Технология • 30 Шілде, 2019

Ауыр өнеркәсіп те жасанды интеллектіге мұқтаж

1049 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпорындар цифрлы технологияларды игеруді мықтап қолға алмақ. Мәселен, металлургтердің жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні енгізу көзделген. Бұл туралы елдегі тау-кен металлургия саласын цифрландыруға арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

Ауыр өнеркәсіп те жасанды интеллектіге мұқтаж

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министр­лігі Индустриялық даму жә­не өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов ішкі жалпы өнімнің шамамен 6,7%-ы тау-кен метал­лургия кешеніне тиесі­лі екенін, сондай-ақ өнер­кәсіп­­тік өндірістің 25%-ын, экс­порт­тың 24%-ын осы сала алып жатқанын айтты. Бүгінде  саладағы кәсіпорындардың саны 800-ден асып, 185 мың адам жұмыспен қамтылған. Комитет төрағасы соңғы 10 жылда индустрияландыру бағдарламасы арқылы тау-кен металлургия кешенінде 114 жоба іске қосылғанын жет­кізді.

– 2015-2019 жылдар ара­лы­ғында елімізде төртінші өнер­­кәсіптік революция та­лап­тарына сай келетін  жаңа қондырғылармен жарақ­тал­ған заманауи тау-кен метал­лургия кешендері іске қо­сыл­­ды. Жуырда ғана YDD фер­­ро­қорытпасын өндіретін ав­то­маттандырылған зауыт жұмыс істей бастады. Оның өндірістік қуаты жылы­на 180 мың тонна. 2021 жылға қа­рай бұл көлемді 240 мыңға ұл­ғайту жоспарланған. Ерек­шелігі сол, өндірісте жаңа тех­но­логиялар қолданыла­ды. Атап айтқанда, көмір­дің орнын электр энергиясы ал­­мас­­тырған. Бұл атмос­фе­ра­ға тарайтын зиянды қал­дық­тар­ды азайтуға септесіп отыр, – деді Қанат Баитов. 

Мекеме өкілі 2025 жыл­ға дейін кен өндіру және өңдеу өнеркәсібін циф­р­лан­дыру шеңберінде 1,7 трлн теңге сомасына 192 жо­баны жүзеге асыру жос­пар­лан­ға­нынан хабардар етті. Оның эко­но­микалық пайдасы 2, 2 трлн теңгені құрайды деп күтілуде.

Ал «Қазмырыш» кәсіп­оры­ны цифрландырудың тиімділігін арттыру үшін арнайы жол картасын әзірлеп, оған 7 жоба енгізді. Шы­ғыс­тағы алпауыт компания әсіресе жасанды интел­лектіге ерекше ден қоймақ. Осы ар­қылы еңбек өнімділігін ұлғай­тып, жаңа мамандардың буынын қалыптастыру мақсаты қойылған.

– Big data – яғни үлкен де­ректі басқаруды енгізу қар­қын алып, негізгі кезең­ге келді. Бұл жоба өндіріс­ті ілгерілетумен қатар, эко­номикалық модельге оң әсер беруі тиіс. Ең бастысы, барлық шаруаны бір орталықтан басқарып, шешуге көмектесетініне сенім­діміз. Тағы бір ауқым­ды ин­нова­циялық жобамыз – өзін-өзі оқыту жүйесіне негіз­дел­ген жасанды интел­лекті­мен байланысты зауыт­тың іске қосылуы. Индустрия 4.0-ді негізге алсақ, ойымызға бірден киберфизикалық жүйе­лер оралады. Қарапайым тіл­мен айтқанда, жаңа технологиялар операторға үлкен көлемдегі деректерді игеруге ықпал етуге тиіс, – дейді «Қазцинк» ЖШС бас дирек­торының цифрлы трансформация бойынша кеңесшісі Максим Гайфулин.

Дегенмен бұл салада да шешілмеген мәселелер бар дейді спикерлер. Бұл бірінші кезекте білікті мамандардың тапшылығына қатысты. Қазір елдегі ауыр өндіріс орындарында саланы жетік білетін IT-мамандар тапшы.