Қоғам • 30 Шілде, 2019

«Еңбек» бағдарламасы 700 азаматқа жұмыс береді

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет үйінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев пен вице-министр Ақмәди Сарбасов министрліктің бірінші жартыжылдықтағы жұмысы және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының атқарылуы туралы баяндады.

«Еңбек» бағдарламасы 700 азаматқа жұмыс береді

«Үкіметтің шешімімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі жұмыссыз­дықты жыл сайын 0,1 пайызға азайтып отыруы тиіс. Бұл үшін республика бойынша жыл са­йын кемінде жаңадан 370 мың жұмыс орны ашылуы керек. Биылғы жартыжылдықта 186 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл былтырғы алғашқы алты аймен салыстырғанда 7 пайызға артық», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жыл­қы­баев. Министрдің бірінші орын­баса­ры­ның айтуынша, жыл басынан бері сауда саласында 24 мың, құрылыста 18 мың және ауыл шаруашылығында 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – жаңа жұмыс орындары ең көп ашылып жатқан салалар. Өңірлерге тоқталар болсақ, Алматы қаласы мен Маңғыстау және Алматы облыстарында жаңа­дан жұмыс орындары көп­теп ашылып жатыр.   

Министрліктің мәліметінше, жұмыспен қамту және халықты жаппай кәсіпкерлікке тартудың ең тиімді құралдарының бірі – «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы. «Бағдарлама ашылғалы бері бюджеттен 194 млрд теңге бөлініп, бұл өз кезегінде 1 млн 200 мың адамның «екі қолға бір күрек» табуына мүмкіндік берген. Ал биыл осы бағдарламаға 124 млрд теңге бөлініп, 700 мың азаматқа жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Былтыр бағдарлама бойынша 600 мың адам жұмысқа орналасқан еді», деді ол.

Е.Жылқыбаевтың айтуынша, бағдарлама негізінен төрт бағытта жұмыс істейді. «Бірінші бағыт – қысқамерзімді кәсіптік оқыту. 1 шілдедегі жағдай бойын­ша 22 мың азамат оқытылып, бү­гінде оның 3 мыңы оқуын аяқтап, жұмысқа орналасты», деді ол.

«1 қыркүйектен бастап тегін тех­никалық және кәсіптік оқуға 23 мың азамат жіберіледі. Олар­дың стипендиясы 30 пайызға көбейіп, 21 800 теңге болды. Аталған бағдарлама бойынша оқыту­шылар мен білім беру мекемелері төмендегі талаптарға сай болуы тиіс: Оқуды аяқтаушылардың кемінде 60 пайызы жұмысқа орналасуы; қысқамерзімді оқыту тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы; өндірістегі тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы және оқыту мекемелерінің техникалық базасы қазіргі заманға сай болуы қажет», деді министрлік өкілі. Бірінші вице-министрдің айтуынша, осындай талаптарға сай келетін қазір 615 мың білім беру мекемелері бар.

«Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағыт бойынша 84 млрд теңге қаражат қаралып отыр. Оған 19 мың азамат ілігеді». Бағдарлама бо­йынша 4 мыңдай шағын несие берілген. Оны алғандардың 3200-і ауыл азаматтары болса, қалған 800-і – қала тұрғындары.  Соның ішінде стартап жобаларға 2100 шағын несие берілсе, жеке істі кеңейтуге 1402 шағын несие берілген. Шағын несие алу­шылардың арасында әйел­дер­дің үлесі артып келе жатыр. Көр­сеткіш былтырғыдан 33 па­йыз­ға артып, 2000 мыңға жетті. Биыл шағын несие алған кәсіп­кер­лердің өзі 5 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашты», деді бірінші вице-министр.

Үшінші бағыт – жұмыс күші артық өңірлердегі азаматтарды жұмысшы тапшы өңірлерге көшіру. Бұл бағыт бойынша 4 мың азамат оңтүстіктен солтүс­тікке көшті. «Жыл соңына дейін біз 10 мың азаматты көшіруіміз керек», деді ол. Е.Жылқыбаевтың айту­ынша, Үкімет қоныс аудару­шылардың отбасындағы әрбір азаматқа 88 мың теңгеден субсидия бөледі. Сонымен қатар бір жыл бойы үй жалдауға және ком­муналды қызмет төлемдері өтеледі.

Сонымен қатар министр­лік елде сұранысқа ие маман­дық­тарды көптеп даярлау мәселесін қозғады. Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елде 3D модельдеу инженері, IT ма­ман­дары, сәулетші, дизайнер мен туризм саласының маман­дары тапшы екен. Бұдан бөлек, нақты ғылымдардың оқыту­шы-педагогтары мен электр­дәне­кер­леу­шілер мен газдә­некер­леу­шілерге сұраныс жоғары екені айтылды.