Владимир Ким – Қазақмыс тобының президенті
Жұма, 7 маусым 2013 1:47
Қазақмыс тобы Владимир Кимнің топ президенті лауазымына кіріскені туралы хабарлайды. В.Ким мырза бұл компанияда 1995 жылдан бері жұмыс істеп, бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Бірнеше мыс активтерінен құралған әуелгідегі Қазақмысты өндірістік бірлестік тұрпатынан Орталық Азиядағы аса ірі табиғи ресурстарды өңдеуші компаниялардың ықпалдасқан тобына айналуына ықпал етті.
Жұма, 7 маусым 2013 1:47
Қазақмыс тобы Владимир Кимнің топ президенті лауазымына кіріскені туралы хабарлайды. В.Ким мырза бұл компанияда 1995 жылдан бері жұмыс істеп, бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Бірнеше мыс активтерінен құралған әуелгідегі Қазақмысты өндірістік бірлестік тұрпатынан Орталық Азиядағы аса ірі табиғи ресурстарды өңдеуші компаниялардың ықпалдасқан тобына айналуына ықпал етті.
Қазақмыс 2005 жылы Лондон қор биржасында листингтен ойдағыдай өткен соң, Владимир Ким Қазақстан тарихында алғаш рет халықаралық ашық компанияның Директорлар кеңесі төрағасы тізгінін қолына ұстады. Халықаралық деңгейге шығу компанияға әлемдегі алпауыт мыс өндірушілер тізімінде тұрақтауына, корпоративтік басқару мен жариялы есептіліктің сапасын жақсартуға, топқа кіретін активтердің тиімділігін арттыруға және өндірісті кеңейту бойынша ірі жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруға мүмкіндік туғызды. Бұдан бұрын хабарланғанындай, акционерлердің жыл сайын болатын жиналысында, яғни биыл өткен басқосуында мынадай маңызды жәйт жарияланды. Директорлар кеңесіне 8 жылдай жетекшілік еткеннен кейін және де корпоративтік басқарудың халықаралық стандарттарына сәйкес, Владимир Ким өкілеттігін тәуелсіз директор Саймон Хилге өткізіп берді. Бірақ ол Директорлар кеңесінің мүшесі болып қала береді. Ал Қазақмыс президенті ретінде компаниядағы өзінің үлестерін еш өзгертпестен топты одан әрі дамытуға белсене атсалысады.
Қазіргі кезде Қазақмыс тобы Орталық Азия өңірінде жалпы сомасы 6 миллиард АҚШ доллары болатын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үстінде. Бағдарламаның басым бағыты – Қазақстандағы Бозшакөл және Ақтоғай мыс кен орындарын кеңінен игеру екен. Бұл кеніштер Қазақмыстың өндірістік қуаттылығын елеулі түрде арттырып, қадамын қарыштап бастырады.
– Өткен 8 жыл ішінде біз айтарлықтай алға ілгерілеп, тікелей – ықпалдасқан өндірістік холдингті қалыптастыруды аяқтадық, активтерді шоғырландырып, олардың тиімділігін едәуір көтеріп, корпоративтік басқаруды жақсарттық, халықаралық қаржы рыногына қатысуымызды нығайттық, сөйтіп ірі жобаларымыздың өсіп-өркендеуіне қолайлы қаржы құюға қол жеткіздік. Аталған іс-шаралар Қазақмыстың барынша қарқынды дамуына жол ашады. Біздің алдымызда сонымен бірге қолданыстағы өндірістің тиімділігін көтеру және бірқатар ірі жобаларды атқару сияқты жауапкершілігі мол жұмыстар тұр. Компанияны дамытудың осындай маңызды кезеңіне қатысуды зор мәртебе санаймын. Мақсатымыз айқын, ал жетістіктерге жету үшін Директорлар кеңесі бар күш-жігерін жұмсауға әрдайым әзір, – дейді Қазақмыс тобының президенті Владимир Ким.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».