Шөпке айдаса тақырға неге қашамыз?
Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:21
«Ақтаудан арнайы экономикалық аймақ ашылды» деген әңгіме құлағымызға шалынғалы оншақты жылдың жүзі болды. Жаңалық жақсы болғанмен, жақсы нәтижесін көріп жарыта қойған жоқпыз. «Айқайлатып» ашылған кәсіпорындардың алды «күлді-көмешке» айналып бара жатқандай, оның үстіне атшаптырым аумақты алатын айлапат алаңның бос жатуы да көңілді қоңылтақсытпай қоймайтын… Тақырыпта айтылған оймен арнайы экономикалық аймақ табалдырығын аттадым.
Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:21
«Ақтаудан арнайы экономикалық аймақ ашылды» деген әңгіме құлағымызға шалынғалы оншақты жылдың жүзі болды. Жаңалық жақсы болғанмен, жақсы нәтижесін көріп жарыта қойған жоқпыз. «Айқайлатып» ашылған кәсіпорындардың алды «күлді-көмешке» айналып бара жатқандай, оның үстіне атшаптырым аумақты алатын айлапат алаңның бос жатуы да көңілді қоңылтақсытпай қоймайтын… Тақырыпта айтылған оймен арнайы экономикалық аймақ табалдырығын аттадым.
«Арнайы экономикалық» деп айдар тағылған бұл аймақтың ерекшелігі – кәсібін келістіріп, елімнің дамуына үлес қосамын деген оймен сүбелі істі қолына алған кәсіпкерге кеден, салық, жалдау, виза, еңбек тәртібі сынды бағыттарда түрлі жеңілдіктер берілуі. Ал аймақта тоғысатын екі тараптың мүдделері маңызды, мүмкіндіктері мол – инвестор инфрақұрылымы бар, әкімшілік тосқауылдары шектелген, түрлі салықтардың болмауынан шығындары аз ахуалға қол жеткізсе, мемлекет шетел инвестицияларын, өндіріс пен қызметтің озық технологияларын тартып, жаңа жұмыс орындарын құра алады, сондай-ақ экспорттық қорды дамыта отырып, импорттың орнын басуға ұмтылады.
Республикадағы осындай он арнайы аймақтың бірі – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы теңіз жағалауынан бастап қанатын кеңге жайып жатыр. 2 000 гектар жер 7 субаймаққа бөлінген. Мемлекетіміздің Маңғыстау облысында индустриялық-өнеркәсіптік кластер құрудағы алғашқы қадамдарының бірі болып табылатын аймақтың «теңіз» атын жамылуы тегін емес. Экономикалық дамуда даңғыл дәліз болады деп күтілетін Каспий теңізіне шығу басты мақсат болса, өлкеде мұнай-газ көмірсутектерінің мол қоры болуы, сондай-ақ Маңғыстаудың ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік көлік бағыттарының қиылысында орналасқан тоғыз жолдың торабы болуы да аса маңызды. Алайда, осындай мүмкіндіктерге ие бола тұра Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақтың далиып бос жату себебі неде? Әлде, «шөпке айдаса тақырға қашудың» кебі ме?
–Арнайы аймақтың жұмысында баяулық байқалса, оның да өзіндік себептері бар. Әйтсе де қарап отырғанымыз жоқ. 2003-2007 жыл аралығында, яғни бас-аяғы 4 жылда біз бес жобаны іске асырдық. Инвесторлардың субаймаққа қызығушылығы жоғары, бірақ инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу қиындығы жұмысты біраз тежелтіп келеді. Біз жерге газ, су, электр қуатын апарып, жол салсақ, осы жерде өз кәсібін бастағысы келетін инвесторлар көп, бірақ қазір олар жалаңаш жерге келгісі келсе де келмей отыр, –дейді «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының басшысы Ә.Төлегенов.
Бірінші қиындықты инфрақұрылым тарту, құжаттастыру жұмыстарының күрделілігімен түсіндірген Ә.Бекбасарұлы екінші қиындықтың әр облыстағы арнайы экономикалық аймаққа міндеттелген кластерлік бағыттарға қатысты туындайтындығын айтты. Мысалы, Павлодар облысына энергетикалық хаб, Атырау облысына мұнай кластерін дамыту, Алматы облысына жаңа технология бойынша жұмыс жүргізу тапсырылса, туризмді қолға алу Щучьенің үлесінде. Маңғыстау облысына химия өнеркәсібін дамыту бағыты, яғни химиялық өнеркәсіп өнімдерін өндіру, дайын металл бұйымдарын өндіру, резеңке және пластмасса бұйымдары, тұрмыстық электр аспаптарын, сондай-ақ машиналар мен жабдықтарды, металл емес өнімдерді және тері бұйымдарын өндіру, металлургиялық өнеркәсіп, қоймалық шаруашылық және көмекші көлік қызметі, мұнай-химиялық өнімдерді, ілеспелі, шектес өндірістер мен технологияларды өндіру, фармацевтикалық өнімдер – дәрі-дәрмектерді өндіру жүктелген. Бұлардың өзі одан әрі жіліктеліп, бөліне түседі екен. Мәселен, осы аймақта әу баста планшеттік компьютерлер, телевизорлар мен мониторлар шығармақ боп талаптанып, біраз шаруаның басын қайырып тастаған «Caspiy Elektronics» ЖШС жаңа технологиялар кластері міндеттелген Алматы қаласында жұмыс жүргізуге тиісті болып шыққан. Бұл кепті дәрі-дәрмек жасауды қолға алмақ болған «Ча-Кур» ЖШС де киіпті. Бастапқыда химия өнеркәсібінің аясында фармацевтикалық бағыт болғанмен, кейін ол ажыратылып, салдарынан «Ча-Кур» Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болмай шыға келеді. Шетелдерден түрлі жабдықтар әкеліп, біраз қаржы шығарып үлгерген кәсіпорын тағдыры осылайша қыл үстінде қалады. Тек басшылық пен мамандар араласып, жоғары орындарға барып тапжылмай қорғауы нәтижесінде «Ча-Кур» өз құқын қайта иеленсе, «Caspiy Elektronics» ЖШС жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Бұл жағдай біздің көп инвесторлардан айрылып қалуымызға соқтырып тұр, дейді Ә.Бекбасарұлы.
Оның айтуынша, 2020 жылға дейін аймақта 20-шақты жоба іске қосылмақ. Қазір 2007 жылға дейін іске қосылған 3 жоба, 2011 жылы ашылған 2 жоба ғана өз жұмысын жалғастыруда, одан бері бірде-бір жобаның тұсауы кесілмеуінің себебі жоғарыдағыдай қиындықтар екен. Бұлардың арасында белгілі бір кәсіпорынға байланысты келгендіктен болашақ жұмысты үйлестіруінде бұлыңғырлық байқалатындары да бар. «Keppel Kazakhstan» ЖШС теңіз металл құрылымдары зауыты Қашаған кен орнына, мұнай құбырларын шығаратын «Arsellor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ «Теңізшевройлға» келген. Қазір жобалары жолға қойылған кәсіпорындар өз міндеттерін абыройлы атқаруда. Биылға және алдағы екі-үш жылға полиэтилен құбырларын өндіру, оффшорлық контейнерлер шығару, экологиялық таза кеме жанармайларын дайындау, болат және полимерлі орауыштар өндіру, лифт жасау, мұнай және минералды тыңайтқыштар өндіру секілді ондаған жобалар жоспарланған.
Қазір тиісті министрліктер алдында 4 жоба қорғаудамыз. Оның бірі – трансформатор зауыты. Осы өнімге елімізде сұраныс өте көп. Тек Маңғыстаудағы мұнай саласының өзі жылына 500 млн. теңгеге трансформатор алады. Нарықты 70 пайыз Қытай, 30 пайыз Ресей қамтып отыр. Соны өзіміз неге қолға алмасқа? Сондай-ақ кабель өнімдері де өтімді. Басқа өңірлерді айтпағанда, Маңғыстау жылына шамамен 5 млрд. теңгеге жоғарыда айтылған үлеспен Қытай мен Ресейдің өнімдерін алып отыр. Осы тұтыну бұйымдарын өзімізде өндіріп, еліміздің және таяу шетелдердің рыногына енсек дейміз. Алдымызда үлкен мақсаттар бар. Индустриялық-инновациялық жобаларды дамыта отырып, бөлшектерді жан-жақтан жиып емес, жоқтан бар жасау арқылы қалыптасқымыз келеді, деген Әмірбек Төлегенов шаруашылық бағыттағы шағын ұшақ құрастырудың, шекараны күзетуге, теңіз тыныштығын сақтауды қадағалауға қолданылатын орталық пульт арқылы басқарылатын ұшқышсыз ұшақ жасаудың негізі бар екендігін айтты.
Басшысының айтуынша, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы еліміздегі өз әріптестерінің арасында алдыңғы қатарда келеді екен. Мемлекет жұмысты үйлестіруге 6 млрд. теңге қаржы бөлген болса, бұл аймақ тек әлеуметтік және зейнетақы салығы секілді міндетті салықтар есебінен-ақ оны игере алған. Ал он жыл ішінде жұмыс жасап тұрған 6 зауытпен 192 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, республикамыз бойынша барлық АЭА-лар өндірген жалпы кірістің 50 пайызын қамтамасыз етіпті.
Сонымен, 2000 гектар жерде небары 5-6 кәсіпорын ғана түтін түтеткен Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақтың бүгінгі ахуалы «тақырға қашу» ма, әлде жұмыс жасауға әзір мүмкіндігі жоқ «тақырдан қашу» ма?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.