Қоғам • 30 Шілде, 2019

Жолаушы сенген жолсерік қылмыскер болса...

549 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қыркүйек айында «Нұр Сұлтан-Нұрлы жол – Ақтөбе» бағытындағы №98 жолаушылар пойызында болған зор­лау оқи­ғасы бойынша Қостанай қалалық №2 сотында үкім шық­­ты. Қыл­мыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша кінәлі деп та­­ныл­ған жол­серіктер Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құр­ма­ния­зов 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандықтарынан айырыл­ды. Ай мен күннің аманында пойызда қаннен-қаперсіз келе жатқан жо­­лау­­шының зорлануы қоғамның наразылығы мен ашу-ызасын тудырды. Ал қорланған жәбірленуші өз-өзіне қол жұмсауға да әрекеттенген.

Жолаушы сенген жолсерік қылмыскер болса...

Прокурор наразылық білдіре ме?

Шынын айту керек, соттың бұл үкімінің жаңғырығы зорлау де­ре­гінің шуынан да кем бол­ған жоқ. Оның себебі де бар. Қоғам­дық пікірдің қақ жарылуына жол­серік­терге бастапқыда ал­дын ала келісіп, топтасқан зорлау дерегі бо­йынша айып тағы­луы да себеп болды. Прокурор олардың әрқай­сы­сына 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостанд­ығ­ы­нан айыру жазасын сұраған болатын.

Бірақ істі қараған Қостанай қалалық №2 сотының судьясы Саты­балды Оразбай кінәлі адамдар­ды Қылмыстық кодекстің 120-бабы­ның 1-бөлігіне сай келе­тін әрекет жасады деп танып, топтасып зорлаудың болма­ғаны­на көз жеткізгенін көрсетті. Судья алдын ала сөз байласу ар­қылы топтасып зорлауда зорлық­шы­лардың бірі әдетте жәбір­лену­шінің аяқ-қолын ұстап, аузын алақанымен басады немесе қорқыту амалдарын жасаса, келесісі жымысқы әрекетін жүзеге асыратынын, ал бұл жолы ондай жағдай болмағанын айтты. С.Оразбай қылмыстың жай ғана зорлау бабына ауыстырылғанын осылайша түсіндірді.

Сонымен қатар жолсерік­тердің бұрын соттал­мағаны, тұрғылықты мекендері бойынша жақсы мінездеме берілгені және біреуінің екі кішкентай баласының болуы да үкімнің жұмсағырақ болуына әсер еткен. Соның өзінде жолсеріктер кінәлі деп танылған бап бойынша жоғарғы жаза – бес жылға бас бостандығынан айыру еді.

Ал әуелгі іс қозғалған топтасып зорлау тармағы қылмыс­кер­лер­ді 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін.

С.Оразбай бұл істен жазаны қатаңдатуға негіз боларлық себеп те көрмеген. Бірақ судьяның уәжі неге күмән тудырып отыр? Оның себебі мынада сияқты – түн ортасындағы қылмыскерлердің шошынған жәбірленушінің қар­сы­ласпақ түгілі, дауыс шығаруға да дәрмені болмайтыны анық. Ал оның қарсылық көрсетпеуі оның аяқ-қолын ұстап тұруға, ауызын басу қажеттілігін сылып тастайды емес пе...

Есесіне, бұл іске байланысты кінәлі деп танылған адамдардың жазасы жеңіл деп санайтын қоғам өкіл­дері әлеуметтік желілерде сот шешімін қызу талқылап жатыр. Мәселен, белгілі заңгер, Алматы қалалық адвокаттар алқа­­сының адвокаты Джохар Өте­беков Facebook желісінде судья­ның шешімін сынға алды.

«Әріптестер жұмыс орнында бір-бірімен байланысы жоқ екі рет зорлық көрсетеді. Іс жүзінде мен мұны түсініңкіремеймін. Есесіне, судьяның топтасып зорлау бабын дұрыс бағаламайтынына көз жеткізіп отырмын. Топтасып зорлауды біреуі жәбірленушіні ұстап тұрып, екіншісі зорлады деп түсіну қате. Егер қыл­мыс­керлер кезектесіп зорла­ған болса да, бұл топтасып зорлау дегенді білдіреді. Жоғарғы сот­тың зорлауға байланысты қау­лысында мұндай жағдайдың анық-қанығы ашық жазылған», деп үн қатты адвокат.

Сот отырысынан кейін жәбір­ле­нуші тарап та сот үкімімен келіспейтіндіктерін білдіріп, сот­тың жоғары сатыларына арызданатынын мәлімдеді.

Әлбетте, соттың қоғамдық пікір­дің ығында кетпегені жөн. Бірақ соттың үкімі судьяның білік­тілігі мен сот жүйесінің жұ­мы­сына күмән тудырмауы да тиіс. 

Ал еліміздің Бас көлік проку­роры Ернат Сыбанқұлов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақ­шасында: «Бас көлік прокура­ту­расы «Нұрлы жол – Ақтөбе» бағытындағы №98 пойыз вагонында болған жолаушыны зорлау дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот жарыссөзі барысында прокурор айыптауды толық көлемде қолдап, кінәлі адамдарды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанын хабарлайды. Сот өзге шешім қабылдады. Қазіргі кезде сот үкімінің заңдылығы мен негізділігі зерделенуде», деп жазды. Демек, бұл іске нүкте қойылды деп есептеуге әлі ерте.

Зорлау – ақтауға жатпайды

Бұл даулы іс «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры­ның басшысы Дина Смаи­ло­ва­ның Facebook парақ­ша­сындағы жазбасы арқылы жұртшылыққа жетіп, істің Қостанай мен Ақтөбенің соттарында жабық жағдайда қаралу мерзімі ұзаққа созылды.

«26 қыркүйек күні кешкі сағат 10-дар шамасында бойжеткен «Тальго» пойызының купесіне отырады. Купе ішінде отырған ер адамды көреді. Заттарын қойып, пойыз мейрамханасынан тамақ­танып келеді. Вагонына орал­ғанда купе ішінде қызметтік формасын жеңіл киімге ауыс­ты­рып киген жолсерік отырады. Ол әуелгі кірген ер адамды басқа купеге ауыстырып жібер­генін айтады. Қыз ұйқысы келге­нін түсіндіріп, жолсеріктен купеден шығуын өтінеді. Сыра ішіп отырған жолсерік тек жарты сағаттан соң шығып кеткен. Алайда, таңғы сағат 04:00 шамасында жолсерік бойжеткен жатқан купеге өз кілті арқылы ашып кіреді. Мұнан соң жолсерік жымысқы іс-әрекетін жүзеге асырады. Ізінше екінші жолсерік те келіп, бойжеткенді зорлаған», деп жазды Дина Смаилова.

Қылмыстық істің екі қалада қаралуына қыздың Қостанай облысының аумағында зорлануы себеп болған. Іске байланысты барлық сараптамалар зорлаудың болғанын дәлелдеп берген.

Әрине, сотта кінәлі деп та­ныл­­­­ған «Тальго» пойызы жол­серіктерінің жақындары сот­талу­шыларға шаң жуытпай, ақта­лып шығуына барынша сенді және бұл мәселеге байланысты қоғамдық пікірге өз көзқарастарын сіңіруге тырысты.

Бірақ қай уақытта болсын, жәбірленушінің жағдайы, киім киісі, жүріс-тұрысы, тіпті ерсі қылықтарының өзі оны зорлауға негіз болмаса керек. Моральдық тұрғыдан қарасақ, ол да біреудің қызы, қарындасы немесе әпкесі. Ал құқықтық мемлекетте әлсізге зәбір көрсету – шектен шыққан сорақы қылмыс. 

Ақпарат құралдарындағы деректерге қарағанда, жәбірленуші шетелде білім алған, орташа кәсібі, ғылыми дәрежесі бар қыз. Елордаға ғылыми конференцияға қатысу үшін барып, кері оралған сапарында зорлықшыларға тап болған.

Бұл сұмдық оқиғадан соң жәбірленуші күйзеліске түсіп, пси­хо­логтардың көмегіне жү­гі­­нуге мәжбүр болған. Ал қыл­мыскер деп танылған жол­се­рік­тер­дің мемлекеттік айыптаушы сұраған мерзімнен аз жазаға кесілуі туралы хабар тиген бойда жәбірленуші, тіпті қапаланып, аурухана төсегінен бір-ақ шыққан.

Өз кезегінде «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Ақтөбе» бағы­тын­дағы №97/98 жолаушылар по­йызында болған зорлау оқиғасы «Жолаушылар тасымалы» акцио­нер­лік қоғамының беде­ліне нұқсан келтіріп, сенімге селкеу түсіргені анық. Сол себепті де Ұлттық тасы­мал­даушы  «Қазақ­стан Рес­пуб­ли­ка­сының заң­на­ма­сы­на сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша көрсетілген пойыз жолсеріктерімен еңбек қатынасы үзілді. Компания зорлау фак­ті­лерінің орын алуына жол беріл­ме­уі тиістігін мәлімдейді және осындай әрекеттерді айыптайды. Сондай-ақ аталған оқиға болған сәттен бастап осындай оқиғаларға жол берілмеу керек­ті­гі бойынша компанияның барлық қыз­меткерлерімен нұсқаулықтар өткі­зілді. Қызметкерлердің меди­ци­налық тексерістен өтуі­не, соның ішінде психологтар мен нарколог-дәрігерлердің қоры­тын­дыларын алуына қосымша тек­серістер жүргізілді», деген хабар­лама таратты.

Компанияның деректеріне қарағанда, 2020 жылдан бастап жолсеріктерге арналған психолог кабинеттері ашылады, сонымен сервистік персонал қыз­мет­­керлерін кезектен тыс аттес­­тациялау жоспарланған екен. Осы жоспарларға қарап-ақ Ұлттық тасымалдаушының өз қызметкерлерінің психо­ло­гия­лық жағдайынан секем алып, әрекеттенгені көрініп тұр. Бірақ абыройды қайта жинау ұзақ уақыт алары сөзсіз және барша жолаушы, оның ішінде қыз-келіншектер жолсеріктерге күмәнмен қарап, тыныш ұйықтай алады деу қиын.

Бұл кезекті оқиға Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабының барынша қатаңдатылып, кінәлі деп танылған зорлықшыларға ең ауыр жаза тағайындалуға ықпал ете ала ма? Өйткені қыл үстінде қыз тағдыры, ана тағдыры тұр.