Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Саябақтағы аттракцион

890 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалалық демалыс және мәдениет саябағы жұртшылықтың ең бір сүйікті орны саналады. Әсіресе, жаз маусымында келушілерге лық толып кетеді. Көбі – балдырғандар. Қызықты каникул күндерін осында өткізуге ауыл балалары да асық. Әткеншектердің түр-түрі бар.

Саябақтағы аттракцион

Жүрек жұтқандары әжептәуір биіктікке көтеріліп, шыркөбелек айналғанды ұнатса, тәуекел ете бермейтіндері қы­зық­таумен ғана шектеледі. Жыл өткен сайын осында ор­на­лас­қан аттракцион­дар паркінің әлеуеттік қуаты артып, жаңа құ­рыл­ғылармен толығып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жеңілдікті несиемен бірнеше әткеншек сатып алынса, енді сервистік қызметтің сапасын жақсартуға бет бұрған тәрізді.

«Мир аттракционов» ЖШС-нің директоры Александр Коз­ловтың айтуынша, жаңа жүйе енгізілгелі бір орталықтан бас­қару мүмкіндіктері әлдеқайда жеңілдеген. Функционалды опе­рациялар «R-Keeper» бағдар­ламасы арқылы атқарылады. Демалушылар енді әр кассаға жүгіріп, әуре болмайды. Бұл да бірыңғай төлем картасының ар­­тық­шылығы. 10 миллион теңге­нің құрылғысы пайда­мен жұмыс істейтініне еш күмәніміз жоқ. Қа­зірдің өзінде шығынымызды едәуір азайтып отырмыз, дейді ол.

 Петропавл демалыс және мәдениет саябағы еліміздегі ең үздіктердің қатарында. Аумағы абат­тандырылып, қарағай, қайың, емен ағаштары жайқала өсіп тұр. Кезінде «Хрустальное колесо», «Золотой пони Москва» секілді айтулы халықаралық бай­қауларда жүлдегер атанғаны тегін болмаса керек. Осы се­беп­ті болар, 32 аттракцион қала­лықтарға мінсіз қызмет етіп тұр. Бір маусымда орта есеппен 70-75 мыңдай адам серуендеуге келетін көрінеді.

 Бір «әттегенайы», өткен жыл­дан бері аттракциондық қон­дырғыларды міндетті сертифи­каттау талабы енгізілгелі шет­елдік стандарттар жарам­сыз болып қалыпты. Ал Қазақстанда аттракциондық техникалар шы­ғарумен айналысатын кә­сіпорындар жоқтығы мате­риал­дық-техникалық базаны жа­ңалауға қолбайлау болып отыр­ған тәрізді. Қаражат табыл­ға­нына қарамастан...

 

ПЕТРОПАВЛ