Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Ақтауда хирургтың қамалуына орай баспасөз мәслихаты өтті

927 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігерінің үстінен қозғалған іс бойынша Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Бозшагулов Қаржау Қазтұрғанұлы және судья Сүйеуова Гүлмира Алашқызының қатысуымен брифинг өтті.

Ақтауда хирургтың қамалуына орай баспасөз мәслихаты өтті

Мәлім болғандай дәрігер Н. Отарғазиев облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде немересін қаратуға келген азаматшамен сөзге келіп, түсінбеушілік кезінде бір-бірін балағаттаған. Жеке бастың ар-намысына тиетін сөздер айтылған, екеуара жанжал кезінде айналасындағыларға кедергі келген. Тексеріс барысында, Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігер Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен 1 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданған. Мамандардың айтуынша, аталмыш дәрігердің атына бұған дейін де арыз түсіп,  яғни, Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 05.03.2019 жылғы қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған.

-Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Сот қаулысына тараптар он тәулік iшiнде апелляциялық шағым немесе өтінішхат келтіре алады, деді Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Сүйеуова Гүлмира.

Сондай-ақ, екінші тарап та Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеу жөнінде шешім шығарылған.

Маңғыстау облысы