы мен электр тогының генераторын автоматты түрде басқаратын құрылғыдан тұрады. Желдің күші қондырғының қалақтарын айналдырып, генератордың білігін қозғалтады. Ал генератор өз кезегінде электр энергиясын өндіреді.

Сарысу ауданына арнайы келген қытайлық мердігер компания өкілдері Го Цян, Чжан Лян, У Аньцзян, Вэй Ли және өзге де азаматтар бұл жобаның өңір экономикасы үшін барлық жағынан тиімді екенін айтады. Бұл ретте Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек те ма­ңызды жобаның ауданның одан әрі өркендеуіне қосатын үлесінің мол екеніне тоқталды. Сонымен қатар аудан әкімі құ­рылысқа қажетті барлық заттарды жергілікті жерден алуды ұсынып отыр. Тағы бір мәселе, станса ашылатын Түркістан ауылдық округінде тұратын тұрғындар мен өзге де мал баққан азаматтардың қауіпсіздігі. Бұл ретте жергілікті азаматтардың қауі­псіздігіне баса назар аударылып отыр.

Жалпы, аталған жобаны «Жаңатас жел электростансасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған. Бүгінде құры­лысы қарқын алған станса аяқталғанда төрт мезгілде де тынымсыз соғатын Аққырқа мен Арыстанды Қарабас желі өңір экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосатын болады.

 

Жамбыл облысы